Аймақтар • 16 Мамыр, 2023

Сазгер көшесіндегі саябақ

3805 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеуде ерекше орын алатын бірнеше тетік бар. Соның бірі – отбасы институты. Қазақтың данагөйлері отбасындағы тәрбиенің маңызын «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген бірауыз сөзбен түйіндеген.

Сазгер көшесіндегі саябақ

Тегінде тал бойына әке мен шеше­нің тәлімді тәрбиесін, отбасылық құн­ды­лықтарды сіңірген ұрпақтың осал бол­майтыны анық. Сол себептен, отба­сы­лық құндылықтар дәріптелетін күн ха­лықаралық деңгейде атап өтіледі. Осы­ған орай Атырауда әр жастағы ерлі­-зайыптылар ғана емес, барша тұр­ғын­дар­дың демалыс орнына айналатын отбасы сая­бағы ашылды. Өңір тұрғындарын облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисем­биев­ Отбасы күнімен құттықтап, бұл мере­ке­нің маңызына тоқталды.

– Отбасы күні тек елімізде ғана емес, әлем елдерінде де халықаралық мәнге ие болған. Бұл күнді атап өту тірші­лік атау­лы­ның жанданатын көктемнің шуақ­­ты кезеңіне сәйкес келуінің өзіндік мәні бар. Ал қазақтың «Отан отбасынан бас­талады» дейтін керемет тәмсілінің астарында ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудің тіні ата-ананың тәлімімен ұштасып жатыр. Өйткені мемлекеттің дамуы мен қоғамның қалыптасуына ұрпақ тәрбиесінің тигізер маңызы зор, – деді Жасұлан Бисембиев.

Әкім орынбасарының айтуынша, өңірдің әр саласында отбасылық династия бар. Мәселен, отандық экономиканың жетекші саласына айналған мұнай-газ өнеркәсібінде Балғымбаев, Бал­жа­нов, Бешімов, Бөлекбаев, Қара­­мұрзиев, Мырзағалиев, Оржа­нов­, Өтебаев, Өте­ғалиев, Шыр­да­баев­, Марабаев, Досмұ­хам­бетов, Жұма­ғалиев, Огай әулет­терінің еңбек жолын бүгінгі ұрпағы абыройлы­ жалғастырып келеді. Ал Басаролла Харе­совтің отбасын дәрігерлер динас­тиясы деуге болады. Үшінші буынға жалғасқан дәрігерлік кәсіпті екі уролог, фтизиатор, окулист, невропатолог, стоматолог, жалпы тәжірибе дәрігері жалғастырып келеді. Мұндай династиялар мемлекеттік қызмет, теміржол, ауыл шаруашылығы, білім мен мәдениет саласында да бар.

– Атырау қаласында тұрғындардың демалыс орнына айналған саябақтар аз емес. Енді соның қатарына Отбасы саябағы қосылды. Қазақтың саз өнеріне мол мұра қалдырған сазгер, Қазақстанның халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің есімі берілген көшедегі алаңды Отбасы саябағы деп атауға шешім қабылдадық, – деді Ж.Бисембиев.

Жаңа саябақтың ашылуына жарасымды жанұялық жұп құрып, өнегелі ұрпақ өсіріп отырған отбасылар жиналды. Сондай отбасының қатарындағы Теміржан Сандашев пен Биғайша Жолмұханова 57 жыл бұрын шаңырақ көтерген. Қазір балаларынан өрбіген немерелерінің бал қылығын қызықтап отыр.

Өмірі де, өнегесі де ұлағатқа толы үлкендер отбасылық құндылықтар, ұрпақ тәрбиесі жөнінде әңгіме өрбітті. Ал немерелері түрлі тақырыпқа сурет салып, ата-әжесіне, әке-шешесіне сыйға тартты. Ағаш пен темірден, өзге де материалдан түйін түйген қолөнер шеберлері ұлттық нақыштағы бұйымдарын жұртшылық назарына ұсынды. Бұл күні жаңа саябаққа жеміс ағаштарының көшеті егілді.

 

Атырау облысы