Руханият • 17 Мамыр, 2023

Тарихы тереңге бойлаған кітапхана

792 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Елдің елдігі сынға түскен уақытта ұлттық рухани байлығымызды сақтап, келер ұрпаққа дәріптеп, бүгінде мәдени-ағарту орталығына айналып отырған жүз жылдық тарихы бар кітапхананың рөлі айрықша. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстан Кітапханалар одағының төрағасы Бақытжамал Оспанованы әңгімеге тартқан едік.

Тарихы тереңге бойлаған кітапхана

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

– Бақытжамал Қайырбекқызы, тұ­ғы­ры биік, экономикасы қуатты елі­міз­де ұлтымыздың тарихы мен же­тіс­тік­­терін кеңінен насихаттап жүрген кітап­­хананың қалыптасу кезеңіне тоқ­тал­­саңыз...

– Бүгінгі таңда Ұлттық кітапхана 7 млн бірліктен астам бай кітап қоры және 50 мыңға жуық оқырманы бар, елімізде жетекші ғылыми-әдістемелік орталыққа айналып отыр. Ұлттық кітапханада жинақталған, білімнің барлық саласын қамтитын заманауи құжаттар мен қазақстандық газет-журналдардың, қолжазбалық құжаттар мен алғашқы бас­па өнімдерінің, ноталы-музыкалық басылымдар мен күйтабақтардың бірегей қоры, шын мәнінде, халқымыздың баға жетпес мұрасы. Сонымен қатар бізде ғылымның барлық саласы бойынша қорғалған Қазақстан мен ТМД елдері ғалымдарының кандидаттық әрі докторлық диссертацияларының ғылыми қоры, авторефераттары сақталған.

Оқырмандар саны күннен-күнге артып, олардың ақпаратқа еркін және шектеусіз қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында кітапхана қоры оқырманның талғамына сай отандық және шетелдік өзекті тарихи, ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиеттермен, сондай-ақ мәдени, ғылыми және көркем құндылығы жоғары басылымдармен, басқа да ақпараттық ресурстармен толықтырылады. Кітап қорын жетілдірудің негізгі көзі басылымдардың міндетті тегін даналары ұлттық репертуарды барынша қамтамасыз етіп келеді. Кітап қоры мемлекеттік бағдарламалар, сатып алу, сыйға тарту, халықаралық кітап алмасу және басқа да жобалар арқылы қамтылады.

Кітапхана «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген басылымдардың депозитариі. «Бабалар сөзі», «Қазақ халқының философиялық мұрасы», «Әлемдік философиялық мұра», «Әлем әдебиеті кітапханасы», «Әлемдік саясаттану антологиясы», «Әлем­дік әлеуметтану антологиясы», т.б. серия­лармен жарық көрген басылымдар біре­гей­лігімен және қайталанбас туындыларымен­ ерек­шеленетін халқымыздың мәдени мұра­сы­ның ажырамас байлығына, рухани құнды­­лықтарына айналды.

Көне қолжазбалар, алғашқы қазақ кітаптарының топтамасы, шығыс бас­па кітаптары, орыс, батысеуропалық көне баспа кітаптар сақталған сирек кездесе­тін кітаптар мен қолжазбалар қоры – біз­­­дің мақтанышымыз. Соның ішінде зерт­теу­шілер үшін ғылыми қызығушылық тудыратын ХІІ-ХІХ ғасырлардағы тарих, география, медицина, математика, философия және лингвистика туралы шығыс қолжазбаларының бай қоры аса құнды.

– Өзінің құндылығымен ерек­ше­ле­не­тін қолжазбаларды атап өтсеңіз?

– Сирек қорда сақталған мұраның ішінде ең көнесі – куфа жазуы нұсқасындағы XII ға­сырдың Құраны және XVIII ғасырда насих үлгісіндегі ең үлкен Құран. Сондай-ақ парсы ақыны Фирдоусидің көне әдеби тілдегі «Шахнаме» (XVIII ғ.), 2003 жылы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдар­ламасының Халықаралық тізіліміне енгі­зілген Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хик­меттер» (XIX ғ.), «Рисала: Миратул-қулуб» (XVIII ғ.), «Насабнама», яғни Қожа Ахмет Ясауидің ата-тегі туралы шежіре (XVII ғ.) және Сүлеймен Бақырғанидің «Хикметтер» (XVI ғ.) қолжазба кітаптары – баға жетпес жазба ескерткіштері.

Одан кейін алғашқы қазақ бас­па­­ ­кі­тап­­тарындағы қазақ әдебиеті клас­­сик­те­рі­нің еңбектері, қа­зақ­ ағарту­шы­ла­рының кө­зі­ ті­рісіндегі басылымдары, мы­салы, Ы.Алтынсарин, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабаев, М.Ду­ла­тұлы­ шығармалары бар. Алғашқы мер­­­з­імді басы­лымдардың, оның ішінде «Түр­­кіс­тан уалаятының газеті», «Қазақ», «Айқап», «Садақ», «Абай», «Шол­пан», «Жас қазақ», «Таң», «Еңбек­ші қазақ», «Советская степь» газет­тері, «Әдебиет майданы», «Әйел тең­ді­гі» газет-журналдары сақ­талған. Қазақ қо­ға­ми өмірінің шежіресі бол­ған бұл ба­сы­лымдардың халықтың ұлт­тық­ сана-сезі­мі­нің­ оянуына шексіз үлес қос­қаны белгілі.

Өкінішке қарай, уақыт өткен сайын жаз­ба­ ескерткіштері физикалық жағынан ескі­ріп, тозады, қор сақталымының тиісті дең­­гейде қамтамасыз етілмеуі салдарынан­ құжат­тардың ішінара немесе толық жоға­лу­ қаупіне әкеледі. Сондықтан жаңа тех­но­ло­гия­лардың дамуы мен жаһандану дәуірінде хал­қымыздың аталған асыл мұраларын сақ­тап қалу өзекті мәселе болып тұр. Осы бағыт­та кітап қорын кең ауқымды сандық бел­гі­леу бойынша жұмыстар күнделікті жүр­гізіледі. Құжаттарды ұзақмерзімді сақ­­тау мақсатында кітапхананың Кон­сер­вация, қалпына келтіру және түп­теу­ қызметімен алдын алу шаралары, құ­жат­тар­ды биологиялық, физика-химиялық тұрақ­­тандыру, зарарсыздану, өңдеу, басқа да іс-шара­лар жүзеге асырылады.

Бүгін­гі оқырманды тек кітаптар ғана қызық­тырмайды, оған жаңа мүмкіндіктер қажет. Сондықтан оқырманға дәстүрлі қызмет­пен бірге, электронды кітапханалар, каталог­тер мен дерекқорлар ұсынылады. Бұл тұрғыда біздің мамандарымыз енгіз­ген Web-РАБИС республикалық авто­мат­тан­дырылған кітапханалық-ақпараттық жүйе­ пайдаланушылар үшін жан-жақты қарастырылған.

– Еліміздегі кітапханалардың ғы­лы­­ми-әдістемелік орталығы ретінде өңір­­лік кітапханаларға қалай қолдау көр­­се­тесіздер?

– Біздің кітапхана өңірлердің ғылыми-әдістемелік орталығы ретінде жүйелі көпжақты қызметті жүзеге асырып, қызметтің барлық бағыты бойынша әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсетеді. Ұлттық кітапханалық жүйенің құқықтық негіздерін қалыптастыруға, кітапхана ісін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді, нұсқаулықтарды, стан­дарттарды әзірлеуге қатысады. Кітап­ха­на ісінің жағдайын зерттеп, сараптаумен­ және оның дамуын болжаумен айналы­са­ды, стратегиялық басымдықтарын анық­тап, тиімді әдістемелік шешімдерді қабыл­дайды. Осы бағытта республикадағы кітап­хана ісінің жағдайы бойынша өңір­лік­ кітапханалардың жыл сайынғы ста­тис­ти­ка­лық мәліметтер негізінде әзірленетін «Қазақ­стан кітапханалары. Мәліметтер. Сан­дар» ақпараттық-сараптамалық жина­ғы­ республика кітапханалары туралы негіз­гі көрсеткіштер жөнінде толық мәлі­мет­терді береді.

Өкінішке қарай, аймақтардағы кітап­ханашылардың кітапхана ісін жаң­ғыр­тудың өзекті бағыттары бойынша бұрын алынған білімі мен дағдыларын жетіл­ді­руге мүмкіндіктері жоқ. Дегенмен Ұлт­тық кітапханада республика кітап­ха­на­шы­ларының кәсіби білім деңгейлерін арт­тыру мақсатында арнайы ашылған Ката­ло­ги­за­тор және Жазба құжаттарын консервация­лау­ және қалпына келтіру мектептері жұ­мыс істейді. Оларда оқу-үйрету және тәжірибелік курстар, семинарлар, кәсіби тағылымдамалар, кеңестер өткізіледі. Оқу курстарынан өтуге сұраныс көбейіп, тыңдаушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Сонымен қатар дуалды білім беру жүйесі аясында кітапханалық факультет студенттерінің теориялық және тәжірибелік дайындықтарын қатар жүргізетін «Кітапханатану және библиография» кафедрасы жұмыс істейді.

2017 жылы Ұлттық кітапхананың бас­та­масымен республика кітапханаларының жұмысын нығайту және үйлестіру мақ­са­тында Қазақстан Кітапханалық одағы құрылып, бүгінгі күні жемісті еңбек етіп отыр. Одақты құрудағы мақсат – еліміздің кітапханаларын біріктіріп, олардың мүд­де­лерін білдіретін және қорғайтын, кітап­ха­на­ның және кітапханашы маман­ды­ғының әлеуметтік мәртебесін көтеруге, сон­дай-ақ кітапханалардың мүмкіндіктерін кеңей­туге ықпал ету. Жыл сайын облыстық кітап­ханалар басшыларының қатысуымен одақ кеңесінің отырысы өткізіліп, ой-пікір­ле­рімен бөлісіп, саладағы қордаланған мәсе­лелер талқыланады. Қазіргі таңда одақ­қа 163 кітапхана мүшелікке тіркелген. Сол кезден бастап «Кітап және Кітапхана. Книга и Библиотека. Book & Library» кәсіби журналы жарыққа шығады. Журнал сарап­тау, кітапхана саласындағы өзекті мәселе­лер мен айтулы оқиғалар, кітап пен қоғам байланысы, ақпараттық-комму­ни­кациялық технологиялар, т.б. түйінді мәсе­лелерді көтереді. Сонымен қатар рес­пуб­лика кітапханашыларын ынталандыр­у мақ­сатында «Қазақстанның құрметті кітап­ханашысы» төсбелгісі табысталады.

– Әңгімеңізде ағартушылық қыз­­мет­тің де жолға қойылғанын айт­ты­ңыз...­

– Иә, Мемлекет басшысының халыққа арнаған жолдаулары мен бағдарламаларын іске асыруда қазіргі заманға сай, рухани жаңғыру міндетін жүзеге асыру аясында оқырмандарды кітап оқуға тарту, халықтың түрлі топтарын әлемдік және қазақстандық құндылықтарға, іргелі білім алуға жұмылдыруға, кітап оқуға тұрақты қызығушылығын, қоғамның ақпараттық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған мақсатты жұмыстар қолға алынған. Ғы­лы­ми және шығармашылық зиялы қауым, ақын-жазушылар, қоғам және мемлекет­ қайраткерлерінің қатысуымен кітап көрмелері, тұсаукесерлер, шығар­ма­шы­лық кештер мен кездесулер, дөңгелек үстел және түрлі мәдени-көпшілік іс-шара­ ұйымдастырылады. Мәселен, 2020 жылы ұлтымыздың ұлы тұлғалары Әбу Насыр әл-Фараби мен Абай Құнан­баев­тың мерейтойларына арналған рухани­ және шығармашылық мұрасын кеңінен наси­хаттау мақсатында Абай және Әл-Фара­би ғылыми орталығы ашылды. Бұл орталықтар олардың еңбектерін, әдеби мұрасын терең зерделеуге және көпшілік іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Өткен жылы ұлттық «Оқитын ұлт» жобасы­ ая­сында Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл­ толуына орай «Мұхтар Әуезовті оқи­мыз» халықаралық байқау-акциясы ұйым­дас­тырылып, оған ТМД елдерінен және өз елі­міз­дің кітапханашылары қатысты.

Биыл Түркі мемлекеттері ұйымы жа­рия­­ланған Түркі өркениетінің даму жылы және ТүркСОЙ-дың 30 жылдығы аясында көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойына орай кітап көр­месі және дөңгелек үстел Бішкек қала­сын­да ұйымдастырылды. Сәуір айында Ә.Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітап­ханасында осындай іс-шара өтпекші.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­­тың кітап оқудың жоғары мәде­­ние­тін қалыптастыру, балала­р мен жас­өспі­рім­дердің кітап оқуға қызығу­шы­лығын арт­тыру қажеттілігі, жастардың кітап­ оқу сауаттылығын дамыту туралы­ бір­қатар тапсырмасына сәйкес 2021 жылы жарияланған «Балалар мен жас­өс­пі­рім­дердің кітап оқуын қолдау жылы» және былтыр жарияланған «Балалар жылы»­ аясында балалар мен өскелең ұрпақ­ты кітап оқуға тарту, кітап оқу мәде­ниетін көтеруге және кітап оқуға қызы­ғу­шылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар кеңінен ұйымдастырылды. Жыл сайын, дәстүр бойынша 23 сәуір – Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күніне орай «Кітап шоу» атты ауқымды кітап мерекесі өткізіледі. 15 қазан – Алматы қаласы кітапханалары күніне орай «Мен таңдаған мамандық!» атты мерекелік концерт ұйымдастырылып, жоғары және орта арнаулы оқу орындары студенттерінің қатысуымен Ашық есік күні өтеді. Іс-шараны өткізудегі мақсат – кітапханашы мамандығының беделін арттыру, оны дәріптеу, кітапханалардағы кәсіби кадрлардың тапшылығын жоюға жәрдемдесу, болашақта оларға деген сенімділікті арттыру.

Соңғы екі жылда Мемлекет бас­шы­сы­ның қолдауымен кітапхана саласы­на,­ кітап­ханашылардың әлеуметтік жағ­да­йына баса назар аударылып, сала қыз­мет­керлерінің жалақысы өсті және де 2025 жылға дейін жыл сайын 20%-ға көте­рі­летін болады. Өткен жылы 24 қазан Кітап­ханашы күні болып ресми бекітілді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Осы күнді атап өту – кітапханашы мамандығының мәрте­бесін көтеріп қана қоймай, осы маман­дыққа деген мақтаныш сезімін қалып­тас­тырып, кітапханашының қарапайым ең­бегін, кітапхананың қоғам дамуында алатын әлеуметтік маңызды рөлі айрықша екендігін көрсетеді.

Елімізде тұратын этностарды кітап қорымен қамту, ғылым мен мәдениеттің дамуы арқасында ақпаратпен қамтамасыз ету, болашақ ұрпақ үшін рухани құнды­лық­­­тарымызды сақтау библиографиясыз мүмкін емес. Бұл бағытта кітапхана хал­қы­мыздың тарихи жадының куәсі ретінде еліміздің тарихы, мәдениеті және өнері жөніндегі іргелі библиографияны қалыптастырады деп айтуға болады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ зиялыларының алдыңғы қатарлы өкілдері мен тарихи қайраткерлерінің есімдерін насихаттау мақсатында «Қайта оралған қаламгерлер», «Қазақ әдебиетінің классиктері», «Қайта оралған есімдер» сериялы библиографиялық көрсеткіштері жарық көрді. «Алаш қозғалысы: тарих және қазіргі заман», «Қазақстан тарихы (көне дәуірден XX ғасырдың бас кезіне дейін)», «Қазақ мемлекеттілігінің дамуы (ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін)», «Егемен Қазақстанның философиялық ғылымдары», «Қазақстаның археологиясы мен этнологиясы», «Қазақстан этностары», «Қазақстанның көркем әдебиеті», «Қазақ дипломатиясы», «Дала фольклорының анталогиясы», т.б. көрсеткіштер құрастырылды. «Қазақстан өнері» биобиблиографиялық сериясы аясында төл мәдениетіміздің дамуына зор үлес қосқан өнер қайраткерлеріне арналған ұсыныстық көрсеткіштер жарық көрді. Соңғы жылдары Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Тұғыры биік Тәуелсіздік», «Тәуелсіздік жылдарындағы балалар әдебиеті», «Қасіретті жылдар (Кәмпеске. Халық көтерілісі. Ашаршылық. Қуғын-сүргін)», сондай-ақ қазақ халқы­ның ұлы тұлғаларының мерейтойлары аясында «Жамбыл Жабаев», «Ахмет Байтұрсынұлы», «Мұхтар Әуе­зов», «Салық Зиманов», «Роза Бағ­ла­нова», «Мұқағали Мақатаев», т.б. көрсеткіштер мен жыл сайын «Қазақстан Республикасының аталып өтілетін және еске алынатын айтулы күндері» күнтізбесі шығарылады.

Ұлттық кітапхана елімізді халықаралық кітапханалық-ақпараттық кеңістікте таны­туда көптеген халықаралық ұйым мен бағдарламаға, олардың арасында «Еуразияның алтын топтамасы», «Манус­­крипториум» – қолжазбалар мен басқа да сирек басылымдардың сандық еуропалық кітапхана сияқты халықаралық жобаларға қатысу біз үшін еліміздің кітап қорларын насихаттауға және әлем оқырмандарына ұлттық жазба мұрамызды таныстыруға мүмкіндік беретіндігін сөз еткім келеді. Қазірігі таңда өзара кәсіби тәжірибе алмасып, ТМД елдерінің ұлттық кітапханаларымен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатылған. Кітапханамызда Түркия, Қытай, Ресей, Иран, Пәкістан, Корея және Үндістанның шетелдік кітап­тар­ бұрышы аясында дипломатиялық миссия­ өкілдерімен тығыз байланыста жұ­мыс­ жүргізіледі.

Сонымен қорытындылай келе түй­ге­ні­міз, ғасырдан аса тарихы бар еліміздегі Ұлт­тық кітапхананың алға қойған мақсаты ай­қын. Соған сай кітапхана ақпараттық-кітап­ханалық қызметтің барлық түрін қол­дана отырып, қоғамның рухани жаң­ғыруына, сапалы адами капиталын арт­ты­руға және қоғам алдындағы өзекті мә­се­лелерді шешуге барынша өз үлесін қосып отыр.

 

Әңгімелескен

Гүлмира БАҒЫТҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»