Көпшілік ақынның айтыстағы өзіндік мәнер-мақамын әлі ұмыта қойған жоқ. Шындықты бұра тартпай, бетке тура айтатын ақынын айтыссүйер қауым әрдайым ардақ тұтады.
Жақында Қарағандыда Қ.Мақсұтовтың 60 жасқа толуына орай «Қазақтың жоғын жоқтадым...» атты кездесу кеші өтті. Жиынға келгендер ақынның әніне сусындап, мерейтой иесіне сарқылмас шабыт пен қуат тілесті. Кездесуді Жайық Бектұров атындағы жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырды.
Кезінде айтыс өнерінде көрермен көзайымына айналған Қуаныш Мақсұтов бүгінде ақын, сазгер, бард. Ол бард өнерін бірден-бір насихаттаушыға айналған. Қарағанды аймағында қазақтың ұлттық әдет-ғұрып, дәстүріне қатысты көптеген тағылымды жобаға мұрындық боп келеді.
«Бұл кезеңде халқымның сенімін ақтай алдым ба, енді халқыма не беремін, менен халқым не күтеді?» деген сауалдарға жауап іздеп, әлі де барымды жұртыммен бөлісуге ұмтыламын. Философтар «Өмірдің мәні – қозғалыс» дейді. Меніңше, өмірдің мәні – тоқтап, жан-жағыңа зер салып, барар бағытың мен жүрген жолыңды бір сараптап алуда», дейді ақын.
Кездесуде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов, Қарағанды қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Иляшев, Қарағанды университеті филология факультетінің деканы Елдос Түйте, рухани ағасы, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Тұңғышбай Мұқан, Ақындар мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы атынан ақын Айтбай Жұмағұл жылы лебіздерін білдірді. Қуаныш Мақсұтовтың қазақ өнері мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесін тілге тиек етті.
Бүгінде ақынның зияткерлік бағыттағы онға жуық жобасы сәтті іске асты. «Замандас-Современник» газетінің негізінде жасаған «Қазақстанның ақпараттық индустриясы» атты жобасы кезінде жоғары бағаланған еді. Жастардың рухани, мәдени, саяси белсенділігін арттыруға арналған «Балауса» әдеби-шығармашылық бірлестігін» басқарды. Бұдан бөлек, БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның бағдарламалары аясында бірқатар жобаны жүзеге асырды. «Мәңгілік мұңның әуені» бардтық әндер жинағы, «Тәкаппар мұңның кербез тамшылары» жыр жинағы жарық көрген.
ҚАРАҒАНДЫ