Алматыда «Гинекологиялық ісіктерді емдеудегі заманауи тәсілдер» атты Еуразиялық саммит өтті. Оған АҚШ, Италия, Түркия, Грузия, Испания, Аустралия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея және әлемнің басқа елдерінен онкология саласының жетекші сарапшылары қатысты. Келелі басқосуды ұйымдастыруға онкологиялық көмек сапасының қолжетімділігі, әсіресе әйелдер денсаулығын жақсарту бағытын өзгертуді талап ететін бірқатар өзекті мәселе түрткі болды. Өйткені жыл сайын жүзден аса жүкті әйелден онкологиялық патология анықталып жатыр. Бұл қай тұрғыдан болсын аяғы ауыр әйелдің жағдайын ауырлатады. Өкінішке қарай, мұның соңы қайғылы оқиғалармен аяқталып жататындықтан, онкологиялық аурулармен күрес елімізде көкейкесті жағдай десек те болады.
Еуразиялық саммитте сөз алған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бүкіл әлемдегідей еліміздегі онкологиялық дерттер жиі өлім-жітімге душар ететін себептердің бірі екенін айта келе, жыл сайын Қазақстанда онкологияға шалдыққан 40 мыңнан аса адам анықталатынын, жылына 14 мыңға жуық адам көз жұматынын мәлімдеді. Бүгінде диспансерлік есепте 200 мыңнан аса онкопациент тұр.
«Президент «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» сайлауалды бағдарламасында барлық денсаулық сақтау саласына, оған қоса онкологиялық көмекті дамытуға баса назар аударды. Осыған байланысты қазіргі уақытта министрлік онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарды әзірлеп, бекітіп жатыр. Соған сәйкес онкологиялық көмекті жетілдірудің одан әрі келешегі айқындалды. Әйелдер денсаулығына қатысты барлық бастама осы жоспардың жобасына енгізілcе, ол ДДҰ қабылдаған жатыр мойыны обырын жоюды жеделдету жөніндегі Жол картасының соңғы халықаралық трендтеріне сәйкес келеді. Бұл ретте жатыр мойыны обырының алғашқы профилактикасы, яғни 2024 жылдан бастап жасөспірім қыздарды вакциналауды енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ цитологиялық скринингті оңтайландыру, жаңғырту, халықаралық стандарттарға сәйкес жатыр мойыны обырының АПВ-ға бағдарланған скринингін енгізу жүргізіледі», деді А.Ғиният.
Халықаралық саммит барысында бірінші кезекте гинекологиялық ісіктерді диагностикалау мен емдеудің өзекті мәселелері, гинекологиялық обыры бар пациенттерге көмек көрсетудің клиникалық жағдайлары мен келешегі, сондай-ақ жатыр мойыны обырының алдын алу, оның ішінде қыздарды АПВ-ға қарсы вакциналау талқыланды.
Саммит жұмысына Денсаулық сақтау министрлігінің басшылары, Парламент депутаты, Еуропа Парламентінің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Қатерлі ісікті зерттеу жөніндегі халықаралық агенттігінің (IARC) Еуропалық медициналық онкология қоғамының, БҰҰ-ның Халықаралық гинекологиялық Қатерлі ісік қоғамының, (IGCS) Америка-Еуразиялық онкологиялық альянс (AECA) өкілдері, Америкалық клиникалық онкология қоғамы, (ASCO) Дүниежүзілік хоспис паллиативтік көмек Альянсы мен сарапшылары өз ойын ортаға салды.
Орайы келіп тұрғанда бұл саммит Америка-Еуразиялық онкологиялық альянстың қолдауымен өткізілген Қазақстан онкологтері қауымдастығы мен Халықаралық гинекологиялық Қатерлі ісік қоғамының бірлесе атқарған жұмысы екенін айта кету керек. Сол сияқты Қазақстан онкологтері қауымдастығы (KazCS) 2017 жылдан бері Халықаралық гинекологиялық Қатерлі ісік қоғамының стратегиялық әріптесі болғандықтан, кейінгі 5 жылда Орталық Азия аймағында халықаралық қауымдастықтың шекарасын кеңейтуге септесіп отыр. Осы саммиттің барысында KazCS мен IGCS Әзербайжан Ұлттық онкология орталығы және онымен қоса Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғол елі, Грузия сынды елдермен стратегиялық әріптестікке қол жеткізілгені туралы мәмілеге қол қойылды.
Мәселен, IGCS мен KazCS әріптестігінің нәтижесінде Орталық Азия мен Кавказ елдерінің онкогинекологтары АҚШ, Еуропа, Жапония мен Аустралия мамандары қатысқан 60-тан аса туморборд (tumor-board – ауыр гинекологиялық обырға шалдыққан пациенттердің жағдайын талқылау) өткізіп, 6 конференция мен семинар, вебинарлар ұйымдастырған. Мұндай әріптестіктің тағы бір пайдасы – Орталық Азия мен Кавказ елдерінің онкогинекологтары жатыр мойыны обыралды патологиясы мен гинекологиялық ісікке шалдыққан науқастарға паллиативтік көмек көрсету жөніндегі сертификаттау курсы сияқты оқу бағдарламаларына да қатыса алады.
Оған қоса Қазақстанның штаттан тыс бас онкологы, «ҚазҰҒЗИ» АҚ басқарма төрағасы, профессор Диляра Қайдарова 2022 жылы Азия мен Тынық мұхиты елдері атынан IGCS консулы болып сайланып, Азия мен Тынық мұхиты онкогинекологтері үшін біліктілік пен тәлімгерлік мүмкіндіктерді кеңейтіп отыр.
АЛМАТЫ