Қазірдің өзінде дәрігердің қабылдауына жазылуға, дәрігерді үйге шақыруға, талдау нәтижелерін және басқа да дербес медициналық деректерді білуге мүмкіндік беретін цифрлық құрал мүмкіндіктерін пайдаланатын пациенттер бар. Осы қызметтер қазір электрондық үкімет порталында қолжетімді. Медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, жұмысты біраз ширата түсетін цифрлық жүйе жөнінде Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев баспасөз мәслихатында айтып берді.
– Тұрғындар электрондық медициналық құжаттарға қол жеткізсе, медициналық ұйымдарға құжат үшін баратын пациенттер азаяды. Осы ретте денсаулық сақтау министрлігі цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, былтыр eGov mobile мобильді қосымшасында «eDensaulyq» сервисін іске қосты. Онда пациенттер үшін донорлық мәртебе, электрондық рецептілер, медициналық қарсы көрсетілімдер, жүкті әйелдерді есепке алу және диспансерлеу, емдеуге жатқызу мен зертханалық талдау нәтижелерін білуге арналған ақпарат көп қамтылған. Мысалы, жалпы ақпарат бөлімінде тұрғындар қай медициналық ұйымға тіркелгенін, қай учаскеге қарайтынын, учаскелік дәрігердің деректерін, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде мәртебесін және қорға аударылған соңғы төлемнің сомасы мен күнін де көруге болады, – дейді Б.Есенбаев.
Осылайша, «eDensaulyq» сервисінің қызметі кезең-кезеңімен кеңейеді. Жақында сервиске азаматтардың қан тобы және басқа да ақпараттар қосылады. Сонымен қатар министрлік eGov mobile мобильді қосымшасының дәрілік заттарды үлестіру бөлігінде Әлеуметтік әмиян жобасын іске асырып жатыр. Мұнда пациент емханадағы дәріханаға барып, QR-кодын ұсыну арқылы рецепт бойынша дәрі-дәрмек алса болады. Қанатқақты жоба қазір Астана қаласының емханаларында жүзеге асуда. Денсаулық сақтау министрлігі пациенттерді осы сервистің мүмкіндігін молынан пайдалануға шақырып жатыр. Жобаны биыл еліміздің басқа өңірлеріне енгізу жоспарда бар екен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған дейін денсаулық сақтау саласында ақпараттандыру деңгейі төмен екенін айтқан-ды. Бұл медицина қызметкерлеріне міндеттелген жүктеменің артуына әкеп тіреуі мүмкін. Қазірдің өзінде дәрігерлер бір уақытта бірнеше жүйеде жұмыс істеуге мәжбүр. Әрі пациенттер өзінің жеке медициналық деректеріне толық қол жеткізе алмайды. «eDensaulyq» сервисінде пациентке қатысты барлық негізгі дерек шоғырландырылады. Бұл денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелерді бір арнаға тоғыстыруға ықпалдасады. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде дәрігерге қаралатын уақытты нақтылауға септесетін көптеген бейресми кезек бар. Алайда пациент өз кезегінің қашан келетінін әрдайым дәлме-дәл біле бермейді. Қазір осы бейресми кезектер цифрландырылып жатыр. Осы ретте eGov mobile қосымшасындағы «eDensaulyq» сервисі пациенттерге ұсынылатын қызметтердің тізімін көруге және «көрсетілмеген қызметті қосып жазу» сынды фактілер анықталған жағдайда әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ медициналық көмек көрсетудің ашықтығын сақтауға септеседі.