1917 жылдан бастап сыйлықты тағайындаудың арнайы ережесі мен қарастыратын кеңесі бекітілген. Дж.Пулитцер ең алғашқылардың бірі болып университет деңгейінде журналистиканы оқытуды ұсынған. Бүгінде сыйлық 22 категория бойынша беріледі, оның ішінде «Қоғамға қызмет» саласы бойынша үздік авторларға «алтын медаль» табысталады.
Ал әдебиет және музыка саласында 7 категория бойынша марапат беріледі. Ол категорияларға «Көркем әдебиет», «Драма», «Тарих», «Биография», «Естелік немесе автобиография», «Поэма», «Жалпы нон-фикшн» және «Музыка» жатады. Пулитцер сыйлығында «Арнайы сілтеме және марапат» (Special Citations and Awards) жүлдесі де бар.
Биылғы «Қоғамға қызмет» (Public Service) категориясы бойынша «алтын медальді» «Associated Press» агенттігі жеңіп алды. Осы категориядағы финалға «The Washington Post» және «Austin American-Statesman» газеттерінің АҚШ-тағы есірткіге қарсы күрес, Техас штатындағы қайғылы оқиға туралы жұмыстары да қатысты. «Соңғы жаңалықтар репортажы» (Breaking News Reporting) категориясындағы жүлде «Los Angeles Times» ұжымына берілді. Олар нәсілшілдіктің жергілікті саясатқа ықпалын зерттеген. Ал «Тергеу репортажы» (Investigative Reporting) бойынша сыйлықты «The Wall Street Journal» журналының 50 федералды агенттік (атқарушы орган) өкілдерінің заң бұзу әрекеттері жөніндегі материалдары иеленді. Мақалаларда құнды қағаздарды сату-сатып алуды реттеу және қоғам мүддесін қорғауға жауапты қызметкерлердің этика нормасын бұзуы туралы жазылған. «Түсіндірме репортажы» (Explanatory Reporting) саласындағы сыйлықты «The Atlantic» журналисі Кейтлин Диккерсон алды. Ол Д.Трамп әкімшілігінің мигрант-балаларды ата-анасынан ажырату саясатын және оның жалғасы туралы жан-жақты зерттеген.
«Халықаралық репортаж» (International Reporting) категориясы бойынша «The New York Times» қызметкерлері марапатталды. Бұл марапатқа журналда жарияланған 7 мақала лайық танылды. «Соңғы жаңалықтар фотографияда» (Breaking News Photography) бағыты бойынша «Associated Press» ұжымы марапатталған. Пулитцер сыйлығы осы аталғаннан бөлек келесі категориялар бойынша да берілді:
Көп жылдар Пулитцер сыйлығына қатысты сыни пікір, әсіресе сыйлық беру үдерісінің субъективтілігі туралы жиі айтылды. Марапатқа ие болған кітаптардың қатарында бестселлер тізіміне енбей қалғандар да бар. Осындай сұрақтарға қарамастан, сыйлықтың ұйымдастыру алқасы алғашқы күндерден бастап құпиялық саясатын берік ұстанып келеді және ол Пулитцер сыйлығының журналистика, әдебиет және музыка саласындағы беделін түсірген жоқ. Сыйлық белгілі саладағы жетістіктерге әлемнің назарын аударатын және журналистиканы ынталандыратын іс-шараға айналып отыр.
Олжас БЕЙСЕНБАЕВ,
«Қазақстан қоғамдық даму институты» КеАҚ сарапшысы