Кеше Астанада Байланыс саласындағы өңірлік ынтымақтастық (БӨЫ) басшыларының кеңесі жұмысын бастады. Оған Қазақстан Республикасының бірінші Вице-премьері Бақытжан Сағынтаев, Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы Асқар Жұмағалиев, Ресей Федерациясының Байланыс және бұқаралық коммуникация министрі Николай Никифоров, Қытай, Корея, Ұлыбритания, Польша, Түркия және ТМД елдерінің байланыс ұйымдарының басшылары мен өкілдері қатысуда.
Байланыс әкімшілігі басшылары кеңесінің 49-шы бірлескен отырысы мен БӨЫ жанындағы ақпараттандыру бойынша ТМД-ға қатысушы елдердің Үйлестіру кеңесінің 20-шы бірлескен отырысы Қазақстанда алғаш рет өтіп отыр. Кеңес жұмысын Б.Сағынтаев ашты. Ол шараға келген қонақтарға алғысын жеткізе отырып, Қазақстандағы байланыс саласының жайына тоқталды. «Қазақстан үшін тиімді ақпараттық-коммуникациялық саланы дамыту, жаһандық желіге бірте-бірте ықпалдасу экономикалық өсімді айқындайтын фактор болып табылады. Байланыс саласының ІЖӨ-дегі үлесі шамамен 2,5 пайызды құрайды. 2013 жылы көрсетілген байланыс қызметі 4,7 млрд. АҚШ долларына дейін өсті», деді ол. Бірінші Вице-премьердің айтуынша, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамыту бағытында жүргізілген жүйелі шаралар әлемдік рейтингтегі Қазақстан ұстанымының жақсара түсуіне септігін тигізген.
Атап айтқанда, БҰҰ-ның «электронды үкімет адамзат үшін» рейтингісінде Қазақстан 2013 жылы 190 елдің ішінде 28-орынға тұрақтаған. Ал 2012 жылы еліміз 38-орында болған екен. Дүниежүзілік экономикалық форумның ақпараттық технологиялар рейтингісінде «желілік дайындық» индексі бойынша Қазақстан әлемнің 140 елі ішінен 38-орынға көтерілді. «Егер ұялы байланыс тарифіне қатысты айтсам, біз қазір 17-орындамыз. 2012 жылы 42-орында едік. Ал белгіленген интернет жөнінен 8-орындамыз», деді Б.Сағынтаев. Оның айтуынша, «Ақпараттық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде инновациялық коммуникациялық инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету, ақпараттық орта құру, отандық ақпарат кеңістігін дамыту мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Ұялы байланыс рыногындағы бәсекелестікті күшейту мақсатында нөмірді ауыстырмай-ақ ұялы байланыс желілерін ауыстыру мүмкіндігі бойынша жұмыстар атқарылуда екен. Бұл мүмкіндікті қазақстандық абоненттер 2015 жылдан бастап қолдана алмақ. Еліміздегі әр екінші тұрғын сандық телеарнамен қамтылып, қамтылу 51 пайызды құрап отыр. Бағдарламаны 2015 жылы аяқтап, 95 пайызға дейін қамту жоспарлануда екен.
А.Жұмағалиев бірінші Вице-премьердің сөздерін қуаттай келе, еліміздегі интернеттенудің 70%-ға жеткендігін, ал ұялы байланыспен қамту 160 пайыздық межеден асқандығын атап өтті. Қазақстан ауыл тұрғындарын телефонмен қамту бойынша, алыс елді мекендерді интернетке қосу үшін талшықты-оптикалық инфрақұрылымды одан әрі дамытуды қолға алды. Бұл алдағы 3 жыл бойы жалғасып, жүзеге асырылады, дей келе, өткізіліп отырған шараның ауқымы кең, маңызы жоғары екендігіне тоқталды. «Қамтылатын, айтылатын тақырып ауқымы кең», деген Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы Қазақстанда жаңа телекоммуникациялық технологиялар мен қызметтерді енгізу бойынша атқарылып жатқан іс-шаралармен және одан әрі даму жоспарымен бөлісті. Сонымен қатар, кеңес қонақтарын биылғы жылдың 6-7 қазанында Астанада өтетін «Электронды үкіметтің ғаламдық форумы-2014» шарасына қатысуға шақырды.
Кеңес отырысы барысында Халықаралық электрбайланыс одағының электрбайланысты дамыту жөніндегі бүкіләлемдік конференциясының жұмысындағы БӨЫ байланыс басшыларының қызметі қорытындыланып, ТМД-ға мүше-мемлекеттердің 2015 жылға дейінгі ақпараттық қоғамды құру және дамытудағы ынтымақтастық стратегиясының орындалу барысы талқыланды. Бұдан өзге, радиожиілік спектрін тиімді пайдалану және өзара кедергілерді жоюға қатысты құжаттар қаралды.
Кеңесте тағы бір маңызды келісім жобасы, атап айтқанда, халықаралық электрбайланыс қызметтерін көрсету барысында, әсіресе, роуминг қызметін ұсынуда оператораралық есеп айырысу қағидалары туралы келісім жобасы талқыланды. Келісім жүзеге асса, БӨЫ қатысушы елдер арасында роуминг қызметіне баға төмендемек.
Кеңес отырысының ашылуынан кейін А.Жұмағалиев пен Н.Никифоров брифинг өткізді. Олар журналистердің Кеден одағы аясында роуминг мәселесі қалай шешілмек деген сұрағына жауап берді. А.Жұмағалиев ТМД мемлекеттерінің арасында роуминг тарифтерін төмендету мәселелері қаралатын келісімнің барлығын, оның жобасы талқыланатындығын алға тартты. «Байланыс операторларының бір-бірімен жұмыс жасауы жөніндегі келісім талқыланады. Бұл келісімде роуминг мәселесіне арналған бөлім бар. Бұл тұтынушыларға өте маңызды болғандықтан, болашақта оның дұрыс шешілуіне күш-жігер жұмсаймыз», деді ол.
Өз кезегінде Н. Никифоров: «Мен әріптесіммен аталған территорияда роумингтің мүлдем алынып тасталғандығын қалайтынымызға сенімдімін. Өйткені, бұл көрші елдер арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың дамуына тиімді әсер ететіні сөзсіз. Біз бұл үшін қолдан келгеннің барлығын істеуге даярмыз. Алайда роумингті жою тікелей байланыс операторларына байланысты, біздің жұмысымыз саяси тұрғыдан болғандықтан, қолымыздан байланыс операторларының бір-бірімен келісіп, кедергілерді жоюына көмектесу ғана келеді», деді Н.Никифоров.
Бұл талқылаулардың нәтижесі жыл соңында немесе келесі жылдың басында белгілі болады.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан».