Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко бастаған мәжілісмендер делегациясы жұмыс сапарымен Польша Республикасында болды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Құрамында Серікжан Қанаев, Анатолий Маковский және Нұрлан Жазылбеков бар делегация кездесулерде парламентаралық байланыс, сауда-экономикалық және аймақаралық ынтымақтастықты нығайту, заң шығарушылық тәжірибе алмасу мен өзекті халықаралық мәселелерді талқылауды негізгі бағытқа алды.
Сапар шеңберінде Мәжіліс Вице-спикері Польша Сеймінің Төрайымы Эва Копачпен, Польша Сенатының Вице-спикері Ян Выровинскимен, Польша-Қазақстан парламенттік ынтымақтастық тобымен және оның төрағасы–Сейм Вице-спикері Ежи Вендерлихпен, халықаралық мәселелер және жергілікті өзін өзі басқару бойынша Сейм комиссияларының басшылығымен кездесулер өткізді.
Одан басқа, Польшаның Вице-премьері – экономика министрі Януш Пехочинскимен де жүздесіп, сауда-инвестицияны нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Мемлекет басшысының Арнайы елшісі ретінде Сергей Дьяченко 2017-2018 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын қолдауын қамтитын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың өзінің поляк әріптесі Бронислав Комаровскиге жолдаған хатын Польша Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Яцек Михаловскиге тапсырды.
Қазақстандық делегация, сондай-ақ, Силезия және Малопольска воеводстволарында болып, іскер топтар өкілдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастық және аймақаралық байланысты ұлғайтудың мүмкіндіктерін, оның ішінде Қазақстан мен Польша аймақтарының алдағы бірінші форумы шеңберінде талқыланатын мәселелер бойынша пікір алмасты.