Руханият • 17 Мамыр, 2023

Үнсіздік

554 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адамды кейде сан-сауал жан-жақтан қармап, тұңғиық ойға батырады. Әсіресе «Өмірдің мәні неде?» деген сұраққа келгенде тұйыққа тірелгендей күй кешесіз. Жалпы, бұған әр адам түрлі жауап береді. Шынында, өмірдің мәні не? Бұған біз жауапты жазушы Бегабат Ұзақовтың «Аманат» атты әңгімесін оқығанда тапқандай болдық. Бас-аяғы жинақы жазылған шағын әңгімеде қазақы танымға берік қария өмірінің жалғасы – немересіне бойындағы бар қазынасын аманат етіп кетсем дейді.

Үнсіздік

Әңгімеде тау етегіндегі ала­қандай ауылда өмір сүрген домбыра жасайтын қарт шебердің ішкі жан-дүниесі, толғанысы кө­ңілді селт еткізер ұтымды штрих­тар арқылы бейнеленген. Шы­ғарманың тілі көркем, жеңіл оқы­лады. Қарияның кемпірі он жыл бұрын өмірден озған. Жалғыз ұлы атақты әнші болған. Елге келген бір сапарында көлік апатынан қаза табады. Қалада келіні мен 20 жастағы немересі тұрады. Олар ауылға жыл аралатып қана келеді. Қария тұрған үйдің ауласында қарағай, үйеңкі, арша, жаңғақ, қызыл ағаш секілді бұл өңірге таңсық ағаштар самсап тұр.

Құдірет қарттың шеберлікті қойғанына 5-6 жыл болды. Содан бері домбыра жасатуға келетін жандардың қарасы үзілген. Алайда жасы келген қария қол қусырып, қарап отырмайды. Митыңдап жү­ріп, бастырма астындағы арша, өрік, жаңғақ, қызылағаш кесін­ділерін суға салып жібітеді. Со­дан кейін оны күнге шығарып, кеп­тіреді.

Жалғызілікті қарияға көрші­нің жұдырықтай баласы қол­ға­нат. Ол бірде үйінен атасына ас-ауқат әкелсе, енді бірде аула­дағы шашылып жатқан ағаш­тың қиындыларын жинасады. Осын­дай бір іс үстіндегі ата мен бала ара­сындағы диалогте автор қария­ның ішкі жан-дүниесіндегі қайғы-мұңын оқырманға астарлап жеткізеді.

Енді соған зер салыңыз:

«Бала қарттың сырлы жауабынан ештеңе ұқпай сұрақты үдете түседі.

– Ана өсіп тұрған ағаштарды кесесіз бе?

– Жоқ. Оларды менен кейінгі иесіне сақтап қойдым.

– Ол кім?

– Жалғасым келеді. Ана жайқа­лып тұрған ағаштар да, мына қы­рық жылдық кесінділер де соған тиесілі.

– Өткен жылы келген жігіт пе?

– Иә.

– Ол бұларды неғылады?

– Бір кәдеге жаратар.

Бала біраз үнсіз қалады. Сосын тағы қызығып:

– Ата, сіз оның келгенін күтіп жүре бермей өзіңіз үлкен қалаға барсаңыз болмай ма?

– Мен үйді, жайқалған ағаш­тарды, ғұмыр бойы жинаған мына кесінділерімді тастап қайда кетем? Ауыл артындағы қорымда кем­пірім, жалғыз ұлым, ата-бабаларым жатыр. Кіндік қаным тамған ауыл, баяу ағып жатқан ана өзен бар.

– Оларды ешкім алып кетпейді ғой?

– Мұның бәрін өскенде түсі­несің, балам...».

Көрші бала келіп кеткен са­йын сұңғыла қарт терең мұңға ба­тады. Қайбір жылы келіні мен не­мересі қоймаған соң үл­кен ша­һарға барғаны есінде. Тоғы­зын­шы қабаттағы үш бөлмелі пә­терде торға қамалған торғайдың күйін кешкен соң, бір апта өтпей ауылға қайтып оралған. Келіні мен немересі жиі болмаса да ақша жіберіп тұрады. Қария артық ақ­шасын немересінің болашағын ойлап, банкке салып қойған. Ол немересінен үлкен үміт күтеді. Қазір Жалғас әншілікте оқып жатыр. Домбыра жасаумен де айналысып, қолы боста шеберханаға барады. Жалғас ауылға бір келгенде атасы оған домбыра жасап көрсетті. Соны көріп, ол да дом­быра жасады. Бірақ өзі жаса­ған аспапқа көңілі онша толмады. Қария да онша ешнәрсе дей қой­мады. Жалғас автобусқа мінген кезінде: :«Әжеңнің сандығында төрт дәптер қолжазбам бар. Ғұмыр бойғы соққан домбыраларымның жәй-жапсарын түртіп қойғам. Бір келгеніңде көрерсің», дейді атасы. Осы сәтте немересінің көзі жарқ ете қалды.

Содан бері атасының қиялы­нан немересінің көзіндегі жарқыл кетпей қойды. Жастардың көбі бөгде аспаптардың шуылына ел­тіп жүргенде оның домбыраға қызығуы қаннан дарыған қасиет шығар? Таппай жүргені қандай әуен екен деп, қарт күні-түні ойға батады. Ақыры соның жауабын тап­қандай болды.

«Басы мең-зең болған Құдірет ата алдындағы тостақтың бетін жауып, дастарқанның бір бұрышына ысырып қойды да далаға шықты. Шеберханаға барып қабырғаға ілулі тұрған серкенің ішегінен тілінген таспаға қонған шаңды үрлеп тазартқан болды да, қос қолымен самайын қысып, ағаш орындыққа отырды. Біраздан соң жас балаша қуанып, орнынан ырғып тұрды. «Таптым. Үнсіздік...үнсіздік...үнсіздік... Немерем ата­жұртын сағынып жүрген болар. Әкесі, әжесі қабірде жатыр. Қара жер сөйлей алмайды. Ал Жалғас сырласқысы келеді. Үнсіздіктің тілін табуым керек. Домбыраның ішегіне саусақ тигенде мылқау қалпында мелшиіп жатқан Жер-Ана сөйлеп қоя берсін. Бабалар­дың ұрпағына жетпей уақыт то­заңы­на көміліп қалған аманаты тілге келсін..».

Ақыры қария соңғы күшін жи­нап, бар өнерімен домбыра жасай­ды. Алайда немересі қаладан келгенде атасының басын батысқа бе­ріп, жүзін құбылаға қарай сәл қия­лата бұрған күйі үн-түнсіз жатқанын көреді. Бас жағындағы сандықта қызылқоңыр домбыра сүйеулі тұр.

Жазушының осы соңғы сөйлемі әңгіменің барлық жүгін көтерген. Домбыра – халқымыздың жаны, оның асқақ үнінде ұлттың рухы атойлайды. Автор қарияның аманаты арқылы, оқырманға «өз ұл­тың­ды сүйіп, өз өнеріңді дәріпте» деген терең ой салады.