Жиында сөз бастаған шаһар басшысы отбасының қоғам үшін маңыздылығын атап өтті. Мемлекеттің берік іргесі отбасы екенін айтып, оны сақтау, дамыту адамзаттың болашағына төнетін қауіптің алдын алу екенін жеткізді.
«Отбасы құндылықтары кез келген қоғам үшін шын мәнінде айрықша мәнге ие. Әрбір отбасының тіршілігі баянды, іргесі берік болса, бұл мемлекеттің де еңсесінің тік, шаңырағының биік болуына себепші екені белгілі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Отбасы институтын ұмытпауымыз керек екенін, бұл дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарды және ұрпақтар сабақтастығын сақтау үшін өте маңызды екенін атап өтті», деді М.Әйтенов.
Жалпы, мұндай тақырыптағы басқосу мегаполисте алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Осы орайда жиынға қатысушылар осындай іс-шараның ұлттық құндылықтарды насихаттау және отбасы институтын қолдау мен нығайтуда үлкен рөл атқаратынына сенім білдірді.
«Көрме» алаңында отбасы институтына қатысты проблемалар ашық талқыланып, аға буын өкілдері жастар тәрбиесіне байланысты өз ойын ортаға салды. Салиқалы пікірлер айтылып, форум нағыз қоғамдық диалог мінберіне айналды.
Өз кезегінде қоғам қайраткері, заң саласының білікті маманы, ардагері Бекет Тұрғараев жастарды еңбекке баулуға шақырып, өз өмірінен әдемі мысал келтірді.
«Бала кезімде әкем екі қоян әперіп, осыған қара деп тапсырды. Ол кезде мен небәрі бірінші сыныпта оқимын. Содан бесінші сыныпқа барғанда екі қоян 300-ге көбейді. Осылайша, шаруа арқылы өзімізге керекті затты өзіміз сатып алатынбыз. Бұл ата-анаға да көп жәрдемін берді. Келешекте еңбекті сүйіп өскеннің нәтижесінде ғылым саласында да көп жетістікке жеттім. Құдайға шүкір, бүгінгі жағдайым сол еңбектің, тынымсыз әрекеттің нәтижесі деп ұғынамын. Сол себепті бүгінгі таңда ата-аналар балаларын еңбекке үйір қылып өсіруі керек. Бала жастайынан еңбектеніп өссе, есейгенде біреуге масыл болмайды, тілемсектік, жаман қасиет бойына жоламайды. Ешкімге алақан жаймайтын, өз күшіне сенетін ұрпақ қалыптасса, мемлекеттің де келешегі кемел болады деген сөз. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Егер жастар ерік-жігерлі, білімді болып жетілсе, мұндай жастары бар елді ешқашан ішкі-сыртқы жау ала алмайды. Білім демекші, бүгінгі таңда өскелең ұрпақты кітап оқуға құмартып өсіру өте өзекті мәселе болуға тиіс. Өйткені білімді ұлт әрқашан алда жүреді, заман көшінің соңында қалып кетпейді. Кейде кейбір жайттар көңілге қаяу түсіретіні рас. Бұл – бүгінгі бала тәрбиесіне қатысты проблемалар. Соның бірі – бесіктен белі шықпаған балаға жыламасын деп қолына телефон беріп қою. Қазір осы жайт жаппай үрдіс алып кетті. Жас ата-аналар бала дауысына шыдай алмай телефонмен алдайды. Ол өскенде баланы виртуалды әлемнің құлына айналдыруы мүмкін. Сондықтан бала жыласа да арқалап жүріп жұбататын бұрынғы ата-әжелеріміздей кішкентай бүлдіршіндерді телефонмен алдаусыратуды қойғанымыз жөн. Отбасы тірегі – ана. Қай саланы алып қарасақ та, әйел адамды көреміз. Сол үшін қыздарды жылатпауымыз керек. Оларға барынша жағдай жасауға тырысуымыз қажет. Өйткені ата-бабамыз «Әйел – отбасының шырақшысы» деп бекер айтпаған. Әйел түзелсе, отбасы дұрыс болады. Ондай өнегелі отбасынан құралатын қоғам да ізгілік пен мейірімділікке тұнып тұрады», деді Б.Тұрғараев.
Ендігі жерде осы форум негізінде «Үздік отбасы» сыйлығы тағайындалады. Ол қала тұрғындарының үздік отбасы болуға деген ынтасын арттырады деген сеніммен қолға алынып отыр. Осы ретте «Үздік отбасы» сыйлығы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады.
Қала әкімінің айтуынша, үш жыл бұрын республикада алғашқы болып «Шымкент жастар лигасы» атты бірегей жоба басталған. Ол сәтті жүзеге асып, мектеп оқушыларының, мұғалімдер мен ата-аналардың үлкен қолдауына ие болды. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан турнир арқылы жастардың бұқаралық спортқа деген қызығушылығы артты, мыңдаған бала саламатты өмір салтын ұстануға бет түзеді. Сондықтан Отбасы форумының аясында жүзеге асатын жобалар да қоғамдық қолдауға ие болып, отбасы құндылықтарына бүкіл қоғамның назарын аударатынына сенім білдірді.
Қаладағы №55 орта мектепте ұстаздық ететін Батырхан Назаров та форумның артықшылығын сөз етті. Оның ойынша, отбасы институтын берік қалыптастыру арқылы бүгінгі жаһандану дәуірінде адамзатқа қауіп төндірген жаман қасиеттерден арылуға болады.
«Мектеп те – тәрбие ортасы. Бірақ негізінен тәрбиені бала өзінің отбасында алады. Сондықтан отбасылық құндылықтарды күшейтуіміз қажет. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген әдемі сөз бар. Статистика бойынша тәрбиенің 60 пайызын бала отбасынан алады. Қалғанын сыртқы орта арқылы бойына сіңіреді. Сол себепті балаға кішкентай кезінен отбасында жақсы тәрбие берсек, өскенде тәртіпті, алғыр, иманды, елгезек, нағыз қазақтың момын баласы болып шығатынына кәміл сенемін. Бір өкініштісі, қоғамда ажырасу көп. Кейде ерлі-зайыптылар болмашы нәрсеге бола көбінесе әлеуметтік проблеманың кесірінен айырылысып жатады. Бұл дұрыс емес. Адам қиындыққа төзіп үйрену керек. Сабыр сақтау қажет. Төзімділікпен қиындықты жеңе білсе, келешекте жас жұбайлардың бір-біріне деген махаббаты мен сенімі де күшейе түседі. Бұрын ата-бабаларымыздың басынан не өтпеді? Бірақ олар сабыр мен төзім арқылы бар қиындықты бірге көтерді. Біз де солардан үлгі алып, отбасын сақтауға тырысуымыз керек. Өйткені ажырасқан жұбайлардан кейін ортада қатты қиналатын – байғұс бала. Мұндайда атамыз қазақ «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекер айтпаған», деді ардақты ұстаз.
Бұл ретте Шымкент қаласында отбасы институтын нығайту бағытында нақты іс-шаралар атқарылып келеді. Ең маңызды жұмыстың бірі – тұрғын үйге мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету. Өткен жылы қаламызда 1 млн 67 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде, 3 246 пәтер салынып, оның 748-і әлеуметтік әлсіз топқа жататын отбасыларға, 857 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға арендалық баспана ретінде берілген. Ал 1 641 отбасы «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» және «7-20-25» секілді мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеңілдетілген шарттармен несиелік пәтерге қол жеткізді. Жоспар бойынша 2026 жылға дейін бюджет есебінен 2 млн шаршы метрді құрайтын әлеуметтік тұрғын үй салып, оған мұқтаж отбасылар баспанамен қамтамасыз етіледі.
Бүгінде мемлекет әлеуметтік тұрғыда аз қамтамасыз етілген отбасыларға тек жәрдемақы берумен шектелмей, олардың жұмысқа орналасуына немесе өз бизнесін бастауына жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Осы орайда Шымкент қаласында 2022 жылы 65 799 адам жұмыспен қамту шараларына қатысты. Соның ішінде 7 мыңға жуығы уақытша жұмыс орындарына жолданса, 18 мың азамат кәсіптік қайта даярлау курстарында оқып шықты. Сондай-ақ 40 мыңнан аса азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Міне, бұл мемлекеттің отбасы институтын нығайту мақсатында атқарып жатқан жұмысының жемісі деуге болады.
«Қазақ – отбасына ерекше мән берген, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен халық. Әсіресе ата-ананы қадірлеу, оларға қызмет етуді әрбір азамат перзенттік парызым деп білген. Өкініштісі, кейінгі кездері осы дәстүрімізді жалғай алмай қалып жатқан кездеріміз де бар», деді қала әкімі.
Мәселен, Шымкент қаласында балаларының қамқорлығынсыз қалған 500-ден аса қария бар. Осындай кісілер паналайтын арнайы мекемелер Түркістан облысының иелігінде тұр. Сондықтан биыл 50 орынды орталық салынбақ. Яғни мемлекет мұндай қарияларды қамқорлықсыз қалдырмайды.
«Жалпы, отбасының беріктігі оның әлеуметтік жағдайымен ғана өлшенбейді. Сондықтан отбасы институтын қолдау тек мемлекеттің, мемлекеттік органдардың міндеті деп қарауға болмайды. Мемлекеттен қаншама қолдау болғанымен, адам өз отбасын сақтап, дамытуда жауапкершілік сезінбесе, миллиардтап бөлініп жатқан қаржы мен мемлекеттің қамқорлығы түкке де тұрмайтынын түсінуіміз қажет», деген оймен шаһар басшысы сөзін түйіндеді.
ШЫМКЕНТ