Облыс басшысы Президенттің халықтың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, сондай-ақ 2023 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған тапсырмаларының орындалуын баяндады. Өңірде осыған дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биыл болаттың арнайы маркаларын өндіретін алғашқы зауыт, 800 метрлік жіксіз рельстер шығаратын алғашқы кәсіпорын және жоғары технологиялық теміржол дөңгелектерін шығаратын зауыт іске қосылады. Ал қазір ядролық медицина орталығы, Қазмедприбор медициналық бұйымдар шығаратын фабрика және ТМД елдер арасында алғашқы диализаторлар шығаратын зауыт жұмысын бастады.
«Жылына 700 мың тонна битум шығаруға қауқарлы зауыт салынады. Жаңа кәсіпорын бүкіл батыс аймағының битум тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Бұл – ірі жобалардың бір бөлігі ғана», деді Ералы Тоғжанов.
Тұрғындарды азық-түлікпен қамтып, ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын ашу, мал мен құстың санын арттыру, сондай-ақ шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін Ақтөбе облысы елімізде бірінші болып «Ауыл аманаты» жобасын бастады. «Нәтижесінде біз әрбір ауылдың, ауданның экономикалық әлеуетін анықтадық, олардың мүмкіндіктерін, күшті және әлсіз жақтарын белгіледік, нақты жұмыссыз адамдардың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың, өзін өзі жұмыспен қамтығандардың тізімдерін, сондай-ақ әрбір отбасының орташа табыс мөлшерін қамтитын әрбір ауылдың әлеуметтік портреті қалыптасты. Жоба аясында импортқа тәуелділік мәселесін шешуге ниеттіміз», деп атап өтті өңір басшысы.
Қазір облыс халқының 98,6 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Ералы Тоғжанов Президент тапсырғандай 2024 жылы тұрғындардың 100 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылатынын алға тартты. Сондай-ақ жыл соңына дейін 12 елді мекен газдандырылып, 94,4%-ға жетпек.
«Ақтөбеде 1,6 млрд текше метр газ тапшылығы бар. Қыста қолданыстағы магистральдің газ жүктемесі 175%-ға дейін жетеді. Индустриялық нысандар мен елді мекендерді үздіксіз газбен жабдықтау мақсатында құны 43,4 млрд теңге болатын «Бұхара-Орал» газ құбырының үшінші желісін орнату жөніндегі жобаны іске асыру басталды. Биылға 11,1 млрд теңге қарастырылған», деді облыс әкімі.
Географиялық орналасуы жағынан өңірдің транзиттік әлеуеті зор, алайда автожолдардың сапасы сын көтермейді. Ералы Тоғжановтың айтуынша, жолдардың 72%-зы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Биыл 50,5 млрд теңгеге 848 шақырым жол жөнделеді. Осылайша жыл соңына қарай көрсеткішті 78 пайызға ұлғайту жоспарланып отыр.
Жуырда ұзындығы 262 шақырым болатын 4 жолақты «Ақтөбе – Ұлғайсын» республикалық маңызы бар автожолын кеңейту жұмысы басталады. Сонымен қатар 30 жылда алғаш рет ұзындығы 260 шақырым «Қандыағаш – Шалқар» автожолына жөндеу жүргізіледі.
Ақтөбе – өнеркәсібі дамыған өңір. Алайда өнеркәсіп орындары қоршаған ортаның ластануына әсерін тигізіп жатыр. Облыста су құбырлары ластанып, ескірген, қалдықтардың жиналып, қолданыстағы кәріз және тазарту қондырғыларының тозуы секілді бірқатар экологиялық проблема бар.
«Осы мәселелерді шешу үшін Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаражаты есебінен кәріздік тазарту құрылыстарын салу жөніндегі жобаны іске асыру жұмысы басталды. Техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Жобаның жалпы құны шамамен – 78 млрд теңге. Кәріздік тазарту құрылыстарын салу жобасы ағынды сулардың ластануын айтарлықтай азайтып, суаруға жарамды ағынды сулардың сапасын арттырады, қаланың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалын жақсартады. Ағынды суларды тазарту үшін заманауи энергия үнемдейтін технологияларды және анағұрлым жетілдірілген жабдықтарды пайдалану қарастырылған», деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Бүгінде өңір халқы, әсіресе ауыл тұрғындары медициналық көмектің нақты түрлерін ала алмай отыр. Осыған орай облыстың Хромтау, Мұғалжар және Шалқар аудандарында көпсалалы ауданаралық ауруханалар салынбақ. Бұған қоса «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жыл ішінде 20 мың тұрғыны бар 29 ауылда заманауи денсаулық сақтау нысандары бой көтереді.
Сондай-ақ 4 мың оқушыға арналған 18 мектептің құрылысы басталған. Апатты және үш ауысымды мектеп мәселесін шешу үшін алдағы үш жылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 17,5 мың орындық 20 заманауи мектеп салынады. «Біз орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету және өңірде тұруға қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету үшін барлық бағыт бойынша жұмысты жалғастырамыз», деп түйіндеді Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.