Жезқазған қаласындағы Білім инновация лицейінің 11-сынып оқушысы Сафи соңғы қоңырау соғылмай жатып-ақ келешекте оқитын жоғары оқу орнын анықтап алды. Ол АҚШ-тың Айова штатының Ғылым және технология университетінде аэроғарыш инженериясы мамандығы бойынша білім алатын болды. Жақында оған осы университеттің гранты берілетіні туралы арнайы хат келді.
– Бірнеше мәрте халықаралық курстарға қатысып, тест тапсырып жүрдім. Қазір ғаламтордың мүмкіндігін пайдаланып әлемнің кез келген түпкірімен хабарласуға болады. Сондықтан АҚШ-тың бес бірдей университетіне өзімнің сол жақта оқығым келетінін айтып, хат жолдадым. Өтінішім жерде қалған жоқ. Олардың тарапынан арнайы тапсырмалар берілді. Нәтижесінде, Канзас университетінен, Иллионойс, Флорида технологиялық институттарынан және Айова Ғылым және технология университетінен шақырту алдым. Соңғысын таңдадым, – дейді Сафи.
Оның таңдауының нақ осы университетке түсуі де бекер емес. Өйткені Сафидің әкесі Аманкелді Әлімжанов – кезінде Том мемлекеттік университетінің физика-техника факультетін тәмамдаған инженер-физик. Ол ғарышкер болуды армандапты. Бірақ орайы келмеген тәрізді. «Аэроғарыш инженериясын таңдауымның түпкі себебі осында. Әке арманын жүзеге асырғым келеді», дейді Сафи.
Оқушының анасы Нұржамал ұлының математикаға деген қызығушылығы 5 жасында байқалғанын айтты. Сафи қазақ, орыс, ағылшын тілін еркін меңгерген. Түрікшеден де хабары бар.
1858 жылы негізі қаланған Айова Ғылым және технология университеті – мемлекеттік оқу орны. Осындай іргелі білім ордасынан қазақтың бір қарадомалақ баласының арнайы шақырту алуы үлкен мәртебе. Сайып келгенде бұл – азаттығымыздың, тәуелсіздігіміздің жемісі!
ЖЕЗҚАЗҒАН