Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Қазіргі кезде халқымыздың саны 20 миллионға жуықтап қалды. Мұны мамандардың біразы халықтың табиғи өсімі және халықаралық миграциялық үрдістермен байланыстырған болса, ғалымдар жағы демографияны халық санымен шектеп қоюдың дұрыс еместігін, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын демографиялық ғылым тұрғысынан тереңнен зерттеу қажеттігін алға тартады. Осы бағытта Экономика институты мамандары мақсатты бағдарламасын орындап, қорытындысын «Қазіргі заманның әлеуметтік демографиялық проблемалары және Қазақстанның ұлттық мүдделері» тақырыбындағы конференцияда жария еткен болатын.
Қазіргі кезде аймақтардың теңгерімді даму мәселесіне жоғары палата депутаттары да назар аударып отыр. Осы орайда Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп бюджеттік бағдарламаларды қабылдау кезінде еліміздегі демографиялық өсім мен көрсеткіштер ескеріле бермейтінін алға тартты. Халық қалаулысының пікіріне сүйенсек, өңірлік даму бағдарламаларында үйлеспеушіліктер орын алып отыр.
– Республика тұрғындарын жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етіп, әлеуметтік жағдай жасау демографияға тікелей әсер ететін фактор. Жақында ғана Сенат депутаттары Еңбек ресурстарын дамыту орталығында күнделікті болып жатқан өзгерістердің куәсі болды. Президент Әлеуметтік кодекске қол қойды. Осыған орай отбасының цифрлы картасы енгізіліп отыр. Нәтижесінде, 11 млн адам есепке алынған болса, зейнетақы аударымдары бойынша нақты жұмысы, жағдайы бар дегендері 6,5 млн адамды құрайды. Ал балалар, зейнеткерлер мен NEET cанаттағы жастардың көрсеткіштерін қарастырғанда өзекті мәселелерге көз жеткізуге болады. Әсіресе, солтүстік аймақтарда жұмыс қолы жетіспейді. Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарында халықтың өсімі жоғары десек, демографиялық өсімі жағынан қалыңқы аймақтар да бар. Сондықтан ішкі миграциялық, демографиялық мәселелерге нақты көңіл бөлу қажет, – деді сенатор.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Берегенованың айтуынша, еліміздегі ғылым мен жоғары білімнің қазіргі жағдайы демографиялық өсімнің сын-қатерлеріне дайын емес. Бүгінде жоғары оқу орындары студенттерінің саны 2000 жылмен салыстырғанда 30 пайызға өсіп, 575,5 мың адамға жеткен. Студенттердің 55 пайызы, шетелдік студенттердің 70 пайызы үш ірі қалада шоғырланған. Ғылым саласындағы қызметкерлердің 60 пайызы Алматы мен Астанада жұмыс істейді. Үш мегаполис білім ғана емес, жұмыспен қамту мақсатында да ішкі көші-қонның, әсіресе жастар тұрақтайтын орталыққа айналды. Бұл демографиялық теңсіздікті қалыптастырып, бірқатар аймақта жастар мен жұмыс күшінің жетіспеушілігіне әкелді. Ал 2016 жылдан бергі аралықта 5-9 жастағы балалар 1,9 миллионды құрап, үлесі жоғары санатқа еніп отыр. Бұл көрсеткіш 18-22 жастағылардан 2 есе көп. Осыны ескере отырып, тіпті жоғары біліммен қамтудың қазіргі деңгейінде (62 пайыз) 2030 жылға қарай жоғары оқу орындары студенттерінің саны шамамен
1 млн-ға жетіп, 2 есеге жуық өседі деген болжам бар. Осы орайда сапалы жоғары білім, студенттер аудиториясын зерттеу ісіне маңызды ресурстар қажет. Егер бұл үрдіс тиісті дәрежеде зерттелмейтін болса, жастардың шетелге кету үрдісі жалғаса бермек.
Адам ресурсы – мемлекет үшін зор маңызға ие құндылық. Экономика институтының бас директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик Әзімхан Сатыбалдиннің айтуынша, Қазақстан тарихи дамуында бірқатар демографиялық дағдарысты бастан кешірді. Салдары ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатыр. Ал оның орнын толтыру үшін онжылдықтардың өзі аздық етеді. Сондықтан әлеуметтік-экономикалық реформалар мен ұлттық мүддені іске асыру шаралары адам ресурстарына бағытталуы керек.
– 1999 жылғы бірінші санақ бойынша халық саны 1989 жылмен салыстырғанда 16,4 млн-нан 14,98 млн-ға дейін төмендеп, 1,5 млн-ға азайған. Ал халық санын толықтыру үшін арада 12 жыл қажет болды. 2021 жылғы санақ бойынша халық саны 19 млн-нан асып, 30 жылда 2,7 млн-ға өсті. Бұл кезеңде елден 3,8 млн адам кетіп, 1,6 млн адам келген. Осыған қарамастан, Қазақстан демографиялық өсімді қамтамасыз ете алды. Туу көрсеткіші артты. Егер 1999 жылы бір әйелге шаққанда 1,8 баладан келсе, қазіргі көрсеткіш 3,3-ті құрап отыр. Алайда бұл жерде аймақтық демографиялық теңгерімсіздіктің орын алып отырғанын айта кету керек, – деді Ә.Сатыбалдин.
Демографиялық әлеуетін арттыру демографиялық зерттеулер мен болжамдардың, демографиялық үрдістердің сапасына байланысты десек, әлеуметтік, экономикалық, саяси реформалар, мемлекеттік жоспарлау мен бюджет қабылдау барысында осы факторлар қаперге алынуға тиіс.
– Бүгінде әлемде қала тұрғындарының саны өсіп барады. Елімізде қала мен ауыл тұрғындарының арақатынасы өзгеріп жатыр. 2009 жылдан 2021 жылға дейін қалалықтардың саны – 61,2 пайызды, ауылдықтардың үлесі 38,8 пайызды құрап, қала халқы 30,1 пайызға өскен, ал ауыл халқы бар-жоғы 412 мың адамға көбейген. Сонымен қатар урбанизациялық қатерлер де тиісті дәрежеде бағаланбай отыр. Урбанизация тиісті экономикалық базасыз жедел экономикалық өсім мен сапалы өмірді қамтамасыз ете алмайды. Ірі қалаларда теңсіздіктер орын алып, қылмыс өршіген, қоғамдық көлік бармайтын аудандар пайда болып жатыр. Қазір еліміз сынаққа толы тарихи кезеңде тұр. Сондықтан адам капиталын арттыруға байланысты жаңа мүмкіндіктерді жедел игеріп, соған бейімделу қажет, – дейді ғалым.
Экономика ғылымдарының докторы Фарида Әлжанованың айтуынша, қазіргі демографиялық жағдай көптеген экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени факторлардың әсерінен қалыптасқан. Бұл ретте 1990 жылдан бері қарай халық саны көп өзгеріске ұшыраған.
– Ал оны қалпына келтіру үшін арада 20 жылдай уақыт қажет болды. Туу көрсеткіштерінің ең төмен кезеңі 1990 жылдармен тұспа-тұс келеді. Алдағы уақытта нақты әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жүзеге аспаса, осы жағдай қайталануы мүмкін. 1990-1999 жылдар аралығында қыздардың саны төмендеген. 2009 жылға қарай көптеген аймақта бұл көрсеткіш едәуір жақсарғанымен, 2020 жылдың басында 15-19 жастағылардың саны 20-24 жас аралығындағы әйелдерге қарағанда азайған. Мұндай жағдай 2050 жылға дейін созылуы мүмкін. Осы орайда белсенді репродуктивті жастағы әйелдер санына назар аударып, 4 немесе одан да көп баласы бар отбасыларды қолдау қажет, – дейді Ф.Әлжанова.
Еліміздегі демографиялық өсімге қарамастан, оның салдарында ала-құлалық бар. Өңірлік және әлеуметтік теңсіздік салдарынан ішкі көші-қон қарқын алып барады. Көші-қон көбінесе мәжбүрлі түрде іске асса, ал урбанизация керісінше ерікті түрде жүріп жатыр. Халықтың үш мегаполиске қарай толассыз ағылып жатқан жайы бар. Көші-қон және жер құнарының төмендеуі салдарынан жекелеген өңірлердің, соның ішінде шекара маңындағы аймақтардың депопуляциясы жүріп жатыр. Бұл жұмыс күшінің жетіспеушілігінен аумақтардың дамуына кедергі келтіріп отыр. Экономика министрлігінің дерегіне сүйенсек, таяу уақытта 3 мыңға жуық ауыл жойылуы мүмкін. Ауыл мәселесі көбіне жермен байланысты болғандықтан, жерді пайдалануды шектеу, жайылымдардың жеткіліксіздігі, экологиялық зардаптар сияқты мәселелер де бой көрсетеді. Бұл факторлардың ішінде білім алудың да әсері бар. Сондықтан тұрғындарды қол еңбегі тапшы өңірлерге көшіру, ауылдарға мамандарды тарту жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу кезінде қоныстанудың ресми мәртебесімен қатар шекара, табиғи өсім, демографиялық орнықтылық, халықтың тығыздығы, этнодемографиялық теңгерім сияқты өлшемдер назарға алынуы қажет.
Өкінішке қарай, қабылданған ережелер, бағдарламалар әдетте ұзақмерзімді демографиялық мүдделерді ескере бермейді. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатына қатысты заңнамалар осал аумақтардың тұрақты демографиялық дамуына жеткілікті дәрежеде ықпал ете алмайтындықтан, қазіргі заманғы қоныс аудару бағдарламалары әлеуметтік шиеленістердің астыртын қаупін туғызып отырғанын жоққа шығара алмаймыз.
АЛМАТЫ