Пікір • 17 Мамыр, 2023

Қазақтың Астанасы бар

608 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ХХІ ғасыр еншісіндегі әлем тарихын «дейін» және «кейін» деп екіге бөлетін бірнеше оқиға болса, соның алдыңғы қатарында – Covid-19 індетінен туған пандемия мен Ресей-Украина соғысы тұрары анық. Пандемия мен соғыс адам­дардың өзі өмір сүріп жатқан қоғамға деген көзқарасын өзгерте алды ма? Өйтке­ні бұл екі кеселдің де апарар жері бір, ол – өлім. Осы қос қасіреттен біз – халық, қоғам ретінде сабақ алдық па?

Өткен жылдың басында әлемге әйгілі кинорежиссер Тимур Бекмамбетов 1994 жылы өзі құрған Ресейдегі «Bazelevs» ки­ностудиясын сатып жіберді. Сол арқылы ол өзінің Ресейдің кино бизнесімен қоштасқанын мәлімдеген. Бұл киностудияның Лос-Андже­лесте өкілдігі бар, ол жеке компания болып саналады. Компанияның қатысуымен «Аса қауіпті», «Президент Линкольн: вампир аңшысы» және «Хардкор» секілді голливуд жұлдыздары ойнаған танымал фильмдер шықты. Ресми ақпаратта сату туралы шешім тек ресейлік «Bazelevs»-тің заңды тұлғасы – «Базельевс» ЖШК-ке қатысты екені, ал Лос-Анджелестегі өндіріс өз жұмысын жалғастыра беретіні туралы да айтылады. Осы тұста бір ғана дерек айта кетейік. Әлемге әйгілі актерлер – Джеймс Макэвой, Морган Фримен, Анджелина Джоли ойнайтын «Аса қауіпті» фильмінің екі апта ішіндегі кассалық жиынтығы 350 миллион доллардан асқан.

Ал жақында ақпараттар ағынынан тағы бір жаңалықты көзіміз шалып қалды. «Азуын айға білеген» сол танымал режиссер елімізге келіп, бірінен кейін бірі екі министрмен кездескен екен. Министрліктер таратқан ақпараттарда кинорежисермен кездесу барысында «отандық телеарналардағы контент сапасын арттыру, сериалдар мен кино­фильмдер түсіру, креатив индустрия, ани­мациялық жобалар жасау, оларды әлемдік нарыққа шығару сияқты маңызды мәселелер талқыланғаны» жөнінде айтылады. Тіпті Тимур Бекмамбетов салаға қатысты мамандар даярлау мен жастарға тәжірибесін үйретуге дайын екенін жеткізген. Қолына «Ұлы дала тарихын» ұстаған белгілі режиссердің басына киген қазақы тақиясы да өзіне жарасып тұр.

Ал екінші министрлік басшысы «Тимур Бекмамбетовпен өте қызықты кездесу өтке­нін», белгілі режиссердің IT білім беру сала­сындағы қоғамдық жобаларын таныс­тырғанын айтқан. Кездесуде «әлемнің қай­да бағыт алып бара жатқанын түсінетін» құрметті қонақ «Өмірде кездесетін түрлі жағ­дайға байланысты кейбір адамды «Біз­дің мемлекетіміз қайда?» деген сауал толған­дыруы мүмкін. Менің мемлекетім мен қай жерде болсам да, осындай СМС-хабарлама алатын мемлекет болуға тиіс», деген екен.

Ал жақында бір кездері Ресейдің бірінші ұлттық музыкалық телеарнасы «Муз-ТВ»-нің бас директоры болған, «ресейлік шоу-бизнестің құпия кардиналы» атанып кеткен Арман Дәулетияровты елімізде өткен жылдан бері қазақ және орыс тілінде шыға бастаған «Jibek joly»-нан көрдік. Телеарнаның «Төр­летіңіз» хабарының жүргізушісі екен.

Тәптіштеп «таныстырып» отырған бұл екі азамат та жат жерде жүргенде биіктен көрінген, бағаланған, мол табысқа жеткен. Бірақ «балапан басына, тұрымтай тұсына кеткенде» екеуінің де елге келіп, арқа сүйе­генін әрқалай болжап, түрлі пайым жасауға болады. Бірақ неге екені біздің есімізге бірден Дінмұхамед Қонаевтың Асанбай Асқаровқа айтқан «Орысты ренжiтсең Мәскеуге шабады, қазақты ренжiтсең қайда шабады? Өзiңнiң алдыңа айналып келедi. Орыстың артында тұрған Мәскеуi бар. Қазақтың артында Мәскеуi жоқ, қазақтың Мәскеуi – бiздермiз, Асанбай», деген сөзі түсті.

Қай қазақ әлемнің қай түпкірінде жүрсе де, қандай биікке жетіп, абыройы асқақ болса да арқа сүйейтін, табан тірейтін атамекені бар. Өйткені қазақтың Астанасы бар. Бұл біздің ел болып қалыптасқанымыздың, мемлекет ретінде әлемдік аренада орнымызды бекемдей түскеніміздің белгісі. Күні кеше Ташкент төрінде өткен әлем чемпионатында ұлттық құрамадағы жігіттерге ғана емес, сол елдегі қандастардың бәріне рух беріп, еңсесін көтерген ұлы күш те осы – қазақтың Астанасы. Жат жерде жүрген қандастың да сүйенетін, сенетін елі бар.

Сөз басында ХХІ ғасырдың қос қа­сіретінен халық қандай сабақ алды деп сұрақ қойдық қой. Соғыс пен пандемия бүкіл адамзаттың ғана емес, қоғамның әрбір мүшесінің шынайы бет-бейнесін, арман-мақсаты мен мұң-мұқтажын көрсетіп бергені анық. Жеме-жемге келгенде жүректегі елдік­тің де мойындалғаны рас. Міне, бұл сұрақтың жауабы осы болар.