Мәселен, Алматы облысы экономикасының негізгі қозғаушы күші ауыл шаруашылығы екенін ескерсек, аталған жоба бойынша 6 аудан, 102 ауылдық округ және 134 елді мекен түгелдей қамтылып отыр. Қазіргі таңда облысқа қарасты барлық аудандардан 5 бағыт бойынша 22,8 млрд теңге көлемінде төрт мыңға жуық өтінім түсіп, қазір 4,4 млрд теңгеге 891 құжат жиналған.
Тұрғындарға ауыл шаруашылығы кооперативтері құрамында кәсіптерін дамытуға жеңілдетілген түрдегі несиелер берілуде. Бұл бағдарлама аясында үш ауыл шаруашылық кооперативі тіркеліп, қосымша 19 кооператив құру жоспарда бар көрінеді. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары алқабының 3,5 мың гектарға артып, яғни 465,8 мың гектар жердің ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануы аталмыш саланың біртіндеп алға жылжып жатқаның білдірсе керек. Суару желілерін қайта жаңғырту жұмыстары нәтижесінде әзірге 40 мың гектарға жуық суармалы жер қалпына келтірілген. «Ауыл аманаты» бағдарламасы негізінде жаңа жылыжайлар мен көкөніс қоймаларын ашу болашақтың еншісінде. Бұл нарықты жергілікті жерде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге көмектесері сөзсіз. Сондықтан белгіленген бағдарламаны жүзеге асыруда ауыл тұрғындарының белсенділігі керек-ақ.
«Ауыл аманатынан» өзге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы да ауыл халқына мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдаудың бірі. Аталған бағдарлама арқылы биыл 62 елді мекенде, оның 9-ы шекаралас аумақтағы ауылдарда 21,6 млрд теңгенің 88 жобасы іске асырылып жатыр. Осыған қарап, ауылдық жерлерді дамытуға арналған бағдарламалар мен жобалардың мақсаты айқын екендігін бағамдауға болады. Бүгінгі күнге дейін мемлекет тарапынан қайтарымды, қайтарымсыз несиелер арқылы қаржыландырып отырған кез келген кәсіптің берекелі нәтиже беруі көп жағдайда халықтың қаржы сауаттылығына байланысты болса керек.
Жоғарыда аталған жобалар аясында төмен пайызбен берілетін несиені ашатын кәсібіне байланысты сауатты түрде пайдалана білу қарапайым кәсіпкердің қаржылық білімін көтеруді талап етеді. Сондықтан халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағдарлама бойынша маңызды кезең болмақ. Бұл ретте Халық банкі мен «Amanat» партиясының арасында жасалған «Қарызсыз қоғам» ынтымақтастық меморандумы халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға көмектесері сөзсіз. Халық банкінің басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова елімізде 1,3 миллионнан 1,8 миллионға дейін проблемалы қарыз алушы бар екендігін, осы жылдың соңына дейін «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 76 мың адам қаржы сауаттылығына біліктілігін арттыратындығын, аталған жобаның бірінші кезеңінде Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында ұйымдастырылатынын атап өтті. 200-ге жуық қаржы сарапшысы аптасына 5 күн, ұзақтығы 50 күнге дейін қаржы мәселесіне қатысты толыққанды білім береді. Оффлайн тәртібінде өтетін оқулар барысында маңызды сауалдарға сарапшылардан лезде жауап алу мүмкіндігі де қарастырылып отыр. «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев: «Жобаның ең басты мақсаты қаржылық сауаттылықты арттыру, ал ең негізгісі несие алып, қайтара алмай жүрген азаматтарға көмектесу. Олар несие кіріптарлығына қалай түсіп қалғандарын өздері де байқамай, соңында оны өтеуге мүмкіндіктері жоқ, үш айдан астам кешігуі бар, банкроттық туралы ойлай бастайды. Сондықтан біз осындай қиын жағдайға кезіккен жандарды тығырықтан шығудың жолын қарастырып, аталған жобаны қолға алдық», дейді. Оның айтуынша, жоба қаржылық алаяқтықты азайтуға, қарыздың шектен тыс жиналуын
болдырмауға және жалпы ауылдағы қаржылық мәдениетті жетілдіруге көмектесетініне сенімді.
Еліміздегі ірі қаржы жүйесін реттеуші – Халық банкінің басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова: «Біз әрқашан әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдауды өз миссиямыз деп білеміз. Халық несие аларда тиімді мөлшерлеменің деңгейін түсінбей, мерзіміне және несиені қайтару шарттарына назар аудармайтыны бар, соның салдарынан несиені қайтаруда қиындықтарға кезігіп жатады. Тіпті, қарыздарын уақытында қайтара алмай проблемалы несие алушылар қатары өсіп отыр», деді жиын барысында. Несие алып, кәсіптерін дөңгелетуді ойластырып жүрген жоба қатысушыларына бизнесті қалай бастауды, оның неге бағыттау қажеттілігі мен бизнес-жоспар құруды, сонымен қатар өз қаржысын тиімді басқару шығындарын оңтайландыруды үйрететін болады.
Өткен жылы банк тарапынан елімізде жеке тұлғаларды несиелендірудің шекті мөлшерлемесін 56%-дан 40%-ға дейін төмендеткен.
Ауыл халқының тұрмыстық әлеуетін жақсартуды мақсат тұтқан мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар баршылық, бірақ соның нәтижелі болуы халықтың өз қолында. Ол үшін тұрғындар қаржылық сауаттылығын жетілдіріп, кәсібін дұрыс бағдарлай білуі керек.