Тұрсынғали Еділовтің айтуынша, Қазақстан құрамасының биылғы әлем чемпионатында өте жақсы нәтиже көрсетті. Бірақ көңіл көншітпейтін тұстар да жоқ емес. Бұл ретте жаттықтырушы аса ауыр салмақ дәрежесінде күш сынасқан Қамшыбек Қоңқабаевтың өнеріне көңілі толмағанын жасырмады.
«Бүгінгі таңда бұл салмақтың фавориті Баходир Жалолов екені сөзсіз. Бірақ оны да ұтуға болады. Қоңқабаевпен өткізген жекпе-жегінде ол шаршы алаңға қобалжып шықты. Күллі Өзбекстан халқы аса ауыр салмақтағы алыбынан тек алтын жүлде күтіп отырғандықтан, Жалолов қазақ боксшысынан қалайда жеңіліп қалмаудың қамын ойлады. Бұл – психологиялық тұрғыдан қосымша ауыртпалық жүктеді. Бәсеке барысында Баходир сол қолмен тіке соққы жасаумен ғана шектелді. Басқа мардымды ештеңе істей алған жоқ. Сол сәтті Қамшыбек ұтымды пайдалануы керек еді.
Үшінші раунда Қоңқабаев біраз «тірілгендей» болды. Жақсы екі соққы жасағанда, Жалолов қашқақтай бастады. Қандасымыз шабуылын одан әрі жалғастыруы керек еді. Ал ол қарымта соққы алып қаламын ба деп қорқып, жеңіліп жатса да, өте сақ әрі баяу қимылдады. Қарсыласынан қаймығып, уақыт созып жүріп алды. Бір сөзбен айтсақ, Қамшыбек жігерсіздік танытты. Сын сағатта намысын қамшылай алмады», деді Тұрсынғали Еділов.
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы келесі жылы Парижде Олимпиада ойындары басталатынын еске салды. Оның пікірінше, алдағы додаға «осалдығын мойындап, сағы сынған боксшы» Қамшыбек Қоңқабаев аттанса, ұлттық құрама ұтылып қалуы мүмкін.
«Келесі жылы Парижде Олимпиада ойындарының алауы тұтанады. Төртжылдықтың басты додасында олардың жолдары қайта қиысатыны анық. Ол кезде де Қоңқабаевтың ұтылатынына күмәнім жоқ. Өйткені Жалоловтан жеңілуге оның еті әбден үйреніп қалған. Ал олай болса, алдын ала осалдығын мойындап, сағы сынған боксшыны Олимпиадаға апарудың не қажеті бар? Әлде барлығымыз жаратушыға «Финалға дейін Қоңқабаевты Жалоловпен жолықтырмаса екен» деп жалбарынып отыруымыз керек пе? Қамшыбек қанша жерден атақты боксшы болса да, оны дереу басқа боксшымен алмастыруымыз керек», деп түйіндеді Тұрсынғали Еділов.