Рыбакина ширек финалда әлемнің 1-ракеткасы, «Үлкен дулыға» жарыстарының үш дүркін чемпионы, дәл осы турнирдің кейінгі екі жылдағы жеңімпазы Польша өкілі Ига Швентекпен шеберлік байқасты. Үш сетке жалғасқан тартысты бәсекеде отандасымыз 2:6, 7:6 (7:3), 2:2 есебімен тең түсіп тұрғанда, Швентек жарақатына байланысты кездесуді жалғастырудан бас тартты. Осылайша, отандасымыз алғаш рет Римдегі турнирдің жартылай финалына жолдама алды. Былтыр ол үшінші кезеңнен әріге аса алмаған еді.
Елена Рыбакина мен Ига Швентек биылдыққа осымен үшінші мәрте кездесіп, үшеуінде де жерлесіміздің мерейі үстем болды. Отандасымыз Швентекті алғаш рет биылғы Аустралия ашық чемпионатының төртінші айналымында, екінші рет Индиан-Уэллс додасының жартылай финалында жеңген болатын. Римдегі турнирдің финалына шығу үшін ол бүгін латвиялық Елена Остапенкомен шеберлік байқасады.