Камайоре мен Тортона қалаларын жалғаған 11-кезеңде жеңімпаз бен жүлдегерлер жаппай спринтерлік сайыста анықталды.
219 шақырымға созылған жарыс жолын 5 сағат 9 минут 2 секундта жүріп өткен 29 жастағы германиялық велошабандоз Паскаль Аккерман («UAE Team Emirates») кезең жеңімпазы атанды. Сондай-ақ Аккерманмен бірге мәре сызығын кескен италиялық Джонатан Милан («Bahrain Victorious») екінші орынға ие болса, «Астана» велоклубының үздігі Марк Кавендиш мәреге үшінші жетті.
Ал жалпы есепте 2018 жылғы «Тур де Франс» додасының жеңімпазы ұлыбританиялық Герайнт Томас («INEOS Grenadiers») көш басында келеді. 36 жастағы велошабандоздың уақыт көрсеткіші – 44 сағат 35 минут 35 секунд. Томастан небәрі екі секундқа қалып келе жатқан «Jumbo-Visma» өкілі Примож Роглич – екінші, Жуан Алмейда («UAE Team Emirates») үшінші сатыға жайғасқан. Ол көшбасшыдан 22 секундқа қалып тұр. «Астана» өкілі Симоне Веласко 15-орынға көтерілді.