16 Шілде, 2014

Құқық бұзушылық азаяр емес

345 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазір өңірде қоғамдық тәр­тіпті қадағалау, адамдардың ты­ныштығын сақтау жайы оң үрдістермен сипаталады. Жұрт­шы­лық жиі жүретін орындарда жасалатын ауыр қылмыстардың 2, аса ауыр қылмыстардың 17, ұрлықтың 8 пайызға кемігені, ал қылмыстарды ашудың 2 пайызға жақсарғаны байқалады. Дегенмен, тәртіп сақшылары мен жергілікті билік орындары арасында тығыз байланыстың жоқтығы салдарынан өрескел олқылықтардың жіберілуі көзге шыққан сүйелдей көрінеді. Осы салаға қатысты өзекті мәселелер аймақ басшысы Ерік Сұлтановтың жетекшілігімен өткен облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомоствоаралық комиссияның мәжілісінде жан-жақты талқыланды. Былтырға қарағанда биыл әкім­шілік құқық бұзушылықтың 14 пайызға көбеюі комиссия мүшелерін көбірек алаңдатып, оның себеп-салдары әкімшілік полиция басқармасының басшысы Бауыржан Рақымжановтан қатал сұралды. Ол түрлі қылмыс­тардың уақтылы ашылуына жедел басқару орталығында орнатылған 74 бейне-бақылаудың тиімді ықпалын жеткізе келіп, қанша айтылса да шешілмей келе жатқан бірқатар жайттарды көлденең тартты. Жұмыс істеп тұрған 183 учаскелік полиция бекеттерінің басым көпшілігі талапқа сай жабдықталмаған. 27 әкімшілік учаскелік учаскеде мұндай қосындар мүлдем жоқ. Телефон желісі түгел тартыл­маған, компьютер техникалары қойылмағандықтан, тиісті ақпа­раттық базаны қалыптастыру мүм­кіндігі жоқ. Қызметтік көлік­тер тапшы. Бүгінде үй-күйсіз жүрген учаскелік полицейлердің саны – 71. Мәжілісте облыс про­куро­рының көмекшісі Арман Құсанов хабарлама жасап, бірқатар заңсыздықтарға жол берілгенін тілге тиек етті. Мысалы, Ақжар ауданы Талшық ауылдық округіне 780 мың теңгеге алынған 3 бейне-бақылау қондырғысы орнатылса да, жұмыс істемейді. Әкімдік те, ішкі істер бөлімі де прокурорлық тексерістен қоры­тынды шығаруға асығар емес. Осы ауданда қоғамдық тәртіпті қадағалау шараларына белсене қатысып жүрген жеке тұлғаларға сыйақыны асырып жазу фактілері тіркелген. Бюджет қаржысын мақ­сатсыз пайдаланудың мұн­дай жағымсыз мысалдары бас­қа аудандарда да кездеседі. Тәр­тіп сақшылары тарапынан атқарылатын шаралардың үйле­сімсіздігін облыс прокуроры Степан Зайтлер де өткір сынға алды. Ішкі істер департаменті алты мыңнан астам маскүнемді тіркеуге алған. Ал наркологиялық орталық есебіндегілердің саны – 8 мың. Мұндай кереғарлықты түсіну қиын. Ішімдікке бейім адамдар мен отбасылармен тәрбие ісі қағаз жүзінен аспай жатады. Жастар жиі баратын ойын-сауық отаулары мен көпшілік орындарда қылмыс кемудің орнына өршіп барады. Былтыр «Ностальжи» дәмханасында 18, биыл 14 қылмыс жасалған. 1 адам қасақана өлтіріліп, 9 ұрлық тіркелген. «Паутина» түнгі клубында бір адам көз жұмған. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.