Тарих • 18 Мамыр, 2023

«Солақай бола тұра, домбыраны ойнатуын-ай!..»

580 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұлытау өңірінде ағайынды Садық және Яхия Асатовтарды жақсы біледі. Өкінішке қарай, Садық Асатов қазір арамызда жоқ. Биыл туғанына 90 жыл толатын Сәкеңнің өмірден озғанына 35 жыл болды. Бар болғаны 55 жыл ғұмыр кешкен оның ардақты есімі елінің жадынан өшкен емес.

«Солақай бола тұра, домбыраны ойнатуын-ай!..»

Суретте: (солдан оңға қарай) Айсары ана, Нұрғиса Тілендиев және Садық Асатов

Еңбек жолын Жезқазған кен-металлургия ком­би­на­ты­­ның №51 шахтасында кен шебері болып бастаған ол кейін шахта бастығы, кеніш директоры, Жәйрем кен-байыту комбинатының бас директоры болды. Оның зор ұйымдастырушылық қабілеті Жәйрем полиметалл кен орнын игеруде айрықша байқалды. Ол КОКП ХХV съезіне делегат болып сайланды. Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. Қазіргі кезде Сәтбаев қаласында, Жәйрем кентінде С.Асатов атындағы көшелер бар. Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған уни­вер­си­тетінің үздік студентіне С.Асатов атындағы шәкірт­ақы тағайындалған. Оған Қ.Сәтбаев және Жезқазған қалалары­ның Құрметті азаматы атағы берілген.

Жезқазған жұртшы­лы­­ғы­­ның арасында кен өнді­рі­сінде жүріп, қолдарынан қа­ла­мы түспеген ақындарды «Кенші ақын» деп әспеттеу үрдісі қалыптасқан. Бұл көштің басында атақты ақын, композитор Кәкімбек Салықов тұрады, ал оның ізін жалғастырушылардың бірі – Садық Асатов. Ол білікті инженер, қабілеті зор ұйымдастырушы, білікті басшы ғана емес, табиғатынан ақын болып жаратылған жан еді. Өлеңдері өзі өмірден өткен соң, «Құштарлық» (2001), «Сәлем де Кішітаудың Серегіне»(2009) деген атаулармен жарық көрді.

Оның мәдениет, өнер, әде­биетке деген құрметі керемет болған. Жезқазған жаққа жолы түскен руханият әлемі өкілдерінің ешқайсысын үйінен дәм татырмай, қонақ етпей жібермеген. Соның бірі – ұлтымыздың мақтанышы, композитор Нұрғиса Тілендиевті Жәйрем кентінде қонақ етуі.

1985-1986 жылдары Нұре­кең­ атақты «Отырар сазы» оркес­трімен Жезқазғанға гас­троль­дік­ сапармен келеді. Сол кон­церт­ке­ ­Жәйремнен келген Садық Аса­тов «Жезқазғанның жа­нын­­дағы Жәйремде Бүкіл­одақ­тық­ екпінді құрылыс жү­ріп­ жатыр. Сіз жайнап келе жат­­қан Жәйремді көрмей қалай Алма­ты­ға қайтасыз? Біздің халық та іргесіне келіп тұрған сізді қалай көре алмай қалады?» деп Нұрекеңді Жәйремге шақырады. Халыққа концерт беріліп, кездесу өткізіледі. Сахна төрінде Сәкең Нұрғиса ағасының иығына қасқыр ішік жабады. Содан соң өзінің шаңырағында дәм береді.

– Үйде тамаша кеш болды. Нұрғиса аға домбыраны солақай тартады ғой. Соның өзі көзбен көргенде кісіні әжептәуір әсерге бөлейді екен. Әсіресе анам керемет таңғалды. «Солақай бола тұра, домбыраны ойнатуын-ай!..» деп таңданысын жасырмай, әсерін қасындағылармен бөлісіп отырды. Мұны Нұрекең де естіді. Ара-тұра сәл жымиып отырды да, күй тартылып болған соң, «Сіз менің бағамды дәл бердіңіз. Бұған дейін мені мақтағандар көп болды. Әлі де мақтаушыларымыз Құдайға шүкір жетеді. Бірақ солардың бірде-бірі мені сіз тәрізді мақтаған емес. Сіз солардың бәрінен асып түстіңіз» деп ризашылығын білдірді. Сол сәтте анамыз «Нұреке, мына домбыраға қолтаңбаңызды қалдырып кетіңіз» деп өтінді. Нұрғиса ағамыз өтінішті жерде қалдырмады. Сол домбыра кейін тойдан тойға барып жүріп жоғалды. Бұл да бір өкініш, – деп сол бір кешті әрі сағына, әрі мұңая еске алады Садық Асатовтың туған інісі Яхия ағамыз.

Қазіргі кезде сексеннің бесеуіне бет түзеген Я.Асатов – Қазақстанның еңбегі сіңген энергетигі, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы. Ол өткен жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.

– Сол кеште Нұрекеңнің көзі анамыздың саусақтарына түсті. Өйткені анамыз Айсары сегіз саусағына сегіз алтын сақина, қос білегіне алтын білезік салып, құлағынан құйма алтын сырғасын тас­тамайтын еді. Сол сырғасын көрсету үшін бір жақ құлағын жаулығының сыртына шығарып қоятын. «Апа-ау, осының керегі не?» десек, «Садық тәрізді, Яхия тәрізді ұлдарым тұрғанда неге тақпасқа? Көрсін жұрт, балаларымның мені алтынға малындырып қойғанын», деп бетімізді қайтарып тастайтын. Нұрекең де сөздің арасында анамызға қарап: «Бәйбіше, ұлдарыңыз алтынға малындырып қойған бақытты екенсіз», деп қалды. Сонда анамыз Нұрекеңе өзінің өмір тарихын айтып берген еді, – деген Яхия ақсақалдың әңгімесінен ұққанымыз ол кісінің анасы Айсарының әкесі Беген деген кісі бес мәрте қажылыққа барып, соңғы сапарында демі үзіліп, топырақ Меккеден бұйырған кісі екен.

Садық, Яхия Асатовтардың әкесі Қасымның жастай қо­сылған Шынар есімді әйелі қайтыс болып, біршама уақыт соқа басты болып, жалғыз жүріп қалады. Ол сөзге шешен, іске өткір, алымды адам болған. Қайынжұртына сапарлай бір барғанында әзіл-шыны аралас: «Мен алайын десем, қатын таба алмай жүрген жоқпын. Бірақ сол алғаным сендердің апаларыңның орнын баса ала ма, жоқ па? Міне, соны ойлап жүрмін. «Кешегі апамыздың орын жоқтатпаймын» дейтін балдызым болса, қазір-ақ қосылуға даярмын», деп қалады. Бұл сөзді естіген елдің үлкендері «Қасымның сөзі дұрыс. Екі арадағы жол үзіліп қалмасын, оған бір балдызын қосайық» деп, 17 жастағы Айсарыны 54 жас­тағы Қасымға қосқан екен. Айсары ана 18 құрсақ көтереді. Сол он сегізден бесеуі ғана жетіліп өскен.

Айсары босағадан аттаған соң Қасым шаңырағы қайтадан шуаққа кенеледі. Үйлерінен қонақ арылмайтын болады. Қазақтың небір жақсы-жайсаңдары Айсарының қолынан дәм татады. Өйткені қонақ та қолы ашық, дастарқаны мол, шаңырағы шуақты үйге үйірсек келмей ме?

– Кішітаудың баурайын­да отыратын шақ көз алдым­нан кетпейді. Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұландар үйімізде қона жастанып жататын. Мен талай сол кісілерге қызмет еттім, қолдарына су құйдым. Бала кезімде Қаныш Имантайұлы «басым­ды жуамын» десе, су құюға бойым жетпегендіктен, аяғымның астына отын жаратын жаңғырықты әкеліп, соның үстіне шығып тұратынмын. Соның бәрі әкем мен анашымның, солардың елге абыройлы, беделді бол­ға­нының арқасы. Әйтпесе, үйімізге қонақ келмесе, мен оларды қайдан көрер едім? Кейін олардың жолын Садық ағам жалғастырды, – деген Яхия ақсақалдың өзі де көненің көзі, алтынның сынығы ғой.

Көргені де, көңілге түйгені де көп Жақаңның шаңырағында болған кезімізде фотоальбомнан көзіміз шалып қалған бір сурет осы мақаланы жазуға түрткі болды.

 

Ұлытау облысы,

Сәтбаев қаласы