Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімді тұсы медициналық көмектің сапалы әрі қолжетімді болуында еді. Әрине, бұрын ақылы болған МРТ, КТ сынды басқа да диагностикалық зерттеулер ендігі сақтандыру пакетінде қамтылған соң, оң өзгеріске көпшілік риза болысты. Соған қарамастан емханада кезегін күтіп, сапалы медициналық көмекке қолы жетпей отырған ел-жұрттың уәжін ара-тұра еститініміз бар. Саладағы қайшылықтарды басы ауырып, балтыры сыздаған соң дәрігерге жүгінуді ойлаған жұрт айтуындай айтып-ақ жатыр. Әрине, еліміздің барлық өңіріндегі аурухананы бақылау оңай шаруа емес. Бірақ кейбір жайттарды емхана басшылары қаперге алып, қызмет көрсету сапасын реттеуге, жүйелеуге басымдық беруге болатын шығар. Бұл – біздің емес, өңірлерде қолжетімді медициналық көмектің шарапатын көрмей отырған тұрғындар көкейіндегі ой.
Осы тақырыпты қозғауымызға Қарағанды қаласы Ә.Бөкейхан ауданындағы №1 көпсалалы ауруханаға тіркелген Жанайдар Майкен есімді азаматтың әлеуметтік желідегі жазбасы түрткі болды. Қала тұрғыны емханаға қайырылмаса да «Damumed» қосымшасынан дәрігерге қаралғаны туралы хабарлама келіпті. Ол аз десеңіз, әйелі, баласына да ауық-ауық осындай мәтінде хабарлама түсіп тұрады екен.
– Бюрократия. Есеп үшін жасалып жатқан жұмыстар көрініп тұр. Арнайы барсаң, айлап қабылдай алмайды. Кейін, сыртыңнан емдеп жаза салады. Ауру айтып келмейді емес пе? Былайғы күндері ауырып қалсаң, терапевтке апта бұрын жазылуға тура келеді. Бірінші жалпы практика дәрігеріне қараласың, ол кейін терапевт, невропатолог, окулист сынды тағысын-тағы бейінді дәрігерлерге нұсқайды. Оны айлап күтесің. Ол дәрігер МРТ, КТ немесе басқа да диагностикалық зерттеулерге жолдайды. МРТ-ға порталға тіркеліп, тағы күтесің. Сонда дәрігерге жіті қаралу үшін бірнеше ай өтеді. Қарның ашатын тағы бір жағдай, жайшылықта, дәрігерге қаралмай жүрген күннің өзінде «Damumed»-тен хабарландыру келіп тұрады емес пе? Оны бақылап отырсақ, дәрігерлер отбасымызды түгел қабылдауда болды деп қаз-қатар тіркей берген. Шын мәнісінде біз дәрігерге қаралмақ түгіл өтініш те тастамағанбыз. Қызығы, бұл тек менің басымнан өткен жағдай емес екен. Барлық өңірде кездесетінін білдім. Біз сонда не үшін медициналық сақтандыру қорына ақы төлейміз? Тым болмаса, қордың ақысын жекеменшік емханаларға берсе, сонда емделер едік, дейді қала тұрғыны.
Мұны ақпараттық жүйенің ақауы деп қабылдайын десек, осыған ұқсас жағдайлар басқа өңірлерде де тіркеліп отыр. Дәрігерлердің тоқсандық, айлық есебін түгендегеніне қарағанда, сол еңбегіне МӘМС-тен қаражат түсетін болса керек. «Жүре берсең – көре бересің» деген. Жанайдар Майкеннің жазбасынан осы Қарағандыдан Aян Шәкен есімді желі қолданушысының пікірін оқып, тосылып қалдық. Шынында ер азаматқа гинеколог дәрігерге қаралғаны туралы хабар келгені ақылға сыймайды. Бір ғана жазбаның астына медицина саласына қатысты осы тақылеттес сын-пікір толып қалған. Мұндай жайттар басқа өңірлерде де кездесетінін ескерсек, оның қайсыбірін жазып, түгендеп үлгереміз? Сондықтан біз медициналық көмектің сапасы жөніндегі сауалды денсаулық сақтау басқармасына емес, денсаулық сақтау министрлігіне жолдауды құп көрдік. Денсаулық сақтау министрлігінің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды үйлестіру департаментінің хабарлауынша, медициналық қызметтер пакеті сақтандырылған әрбір азаматтың жарна мөлшеріне қарамастан теңдей қолжетімді. Яғни пациенттердің жарнасы медициналық көмектің көлемі мен құнын шектемейді. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің пікірінше, медициналық мекемелердің басшылығы пациенттердің қаражатын және «айналымын» барынша игеруге мүдделі.
«Денсаулық сақтау субъектілері тарапынан шарттық міндеттемелерді бұзуға жол беру және медициналық көмек көрсету (тіркеу) туралы жалған мәліметтерді ұсыну фактілері бар. МӘМС шеңберінде халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жұмыс жыл сайын күшейіп келеді. Е-Денсаулық базасындағы бірыңғай IT-платформа базасындағы клиникалық хаттамаларды цифрландыру жоспарланып отыр. Мысалы, QR-кодтау, push-хабарламаларды қолдана отырып тұрғындар дәрігерге қаралғанын растай алады. Сонымен қатар медициналық қызметті күту мерзімі бойынша туындаған мәселелер бір емес, бірнеше факторға байланысты болып отыр. Денсаулық сақтау жүйесінде бейінді мамандардың тапшылығы байқалады. Бейінді мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік гранттардың ұлғаюына, өңірлік билік орындарының жас дәрігерлерді әлеуметтік қолдауына, денсаулық сақтаудың мемлекеттік секторында жалақының ұлғаюына қарамастан бұл мәселе әлі толық шешімін таппады», деген мәтінде жауап алдық.
Пациенттерді бейінді мамандарға жолдау кезіндегі келеңсіздіктерге жалпы практика дәрігерлерінің біліктілігі де әсер ететіні белгілі болып отыр. Яғни пациентті бірінші қабылдаған дәрігер дертіне шипа іздеп келген науқасқа дұрыс жол сілтеп, сапалы қызмет көрсетуге тиіс. Практика дәрігері өз деңгейінде диагноз қойып, пациенттерді жалпы аурулар тізіміне сәйкес емдеуі керек. Осы ереже-талап мүлтіксіз орындалар болса, бейінді мамандарға жүктеме азаяды. Диагностикалық қызметтердегі күту уақытын азайту үшін медициналық ұйым МРТ-ге кезек аз болатын басқа клиникаға жолдай алады. Бұл механизмнің енгізілгеніне көп болмапты. Сондай-ақ цифрлық медицина жеделдеп, кейбір қызметтер қашықтан және телемедицина арқылы көрсетіліп жатыр. Мұның барлығы – сайып келгенде медициналық көмектің мүмкіндігін молайту мақсатында қолға алынған жоспарлы іс-шаралар. Сондықтан қолжетімді медицинаның сапасы кезең-кезеңімен артады деп сенеміз.