Пікір • 18 Мамыр, 2023

Коучқа кіріптарлық

672 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір түрлі коучтардың дәурені жүріп тұр. Әлеуметтік желіні аша қалсақ, сан алуан тренингке шақыратын жарнама шыға келеді. Бірі бай болуға үйретемін десе, енді бірі сұлу әрі іскер әйел болудың құпиясын айтамын деп еліктіреді. Тіпті мықты жігіт тауып, бақытты әйел болудың сырын ашамын, шетелге сая­хаттаудың жолдарымен бөлісемін деп әуре. Осындай тренингтер өткізіп жүрген­дер өзін коуч санап, онсыз да санасы сан саққа жүгірген қоғамды адастырып жүр.

Алдымен коучтың қандай маман екенін, оның міндетін айқындап алайық. Коучинг (coaching ағылшын тілінен «жаттығу») – оқыту әдісі, «коуч» аталатын адам білім алушыға белгілі бір өмірлік немесе кәсіби мақсатқа жетуге көмектеседі. Коучинг жалпы дамудың орнына нақты белгіленген мақсаттарға жетуге бағытталған.

Коуч – сертификатталған маман. Оның негізгі білімінен басқа, адамды алға же­телейтін әдістерді меңгерген және тәжірибесі туралы білімін растайтын сертификатты болуы керек. Ал псевдо-коучтар көбіне ортан­қол курстарды ғана аяқтап немесе кітаптар­дан оқып «маманданып» алады.

Коуч беделін алға тартып, адамға өз ойын, пікірін тықпалап, қысым жасамайды. Ал псевдомаман тәжірибесін өз бетімен бағалап, пікірін алға тартып отырады. Білікті маман өзінің жеке тәжірибесін пайдаланады, бірақ оны негізге алмайды. Ол белгілі бір әдістемені ұстанады және әрбір клиенттің ерекшелігін түсінеді. Жасандылары болса, олардың құзыреттілігіне күмәнданған жағдайда, мінез-құлқын өзгертіп, агрессивті болуы мүмкін.

Тренинг өткізетін мамандарға берілетін сипаттама да осындай. Мәселен, шетелдерде тренинг өткізетіндердің арнайы сертификаты, білімі болуы қажет болмаса бұл кәсіпке жол жабық.

Өкінішке қарай, еліміздегі коуч, тренерлерде псевдомамандардың әрекеті басым. Біріншіден, тренинг өткізіп коучингке бет бұрғандарда арнайы сертификат жоқ. «Аңқау елге арамза молданың» кейпін киіп алып, жұмысын дөңгелентіп отыр, мақсаты – көп адамды тіркеп, ақшасын алса болғаны. Екіншіден, тренинг өткізіп, өздерін коуч санайтындарды саралап қарасақ, өмірлік қателіктері, ішкі өкініш, қорқыныштары бар жандар. Ал олар өзгелерге не бере алады? Өздері де өз жолдарын нақты тауып үлгерместен, өзгенің санасына еніп, қауіпке жол бастап отырмағанына кім кепіл?

Осыдан бір-екі жыл бұрын «Супермама­сита» деген лақап атпен елге танымал блогердің үстінен қылмыстық іс қозғал­ды. Істі Алматы қалалық полиция депар­таментінің мүліктік қылмыстарды тергеу бөлімі қарады. «Супермамасита» қаржылық тәуелділіктен арылып, несие мен қарыздан құтылып, түрлі бизнес-аккаунттарды басқаруды үйретуге бағытталған курсын 28 мыңнан астам адамға сатқан. Курс бағасы 22 мың теңгенің төңірегінде. Алайда онлайн сабақтың сапасы мен мазмұнына көңілі толмаған қатысушылар төлеген ақшаларын кері қайтару үшін полицияға арызданған. Бұл блогер негізінен мотиватор-коуч ретінде танылды. Бұған дейін де сан түрлі тренинг өткізіп, мыңдаған адамның қалтасын қақты. Ал бір ғана курсына байланысты адамдардың шағымын ескерсек, ол сабақтардың да пайдасы болғанына сену қиын.

«Курс өткізудің де өз тәртібі бар. Еш­қандай лицензиясы жоқ курстардан аулақ болу керек», дейді заңгерлер. Өйткені ақшаға білімін сататын мамандарды заңмен қудалап, тоқтау сала алмаймыз. Сондықтан заңгерлердің айтуынша, «Ақшасы төленген сабақтың мазмұны қаншалықты маңызды? Мотиватор-коучтардың айтып жүрген кеңес­тері тексерілген бе, дереккөз қайдан алын­ған? Арнайы сертификаты бар ма?» деген секілді сұрақтарға қызығушылық клиент тарапынан болуы керек. Мотиватор-тренердің ақпараты сапасыз болса, ол – қылмыс емес. Бұған байланысты елімізде заң жоқ.

Өкініштісі, халықтың көбі әлі де оңай ақша тауып, миллионер етіп шығарамын деген сөзге сенеді. Осы мотиватордың сабағына қатыссам, өмірім жақсарып кетеді деп ойлайды. Бірақ сол коуч-мотиваторлардың білім деңгейіне мән беріп жатқан жан сирек. Арнайы академиялық білімсіз-ақ адам оқытып, дәріс беретін инстаоқытушылар күннен-күнге көбейіп барады. Қатысушылар да жетерлік. Сонда сол адамдардың өмірін, болашағы мен ақшасын танымайтын біреудің қолына бере салатындай сауаты төмен бе? Ақылдысымақтардан үлгі алып, олардың тыныс-тіршілігін үнемі бақылап отыратын уақытты қайдан табады? Ақылын сатқандарға алданатын аңқау халыққа қатысты сұрақ көп...