Құқық • 19 Мамыр, 2023

Қылмысты мойындау жазаны жеңілдете ме?

419 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әділет министрлігі Мәжіліс депутаттарына «Қазақстан Рес­публикасының кей­бір заңнамалық акті­леріне Қыл­мыс­тық, Қылмыстық-пр­о­цес­тік және Қыл­­мыс­тық-атқару ко­декс­терін оңтай­лан­дыру мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.

Қылмысты мойындау жазаны жеңілдете ме?

Заң мақұлданса, қылмы­сын мойындағандарға жаза жеңілдеп, өкілеттіктерін асыра пайдаланған коллек­торлар қылмыстық жауап­кершілікке тартылуы мүмкін. Әділет вице-министрі Алма Мұқанова қылмыстық заң­намадағы кінәсін мойын­дағаны үшін жазадан босату туралы баптарға түзе­ту енгізуді ұсынып, депу­таттарға оның жай-жапсарын түсіндірді.

«Қазіргі таңда процестік келісімі 2 нысанда жасалады. Онша ауыр емес, ауырлығы орташа не ауыр қылмыстар бойынша – күдікті, айып­талушы келтірілген күдік­пен, айыптаумен келіскен жағ­дай­да кінәні мойындау туралы мәміле жасалып, соның негізінде жауаптылықтан бо­сатылуы мүмкін. Сондай-ақ қылмыстық топ жаса­ған қылмыстарды, өзге де адамдар жасаған аса ауыр қылмыстарды, сондай-ақ экстремистік және тер­рористік қылмыстарды ашуға және тергеп-тексеруге ықпал ету кезінде барлық санаттағы қылмыс бойынша ынтымақтастық туралы келісім бекітілген кезде жауаптылықтан босату көзделген. Қылмыстық заң процестік келісім­нің барлық шартын орында­ған адамның қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін екенін белгілейді Бұл Қылмыстық кодекстің 67-бабында көрсетілген. Процестік келісімі немесе «тергеумен мәміле» кезінде адам кінәні мойындайды, дәлелдемелер мен залалдың мөлшеріне дау айтпайды, тергеу мен сот жеделдетілген тәртіппен жүреді, яғни кінәні дәлелдеу үшін мемлекеттің уақыты мен қаражаты үнемделеді», деді Алма Мұқанова.

Бірақ вице-министр атал­ған процестік келісімінің екі нысаны арасында айыр­машылық барын айтты. Мәселен, егер бірінші жағ­дайда сотталушы тек өзінің кі­нәсін мойындап қана қой­са, екінші жағдайда одан қыл­мысты одан әрі ашуға бел­сенді жәрдемдесуі талап етіледі.

«Бұл ретте, іс жүзінде кі­нәні мойындау туралы мәміле міндетті түрде сот­тың айыптау үкімімен аяқ­та­лады және жазаның ең жо­ғары мерзімінің неме­се мөлшерінің жартысы­нан аспайтын жаза тағайын­дала­ды (Қылмыстық кодекстің 55-бабының 3-бөлігі). Егер сот кінәні мойындау туралы мәмілемен келіспесе, онда ол істі прокурорға әдеттегідей тергеуді ұйымдастыру үшін қайтарады. Осылайша, Кодекстің 67-бабының ере­же­лері іс жүзінде кінә­ні мо­йындау туралы мәмілеге қол­даныла алмайды. Осы­ған байланысты осы бап­тың қолданылу аясын ынты­мақтастық туралы іс жүргізу келісімінің барлық шартын орындау жағдайларымен ғана шектеу ұсынылады», деді вице-министр.

Сондай-ақ заңдағы түзету­лердің бірі – коллекторларға қатысты. «Қылмыстық ко­декс­те коллекторлық агент­тік қызметкерінің өз өкі­лет­тіктерін асыра пайдалан­ға­­ны, қарыздарды өндіріп алу­­­дың заңсыз әдістерін қол­дан­ға­ны, қаржылық қызмет­­тер­ді тұ­тынушылардың құ­қық­тарын бұзғаны, т.б. үшін жауапкершілігін көздейтін арнайы бап жоқ. Бұл ретте Қылмыстық кодекстің 214 және 223-баптары кол­лекторлардың тек тір­кеу­сіз коллекторлық қыз­мет­пен айналысқаны үшін, сол сияқты егер бұл әре­кеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірсе не ірі мөлшерде табыс табумен ұштасса, сондай-ақ коллекторлық қыз­меттің құпиясын жария еткені үшін ғана жауап­тылыққа әкеп соғады. Өз кезе­гінде, коллекторлық агенттік қызметкерінің өз өкілеттіктерін өз қызметінің міндеттеріне қайшы және өзі немесе басқа адамдар үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында пайдалануы қоғамға қауіпті іс-әрекеттер ретінде бағалануы керек», деді Алма Мұқанова.

Вице-министр бұл іс-шара заңдық сауатсыздыққа байланысты коллекторлық агент­тіктердің жосықсыз қызмет­керлерінің қысымына және айла-шарғысына ұшырауы мүмкін азаматтардың құ­қық­тары мен мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді деген пікірде.

Сондай-ақ Әділет ми­нистр­лігі экономикалық қыл­мыстардың айыппұлын айлық есептік көрсеткішпен есептемеуді ұсынып отыр. Вице-министр Алма Мұ­қанованың айтуынша, «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу», «Алаяқтық», «Экономикалық контрабанда», «Кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуден жалтару», «Ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару», «Параға коммерциялық сатып алу» сияқты қылмыстардың айып­пұлын АЕК-пен есептеуден бас тарту қажет.

«Қазіргі таңда Кодекстің 189 және 190-баптары бо­йынша бірнеше еселенген айыппұл тек мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға қатысты қолданылады. Бұл ретте бірнеше еселенген айып­пұлды қолдану – неғұрлым пәрменді эко­номикалық іс-шара. Соны­мен қатар мұндай санат­тағы адамдарға жаза­ның қо­сымша түрі, мысалы, бел­гілі бір қызметпен айналы­су құқығынан айыру қол­данылуы мүмкін. Өз кезе­гінде, басқа экономикалық қыл­мыстар бойынша қазір АЕК-пен айыппұл қол­даны­лады. Бұл – мемлекет­ке кел­тірілген залалға қатыс­ты пропорционалды жаза емес. Бірнеше еселенген айып­пұлдарды енгізу іс жүзінде көр­сетілген мәселелерді шешуге ықпал етеді», деді вице-министр.

Сонымен қатар «Қыл­­мыстық кодекстің 385-ба­бы­ның «Жалған құжат­­­т­арды, мөртабандарды, мөр­лердi, бланкілерді, мем­лекеттiк пошта төлемі бел­гілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу» санк­ция­­сын өзектендіру ұсы­ныл­ды. «Нақтырақ айт­сақ, аталған қылмыстарды жа­саған адамдарға белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айна­лысу құқығынан айыру тү­ріндегі жазаның қосымша түрін енгізу ұсынылады», деді Алма Мұқанова.

Қазір осы бап бойынша айыпталушылар 2000 АЕК-ке дейінгі мөл­шер­дегі айыппұл төлейді, не сол мөлшердегі түзеу жұ­мы­старына 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады, не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеп, не сол мерзімге бас бостандығы­нан айырылады. «Жазаның қосымша түрлерін қолдану өз кезегінде қайталанған құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді», деді вице-министр.