Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қазақстанға қатысты санкция қаупі туралы мәселе соңғы екі ай көлемінде бір емес, бірнеше рет көтерілді. Соның бәрінде мұны Батыс тарапы көтерді. Сәуірдің соңын ала біздің елге келіп кеткен АҚШ Қаржы министрінің көмекшісі Элизабет Розенберг Қазақстан үшін қайталама санкция тәуекелінің өсіп келе жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан Ресейдің санкциялардан жалтаруға тырысып жатқанын және өз көршісін осы жоспарда пайдаланып жатқанына дұрыстап мән беруге тиіс.
«Қазақстанға, оның компаниялары мен банктеріне қатысты тәуекел өсіп келеді. Біз Ресейдің санкциялардан да, экспорттық бақылаудан да жалтаруға тырысып жатқанын, олардың бұл талпыныстары сәтті жүзеге асып жатқанына көңіл аударуымыз қажет», деген еді Э.Розенберг.
Ол АҚШ үкіметі Қазақстандағы әріптестерімен, жеке сектордың өкілдерімен осы бар тәуекелдерді, сондай-ақ Ресей Федерациясының көмегімен санкциялар мен экспорттық бақылау іс-шараларынан жалтаруға байланысты туындауы мүмкін салдарларды нақты белгілеу үшін серіктестікте екенін айтты.
Сонымен бірге еліміздің жауапты орындары да бірнеше мәрте осы мәселеге қатысты заңдық ұстанымды ресми мәлімдеді.
Бұған дейін АҚШ Сауда министрінің көмекшісі Мэттью Аксельрод та АҚШ билігінің Ресейде санкцияланған тауарлардың Қазақстанға жеткізу көлемінің өсуіне қатысты алаңдаушылығы туралы айтқан болатын. Олар – негізінен зымырандар мен дрондарға арналған компоненттер.
«Қазір Ресей өздерінің қарулану жүйесін модернизациялауға қажетті компоненттер мен тауарларды алу үшін экспорттық бақылау мен санкциядан жалтару іс-шараларын жүзеге асырып жатыр. Сондай әрекеттің бірі – аталған тауарларды Қазақстан сияқты үшінші елдер арқылы тасымалдау. Ондай тауарларды РФ-ға Қазақстан аумағы арқылы жеткізу экспорттық бақылау талаптарын, сондай-ақ АҚШ заңнамасын тікелей бұзу болып саналады. Егер қақтығыс басталған кез бен қазіргі уақыт аралығын салыстырар болсақ онда мұндай тауарларды жеткізу өсімі айтарлықтай ұлғайған. Біз ең көп алаңдаушылық тудыратын тауарлардың тізімі туралы айтып отырмыз. Біз мұны ел Үкіметіне Қазақстаннан тыс жерлерде жүрген адамдар Ресей Федерациясына қатысты тыйым салынған операцияларды жүзеге асырудың түрлі жолдарын табуға тырысып жатқаны туралы хабарлау үшін жасаймыз. Біз компьютерлік чиптер, сондай-ақ ресейлік зымырандар мен дрондарға қажетті интеграцияланған электронды жүйелерде қолданылатын элементтер сияқты басым тауарларға назар аударамыз. Біз бүгін айфон, кір жуғыш машиналар туралы емес, энергиямен қамтамасыз ету үшін қолданылатын компьютерлік техниканың нақты элементтері, сондай-ақ зымырандар мен дрондардың навигациясы туралы айтып отырмыз», деді ол.
Жақында бұл мәселе Парламентте де көтерілді. Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың айтуынша, Қазақстаннан Ресейге электронды тауарлар экспортының 22 есе өсуі біздің халықаралық серіктестерімізді алаңдатып отыр.
«Шетелдік сарапшылардың пайымдауынша, мұндай секіріс «параллель импорт» және жалған транзит схемалары арқылы үшінші елдерден санкцияланған өнімдердің жасырын кері экспортынан туындауы мүмкін, бұл кезде Еуропадан тауар, тіпті Қазақстанға жетпейді және жарты жолда ресейлік компаниялар атынан түпкілікті тапсырыс берушілерге «қайта сатылады», деген еді депутат.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов қайталама санкциядан төнуі мүмкін қауіпке қатысты өз пікірін былайша білдірді.
«Елімізді еуропалық және америкалық санкциялардан айналып өтетін құрал ретінде пайдаланғысы келген кезде біз бұдан құтылуға тырысамыз. Сондықтан импорт туралы айтқан кезде айырмашылығы мен шекарасын нақтылауымыз қажет: егер тек бізде импорт көлемі артса, онда мұның бәрі Ресейге кететін параллельді импорт деген түсінік туындамауы керек. Мысалы, егер біз Ресейге экспорттау көлеміне қарасақ, онда номиналды есептеуде, керісінше 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы жылдық өсім жоқ екенін көреміз», дейді.
Дегенмен ол еліміздің Ресейге экспортының құрылымы біршама өзгергенін де айтады. Мәселен, шикізаттық тауарлар экспорты әжептәуір қысқарған.
«Елімізге дайын тауарлардың импорты артып келеді. Бірақ бұл ағын ешқандай санкцияға ұшырамаған Қытай, АҚШ-тан келіп жатыр. Санкциялық сауда жүрген кезде біз ондай нәрсенің алдын алуға тырысамыз. Біз сондай-ақ мемлекеттік басқару тетіктерін қолдана отырып Қазақстан аумағы арқылы Ресейге өтетін қос мақсаттағы тауарлардың экспортын тоқтатуға тырысамыз. Иә, қайталама санкциялар сол ел үшін де, бүкіл аймақ үшін де өте күрделі проблемалар тудырады деп санаймын. Себебі бұл машиналар мен жабдықтардың импортын тоқтатады және экономиканың өсуі мен өндірістің өркендеуі жолында үлкен қиындықтар туындайды», деді Ұлттық банк өкілі.