Шаруашылық • 19 Мамыр, 2023

Жайылым жетіспеушілігі мал басының көбеюіне кедергі

469 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ауыл тұрғындарының негізгі тіршілігі – төрт түлік. Ал жайылымдық жердің жетіспеушілігі бүгінгі күннің басты мәселесіне айналған. Өйткені ауыл іргесіндегі жерлердің басым бөлігі кезінде кәсіпкерлердің иелігіне өтіп кеткен. Соның салдарынан ауылдағы ағайын азын-аулақ малын көбейтіп, барын қорадан ұзатып баға алмай отыр.

Жайылым жетіспеушілігі мал басының көбеюіне кедергі

Алматы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Абдар­хмановтың айтуынша, Мем­ле­кет басшысының игерілмей жатқан жа­йы­лым­дық жерлерді ауыл тұрғын­да­рына қайтарып беру тапсырмасына сәйкес аймақта жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.

– Аудандар және Қонаев қаласының атқарушы органдары жыл басталғалы бері жалпы ауданы 285,5 мың гектар 601 субъектінің жайылымдық алқаптары пайдаланбай жатқанын анықтады. Ерікті негізде және сот шешімі бойынша 44,0 мың га жер мемлекеттік меншікке қай­та­рылды. Атап айтқанда, Балқаш ауданы – 758,0, Еңбекшіқазақ ауданы – 18,5, Жамбыл ауданы – 6093,9, Кеген ауданы – 5786,5, Іле ауданы – 12 595,9, Райымбек ауданы – 4523,57, Талғар ауданы – 10,3, Ұйғыр ауданы – 11090,6, Қонаев қаласы 3157,0 гектар аумақты кері қайтарған. Бұдан басқа, Алматы облысы прокуратурасының талап арызы бойынша сот шешімімен Жамбыл және Қарасай аудандарындағы жалпы ауданы 1931,0 гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне алынды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, – дейді Аманжол Абдархманов.

Төрт түлік өсіруден жері шұрайлы Жамбыл ауданы Алматы облысы екіге бөлінбей тұрған кездің өзінде бірінші орында еді. Атап айтқанда, қой-ешкі мен ірі қара, жылқы санынан бірінші орында болса, түйе өсіруде ғана төртінші орынға табан тіреген.

– Мал санағы жылына екі рет өтеді. Жазғы санақ жас төлмен қоса есептеледі. Былтырғы жылы ұсақ мүйізді мал саны 1 млн 200 мыңнан асқан. Жалпы, ұсақ мал саны бойынша ауданымыз респуб­­­ликада үшінші орынға тұрақтайды, – дейді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Туматаев.

Алайда мал санының көбеюі таби­ғат­­қа, флора мен фаунаға да зардабын тигізбей қоймайды. Бұрынғы ұжым­шар кезінде шаруашылық орталық­тан­дырылып, ауыспалы жайылым белгі­ле­не­тін. Ал қазір жыл он екі ай бір жерде отырып, мал жаятын шаруа қо­­жа­лықтары көбей­ген. Оған жердің жетіспеушілігі мен ары-бері көшудің қиындығы қолбайлау. Салдарынан ауыл төңірегі тозып, топырақ құнарсызданып жатыр. Сондықтан бұл мәселе аудан әкімінің есептік кездесулерінде жиі көтеріледі. Егер мал басын көбей­ту осы қарқынмен жүре беретін болса, ал­да­ғы бес жылдықта қой басы 2 млн-ға жетіп қалуы әбден мүмкін деген болжам бар.

– Осы жағдайға байланысты шағын бордақылау алаңын іске қосып, саннан сапаға көшу мәселесі туралы халыққа тү­сін­дірме жұмыстарын жүргізіп келе­міз. Біз шаруа қожалықтарына барып «ма­лың көбейіп кетті» деп ешкімге айта алмаймыз. Біреудің дәулетіне шектеу қоя алмаймыз. Аудан бойынша 61 елді мекен бар. Оның 54 елді мекеніне 42559 гектар ортақ жайылымдық жер белгіленген. Қазіргі күнге Қызыләскер, Еспе, Жаңақұрылыс, Ынтымақ, Шолақ Қар­ғалы сынды он шақты елді мекенге жа­йылымдық жер белгіленбей тұр. Бұл да басты мәселе, – деген әкім орынбасары ортақ жайылым мәселесі күн тәрті­бін­де тұрғанын алға тартты.

Жалпы ауданның ауылшаруашылық жер­ле­рінің көлемі – 1 477 484, ауыл тұр­ғын­дарының ортақ жайылымына қа­жет жер көлемі 159 105 гектарды құ­рай­ды. Бүгінгі күнге осы қажет­ті­лік­тің 30 па­­­йызы шешім тапқан. Жерді қайтарып алуда шаруа қожа­лық­та­ры­ның да зардап шегетінін әңгімеге ар­қау еткен әкім орынбасары Ақниет Тұ­рысбекұлы тығырықтан шығудың бір­неше жолы бар екенін, соның бірі – ауыл тұрғындарына тек сауын малын шектеп ұстау, яғни жайылымдарда бағы­ла­тын малдың 1 гектарға шақ­қан­да­ғы үле­сі белгіленген нормативтен аспау қа­­жеттігін түсіндіру қажеттігін айтады. Оған себеп те жоқ емес.

– Мысалы, Жайсан ауылының іші кәдімгі мал қора сияқты болып кеткен. Тө­селген асфальттің беті көң болып жа­тыр. Өйткені ол жақта бір ауладан бір отар қой өріп шығатын үйлер бар. Бұл ауылдың санитарлық-эпи­де­мия­лық жағдайына да кері әсер етпей қоймайды. Ауыл тұрғын­да­ры­ның жайлы өмір сүруіне, таза­лығы мен тұрмысына да залалын тигі­зеді, – деген ол сол се­беп­тен, елді мекен­дерде мал ұстаудың шек­тік нормасын белгілеу қажеттігі мәс­лихат депутат­тарының назарына ұсы­ныл­­ған­ды­ғын айтты.

Аудан әкімінің бастамасымен қолға алынған қанатқақты жоба Ақсеңгір ауыл­дық округінен бастау алмақ. Бұл мақ­сатта ауыл тұрғындарына түсіндірме жұ­­мыстары ұйымдастырылып жатыр. Ортақ жайылымның ең көбі осы Ақсеңгір ауылдық округінің еншісінде, 7400 гектар жері бар, соның өзі жеткіліксіз көрі­не­ді. Ал аталған ауданда 24 ауылдық округ бар.

– Былтыр Мыңбаев ауылындағы Қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс­титутында ауданның асыл тұқымды қошқарларының көрмесін өткізгенбіз. Сол кезде Балтық елдерінен келген де­ле­­гация мүшелерінен естігенім, тер­рито­риясы кішкене ғана Эстонияда 30 мың ғана қой өсіріліп, етін экспортқа шығарады екен. Ал біздегі Мәтібұлақ ауылдық округіндегі қой саны 70 мыңға же­тіп қалды. Осыған қарап аудан округінің мал саны бір мемлекеттің мал са­ны­нан екі есе көптігін білуге болады, – деген Ақниет Туматаев Айдарлы округінің қой саны 55 мыңға жуық­тай­тын­­дығын, ал халық саны 1200 адам­ның төңі­регінде екендігін мысалға келтірді.

Ортақ жайылым – ауыл малын бағу­ға арналған жер. Алайда бір қора­дан мыңдаған мал өрсе оған ортақ жайы­лым­ның тарлық ететіні айтпаса да түсінікті. Жайы­лымдық жерді тиімді пайдалану Жамбыл ауылында бір жүйеге келіп, проблема түйіні тарқатылған. Ауыл тұр­ғындарына былтыр – 280, биыл 270 гек­тар жер ортақ жайылым ретінде белгіленіп берілген. Бүгінде ауылдың тә­жіри­белі бақташысы Айтжан есімді азамат ортақ жайылым жерін өзі қорып, оған ауылдың малын жаяды. Бұл – басқа ауылдарға үлгі боларлық нәтиже. Осы жерде пайдаланбай жатқан жерді қайтару мәселесі 42 мың гектармен тоқ­тап қалмайтындығын сөз еткен әкім орынбасары аудан орталығына жақын ауылдардың ортақ жайылымдарын рет­теуде қиындық барын айтады. Мысалы, Қарасу округінде 4 елді мекен бар болса, әр елді мекендегі ауылдық жа­йы­лымның көлемі бар-жоғы 90-100 гектардан аспайды.

Жалпы жайылымдық жерді өз мақса­тын­да игеру дегеніміз – соған сәйкес малы болу дегенді білдіреді. Бүгінгі күнге жері бар, иесі жоқ шамамен 5 мың гектарға дейінгі жер қайтарылған. Нақтыласақ, пайдаланылмайтын жайылым жерлер учаскесі – 89, яғни 55635 гектарды құрайды. Оның ішінде жер пайдаланушылармен келіссөздер жүргізу арқылы 2 жер учаскесі бойынша 446 гектар жер ортақ жайылымға қайтарылған. Сондай-ақ сот талап арыз жолданған жер учаскелер саны – 16, көлемі 8536 гектарды құрайды. Сот шешімі шықса бұл жерлер де халыққа қайтарылмақ. Десе де, мың бас малдың орнына сапалы жүз бас өсіріп, мал азығының берік қорын жасаудың тиімділігі насихаттала бермек. Ауыспалы жайылым болмаған жерде мал арасында жұқпалы аурудың таралуы, жайылымның құнарсыздануы сынды мәселелердің ушыға түсетіні анық. Оны алдын алуда жайылымдық жерді белгіленген нормативтерге сай ұқыпты әрі тиімді пайдаланудың ма­ңы­зы зор.

Мемлекет басшысының тапсырмасын тыңғылықты орындауда Қарақастек ауылдық округінің тұрғындары бел­сен­ділік танытып жүр десек, асыра айт­­қандық емес. Биылғы ақпан-нау­рыз айларында Үшбұлақта 93 гектар шаруа қожалықтарының жерлері қай­тарылып, заңдастырылса, Бұрған ауы­лын­дағы «Шынжырбай» өндірістік кооперативінен – 420, ал Қарақастек ауылынан 2000 гектар жер, «Сүйінбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мен­шігінен алынып, әкімшілік теңге­рі­міне заңдастырылып жатқанын айт­қан ауылдық округ әкімінің орынбасары Әлібек Жекен, мұның барлығы үлескер азаматтардың келісімімен ше­шім тапқандығын мәлімдеді. Сөйтіп, ауыл тұрғындары жайылымға қол жет­кізген. Алайда Қарақастек ауылында табын жоқ. Ауылдық әкімдік қыз­мет­керлері қолдағы малды келісіп, жай­лауға жіберуді ұйғарып отыр. Себебі ауыл маңында бос жүрген мал қарау­сыз қалып, егінге немесе елдің бау-бақ­шасына кіріп кету жағдайлары жиі­леп, шағымданатындар көбейген. Осындай реніш туындамас үшін әрі жай­лауда жайылған малдың қоңды болары түсіндірілуде. Бұл істе ауыл тұр­ғыны Айгүл Ордабаева белсенділік танытып жүр. Бүгінде ол жерді жалға алып, мал бағуды кәсіпке айналдырған. Қой мен ірі қара басына төленетін ақ­ша әкімшілікпен келісіліп бекітіледі. Ауыл­дық округіндегі мал басына шақ­қан­да 15 мың гектар жер қажет болса, бүгінде 2500 гектар жер шешімін тапқан. Ортақ жайылымдық жерлер негізінен «Болай», «Шынжырбай», «Бұрған», «Сүйінбай», «Қарақастек» сынды ірі шаруа қожалықтарынан қайтарылған.

 

ТҮЙІН. Екі жыл бұрын Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев игерілмеген жайылымдық жерлерді тұрғындарға қайтарып беруді тапсырған болатын. Мемлекет басшысы бұл мәселе әсіресе, Түркістан, Алматы, Қызылорда облыстарында айқын сезіліп отырғандығын атаған еді. Ал бұл мәселенің Алматы облысында қаншалықты шешімін тауып отырғанын бір ауданның мысалында айттық...

 

Алматы облысы