Мәдениет • 18 Мамыр, 2023

Музейдегі түн

667 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ғажап! Музей түні. Бұл мерекеге ағылған адам көп. Келе сала көргеніміз ұзын-сонар кезек болды. Мәдени ордаға асыққан көрерменнің осындай қызығушылығы қуантады. Музей – өткеннің өзегі. Ол – тарихи жадымыз бен мәдени мұрамыздың ордасы ғана емес ұлттық рухымыздың бейнесі. Өткенін білген елдің ертеңі де жарық.

Музейдегі түн

Бүгін «еңбектеген баладан, еңкейген қартқа» дейін бәрі музейде. 47 мыңнан астам адам тарихын танып, рухани күш алуға асыққан. Келушілердің арасында музей табалдырығын алғаш аттағандар да бар. «Музей түні» шарасы өтетінін біліп арнайы келген. Бұндағы құнды жәдігерлерді, тарихи мұралар мен өнер туындыларын тамашалап ерекше әсерленгеннен кейін алдағы уақытта тағы келуге ниетті екенін айтып жатыр. Ең үлкен жетістік осы. Бұл шараның мақсаты да көпшілікті тарихи-мәдени жадымызбен жақындастыру.

«Музей түні» акциясы барысында мерекеге орай концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Музейде ұлттық аспаптың үні жаңғырып, «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі, Үрмелі аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов арнайы құттықтап, сөз сөйледі және музей саласында елеулі еңбек еткен бірқатар азаматқа награда табыстады.

«Тамыры терең тарихымызды танытуда еліміздегі музейлердің рөлі өте маңызды. Жалпы ел бойынша 271 музей болса, оларда 3 миллионға жуық құнды экспонаттарымыз бар. Онда көптеген музей қызметкері жұмыс істейді. Президентіміз еңбек адамдарын айрықша құрметтуіміз керек екенін айтып, арнайы тапсырма берген болатын. Сондықтан музей қызметкерлерін бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Шараға әжелеріміз, аталарымыз, қарындастарымыз, бауырларымыз келіп жатыр. Ұрпақтар сабақтастығын сақтай отыра ұлы қазақ даласының мәдениетін дамытуда еңбек етейік, құрметті әріптестер», деді министр Асхат Оралов.

Сондай-ақ мәдениет және спорт министрі алдағы уақытта «Музей түні акциясы үлкен қалаларда ғана емес, бүкіл ел аумағын қамтуы керек деп айтты.

«Біз осыдан бір ай бұрын палеонталогия залын аштық. Қолөнершілерді қолдау мақсатында қолөнершілер орталығы ашылған болатын. Атқарылып жатқан істер көп. Бүгін келушілер саны 10 мыңға дейін жетеді деп отырмыз. Бір қуантарлығы отбасымен келгендер өте көп екен. Мәдениетімізді тану мақсатында осы шараның белсенді қатысушылары болып отыр. Тарихымызды паш ету, жас буынға түсінікті тілмен жеткізу үшін бұл шараның жалғасы міндетті түрде болады. Енді елорда төрінде ғана емес, Қазақстанның барлық аймағында өткізілсе нұр үстіне нұр болар еді деген ойдамын», деді министр.

Шара аяқталғанша кезек көбеймесе, азайған жоқ. Сөздің басында таңданысымызды жасырмағанымыз да сол. Расында, ел үшін тарихын білетін, мәдениетін түсінетін тұлғалар қажет. Ол үшін музейдің атқарар еңбегі мен алатын орны ерекше!