16 Шілде, 2014

Ниет еткенге мешіттен бір орын табылады

523 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Баяғыда емес, осы кеше ғана болған оқиға. Бір жұмада молда шаштаразға барып, сақал-мұртын бастыртып, шашын алдыртыпты. Алдында отырған адамның кәтта молда, үлкен діндар екенін білетін шаштаразшы бір уақытта: «Аға, шынымды айтайын, бұл дүниеде Алла бар дегенге сенбеймін», деп қалыпты. Молда үндемейді. Сірә, Алланың ақиқаты көптен бері алқымынан алып, мазалап жүрген болса керек, шаштаразшы біраздан кейін тағы да: «Алла жоқ», деп қалады. Молда тағы үндемейді. Ісін бітіріп, тарақ-қайшысын жинап, реттеп жатқан шаштаразшы тағы да бір рет: «Алла жоқ», дейді. Сонда орнынан тұрып, үсті-басын қағып жатқан молда: «Неге өйтіп айтасың, қандай дәлелің бар?», депті. – Өзіңіз қараңызшы, мына дүниеде байлар бар, кедейлер бар. Бір байлар ақшаны судай шашып, жалғанды жалпағынан басып жүр, екінші біреулер ішерге ас, киерге киім таппай, қиналып жүр. Осы теңсіздікті реттемей Алла не бітіріп жүр? – дейді шаштаразшы ашынып. Молда үндеместен сыртқа шығып кетеді. Шаштараз дәл қаланың ортасында, адам көп жүретін жерде орналасқан екен. Сыртқа шыққан молда соларға қарап: «Ей, халайық, бұл жерде шаштараз жоқ», деп айқайлапты. Ары-бері ағылып жатқан халық қарап қалады. «Халайық, бұл жерде шаштараз жоқ... Басқа жаққа барыңыздар». Бұл айқайды естіп шаштаразшы далаға атып шығыпты. «Молдеке, мұныңыз не, көзімді бақырайтып қойып, «шаштараз жоқ» дегеніңізге жол болсын? Қазір ғана сіздің сақал-мұртыңызды басып, шашыңызды алып бердім емес пе?», дейді алқынып. Сонда молдекең: «Сен өзің қарашы, мына жерден қаншама жұрт ағылып жатыр. Бірақ, солардың арасында шашы өсіп, сақал-мұрты ұзарып кеткендері де бар. Солардың сақал-мұртын, шашын реттемей, сен не бітіріп жүрсің?», депті. – Оу, қызықсыз ба? Мен қайсысының артынан жүгіріп жүремін, олар сіз құсап менің алдыма келмей ме екен, мына орындыққа отырмай ма екен, сосын сақал-шашын реттеп бермеймін бе екен? Осы кезде молда: «Міне, көрдің бе? Сен неге Аллаға құлшылық жасамай жатып «Алла жоқ» деп айтасың. Аллаға қарай алдымен өзіміздің қадам басуымыз керек. «Маған бір қадам жүрсең, мен саған он қадам жүремін», деген Алла Тағала. Алланың мейірімінде шек жоқ. Алдымен Аллаға құлшылық жаса, ниет ет, тәубеңе кел», – деген екен. ...Сол айтпақшы, ораза ұстаған жандардың осынау қасиетті айдағы Аллаға деген құлшылықтары, ниеттері, тілектері қабыл болсын! Әрине, бұл жағдайдан кейін біздің қоғамдағы бай адамдар таңертеңнен кешке дейін Аллаға жалбарынады, ал тұрмысы төмендер құдайын тіптен ұмытқан екен деген түсінік тумауы керек. Алла: «Сұрасаң, беремін», деген. Жаратушыдан қорықсаңдар, Алла күтпеген жерден ризық беріп, тығырықтан шығатын жол пайда қылады. Бір елдің халқы Алладан қорықса, Жаратушымыз көк пен жердің береке-бесігін ашып қояды. Құлы жалынып сұрайды, Алла береді. Келесі жағдайда құлы сұрайды, бірақ, Алла бермейді. Алайда, оған төніп келе жатқан басқа бір қауіптің жолын кеседі. Міне, қасиетті Құран осылай деп тәпсірлейді. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген. Қайбір жылы Тараз қаласындағы орталық мешіттің «жыры» созылып, құрылысы зорға аяқталып, әрең дегенде пайдалануға берілгенін жам­был­дық ағайындар жақсы біледі. Сол Алла үйі пайдалануға әне беріледі, міне беріледі деген күндердің бірінде белгілі айтыскер ақын Шорабек Айдаров таксиге мінсе, шопыры қазақ жігіт қайта-қайта: «Тү-у, мына мешіт­ті ел қаншама жыл күткенде іші тар болып қалатын болды, құрылысын зорға бітірді», деп күйіне берсе керек. Сонда Шөкең: – Сен өзің намаз оқитын ба едің? – деп сұрапты. – Жоқ. – Айналайын, сен өзің намаз оқитын болып, осы мешітке келші, бірнәрсе қып бір орын тауып берерміз, – деген екен. Сол айтпақшы, Аллаға құлшылық жасаймын деген кісіге мешіттен қашанда бір орын табылады. Тек ниет болсын, ағайын! Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.