Бірінші болып ойға әрине Бұқтырма су қоймасы келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та 2022 жылы қысқа мерзімді еңбек демалысын осында өткізген. Одан соң Сібе, Шыбындыкөл (Тайынты), Дұбығалы көлдерін айтқанымыз жөн. Сіздерге сол жерлерге облыс орталығы – Өскеменнен жету жолдарын, демалушылар үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылғанын таныстырмақпыз.
Бұқтырма су қоймасы
Бұқтырма – еліміздегі ірі су қоймаларының бірі. Көз жетпес көлеміне қарап, көпшілік оны теңіз деп те атайды. Негізі, өндірістік мақсаттағы су қоймаларын көрсе көз тояды деп айту қиын. Десе де Бұқтырма – бұл пікірді жоққа шығаратын ғажайып жер. Шалқыған шығанағы, құмға бай жағалауы, жақпар-жақпар жартастар мен жап-жасыл қарағайлар тек қазақстандық қана емес, шетелдік тынығушылардың да назарын аудармай қоймайды.
Бұқтырма Өскеменнен 100 шақырым қашықтықта орналасқан. Алтай ауданына апаратын жолмен бағыт аласыз. Тек таксимен емес, автобуспен, пойызбен де жетуге болады. Мұнда демалыс базалары өте көп. Базаларда төлеген ақыңызға қарай қызмет көрсетеді. Қайық, катамаранды жалға алып, су үстімен серуенге де шыға аласыз.
Алакөл Абай облысының құрамына кеткеннен бастап Шығыс Қазақстан облысының билігі туризм саласындағы бар үмітін осы Бұқтырмаға артып, демалыс орнын дамыта түсуді көздеп отыр. Осы мақсатта қандай жұмыстар атқарылатынын ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Марат Қабақов айтып берді.
«Бұқтырмадағы туризмді дамыту жұмыстары 3 кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезең биыл басталады. Онда Алтай ауданы Жаңа Бұқтырма кентінің орталық бөлігін абаттандырумен айналысамыз. Бүгінгі таңда жолдарды күрделі жөндеу және көшелерді абаттандыру бойынша жобалар әзірленді. Сондай-ақ саябақ пен серуендеу аймақтарын жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Келесі жылдың соңына дейін жалғасатын жобаның екінші кезеңінде «Арбат» жаяу серуендеу аймағы салынып, қоғамдық жағажай абаттандырылмақ. Октябрьский кентіндегі қолданыстағы өрт сөндіру депосының аумағында 2 автокөлікке арналған өрт сөндіру бекеті мен гараж боксын салу көзделіп отыр», деді М.Қабақов.
Оның айтуынша, үшінші кезеңде Жаңа Бұқтырма кентінде жаңа саябақ салынады. Онда ойын алаңдары, вело-серуендеу аймағы, қоғамдық тамақтанатын орындар, концерттік сахна және сәулеттік нысандар болады.
Сібе көлдері
Өскеменнен 85 шақырым жерде орналасқан. Асфальтты жолмен Ұлан ауданына қарай жүріп екі сағатта жетуге болады. Сібе – суы тұп-тұнық бес көлдің бір арнаға тоғысқан жері. Айналасы гранитті таумен қоршалып, Сібе деген атауға ие. Мұнда бірнеше күнге немесе таңнан кешке дейін шомылатындай бір күнге ғана келуге болады. Өздеріңіз алып барған шатырда да демалуға рұқсат.
«Шалқар» деп аталатын Сібенің үшінші көлінде муниципалды жағажай бар. Бұл аумақта демалыс базалары да жұмыс істейді. Онда 2-ден 10 адамға дейін арналған үйлер бар. Ойын-сауықтан теннис корты, волейбол және баскетбол алаңдары, үстел теннисі, бадминтон, балалар ойын алаңдары орын тепкен. Қайық пен катамаранды жалға алу мүмкіндігі де қарастырылған. Базаларда күн сайын балалар мен ересектерге арналған аниматорлар да жұмыс істейді. Сібенің суы таза болғанымен басқамен салыстырғанда сәл салқындау.
Шыбындыкөл
Бұл көл Өскемен қаласынан 80 шақырымдай жерде (Самар тасжолы бойында) орналасқан. Ел-жұрт Тайынты деп те атайды. Маңайы қылқанжапырақты ағаштарға бай, әрі айналасын жартасты тау жоталары қоршаған.
Баурайында шетен, мойыл, маралоты өседі. Ондағы демалыс базаларында балалар ойын алаңы, волейбол алаңы, үстел теннисі және әр үйдің ауласында кәуап әзірлеуге арналған орындар бар.
Айыр көлі
Халық арасында «Үш Монастырь» деп аталатын тауға жақын жерде орналасқан. Тереңдігі – жеті метр. Көлдің өзі таудың ары жағында. Көлге қалай жетемін десеңіздер, онда Алматыға баратын тасжол бойына, Өскеменнен шамамен 50 шақырым жерге бару қажет. Сартымбет ауылына бұрылыста тасжол басталады, сонымен жүресіз.
Айыр көлінде үш жағажай және асты тастақты шомылатын орындар бар. Ал көлдің шығыс жағалауында үйлер жалға беріледі. Мұнда туристер негізінен бір күнге ғана келіп тынығып қайтады. Суға түсіп, күнге қыздырынып, тау жоталарына шығып серуендеуге мүмкіндік бар. Бір айта кетерлігі, осында көлік қоюға арналған орындар аз. Есесіне айналада көз тартарлық таулар көп, әрі ауасы да таза.
Каменка көлі
Негізінде бұл су қоймасы деп аталғанымен халық арасында Каменка көлі деген атпен таныс. Облыс орталығынан 70 шақырым жерде орналасқан. Көлге жолдың мынадай бағыттарымен жетуге болады: Өскеменнен Қасым Қайсенов кентіне барып, ары қарай Айыртау ауылына кіреберіс жерден оңға бұрылу керек. Сосын «Басты жол» белгісіне қарай бағыт алып, сол тұстан Қанай ауылына дейін тіке тартасыз. Бірақ Қанай ауылына жетпей жолайрық шығады, сол жерден солға бұрылыңыз. Одан соң жаңа төселген тасжолмен тағы солға қарай бұрыласыз. Ары қарай қосалқы жолмен түспей, тура көлге дейін бару қажет. Жалпы осы тұсқа келгенде басқа жолдарды таңдауыңыз мүмкін. Ештеңе етпейді, жалғызаяқ жолдардың барлығы түптің-түбінде Каменкаға әкеледі. Бар айырмашылығы бірі ұзақтау, ал тағы біреуімен жүрсеңіз тезірек жетесіз. Сондай-ақ түрлі жолдармен жүре отырып, су қоймасының әр тұсына тап болуыңыз мүмкін.
Мұнда суға түсіп қана қоймай, балық аулауға да болады. Тағы бір айта кетерлігі, Каменкада сарқырама бар. Соған келіп, суретке түсіп, шомылатындар көп. Суы өте жылы.
P/s: Шырайлы Шығыстың жайдары жазда туристерді тартатын демалыс орындары осы. Өскемен қаласының өзінде де шомылуға болатын екі жер бар. Олар – Сол жағалау кешені мен Октябрь кентінің жанындағы Самал жағажайы. Мөлдір судың жағасында тынығып, күш жинап қайтқыңыз келсе, қамдана беріңіз!