Күрес • 21 Мамыр, 2023

Жақсылықты еске алу

474 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада Қазақстанның Еңбек Ері, күрестен КСРО-ның еңбек сі­ңір­ген спорт шебері, Қа­зақстанның ең­бек сіңірген жат­тық­ты­рушысы, Мәс­кеу Олимпиа­дасы­ның чем­­пионы Жақсылық Үш­кем­піровті еске тү­сі­руге арналған рес­пуб­ли­калық ашық турнир аяқталды. Аталған жарыста еліміздің барлық ай­мағынан келген балуан­дардан бөлек, Қыр­ғыз Республикасы, Өз­бекстан, Тәжікстан, Әзер­­байжан және Из­раиль­­дің 20 жасқа де­йінгі ең үздік 164 ба­луа­ны бозкілемнің шаңын қақты.

Жақсылықты еске алу

Жақсылық Үшкемпіровтің есімі бүгінде тек күрес сала­сының жанкүйерлеріне ғана емес, бүкіл әлемге белгілі десек артық айтқандық бол­мас. 69 жыл ғұмыр кешкен абзал азамат тек Жамбыл өңірінде ғана емес, Қазақстанда осы күрес түрінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.

Бозбала шағында қазақша күрестің қыр-сырына қаныққан Жақсылық Үшкемпіровтің кейіннен өзін дүние жүзіне танытқан күреске кездейсоқ келгенін жанкүйерлер жақсы біледі. Семейдегі жоғары оқу орынында оқып жүргенде болашақ Олимпиада чемпионы шаңғы тебуден сынақ тапсыру керек болған. Алайда шаңғы теуіп көрмеген Жақсылық үшін бұл сынақ қиынға соқты. Содан дене шынықтыру пә­нінің мұғалімі оған жеңілдік жасап, «Егер өзге студентті белдесуде жеңетін болсаң, сынық қағазыңа қол қойып беремін», дейді. Ауылдың шаңында аунап өскен, мектеп кезінде қазақша күреспен айналысқан Жақсылық Үш­кемпіров қарсыласын бұйым құрлы көрмей, «ә» дегеннен алып жығады. Осыдан кейін Жақсылықтың күрестегі жұл­дызды сәті жана бастады. 1971 жылы еркін күрестен Қазақстан чемпионы атанса, 1972 жылы грек-рим күресінен КСРО біріншілігінде бесінші орынға ие болды. Араға бір жыл салып чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізіп, КСРО құрамасының қатарына қабылданды. Әрі қарайғы даңқты отандасымыздың же­тістіктері баршаға белгілі.

Биыл қатарынан үшінші жыл ұйымдас­тырылған ха­лықаралық турнирге тоқталар болсақ, үш күнге жалғасқан респуб­ликалық білекті жас ба­луандар бәсекесінде жер­лестеріміздің арасынан Айбек Айтбеков (55 кг), Олжас Ерғали (77 кг), Ислам Евлоев (82 кг), Нұрасыл Аманалы (87 кг), Нұртас Қыдырбаев (97 кг) және Жохар Узаров (130 кг) өз салмағында чемпион атанды. Сонымен қатар балуандарымыз 5 күміс, 14 қола жүлдені ел қоржынына салды. Сөйтіп, жал­пыкомандалық есепте Қа­­зақстан балуандары дара шықты.

Әзербайжан құрамасы са­пынан Илкин Гурбанов (60 кг), Канан Абдуллазаде (67 кг, U-20 әлем чемпионы) мен Руслан Нуруллаев (72 кг) өз салмағында үздік шық­қан соң жалпы есепте 2-орынға тұрақтады. Үздік үш­тікті түйіндеген Қырғыз Рес­публикасына жалғыз алтын медальді Жанторо Мирзалиев (63 кг) сыйлады.

«Бұл жарыстың біз үшін орны ерекше. Жылдан-жылға ауқымы кеңейіп келе жатқаны қуантады. Келесі жылы бұдан да көп ел қатысуы үшін жыл­дың басына ауыстыру керек болады. Оны Халықаралық күрес федерациясының күн­тіз­бесін ескере отырып, бе­кітуіміз қажет. Мысалы, осы жарысқа Өзбекстан құрамасы біраз мықты балуандарын жібере алмады. Себебі он­да қазір ел чемпионаты өтіп жатыр. Ал Әзербайжан мен Қырғызстан құрамасы негіз­гі құраммен келді», деп айт­ты Қазақстан әйел­дер, грек-рим және еркін күрес феде­рациясының пре­зиденті, Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов.

Осы турнирден кейін Ас­тана қаласында Қазақстан мен Әзербайжан құрамасы бір­лескен оқу жаттығу-жиынын өткізіп, құрлық чемпионатына дайындыққа кіріседі. Біздің балуандар шілде айының 12-20-сы күндері Иордания астанасы – Амманда сары құрлық бәсекесінде (U-15 пен 20) бақ сынаса, Әзербайжан спортшылары Еуропа чемпионатында жүлдеге таласады. Осы жас са­натындағы әлем чем­пионаты Польша астанасы Варшавада 14-20 тамыз аралығында болады.