Айтыс өнері енді ғана қайта жандана бастағанда «Жезқазған облысының бас ақыны» атанған Шынболат Ділдебаев сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі еді. Оның мәдениет пен өнерге сіңірген еңбегі лайықты бағасын да алды. Оған 1991 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағы берілді. Ол Ақтөбе, Қызылорда, Сәтбаев қалаларының және Қызылорда облысы Шиелі ауданының Құрметті азаматы атанды.
Өкінішке қарай, Ш.Ділдебаев 1998 жылы өмірден озды. Ол небәрі 61 жаста еді. Әркімнің тағдыры әрқалай өріледі емес пе? Шынболат та өмірдің түрлі сынақтарына тап болған жан еді. Әкеден жастай жетім қалды. Жер ортасына жеткенде аяулы жары Әлия өмірден өтті. Араға 4-5 жыл салып, ол 1997 жылдың көктемінде Аралдың ару қызы Гүлсарамен бас қосты. Олар небәрі 1 жыл 7 ай ғана бірге ғұмыр кешті.
«Өлгеннің соңынан өлмек жоқ» дейді қазақ. Шәкең қайтқаннан соң Гүлсара да өз еліне қайтатын болса, ешкім оны кіналай алмас еді. Бірақ... ол Шынболаттың шаңырағын күзетіп, келген жерінен кері қайтпады. «Тағдыр менің маңдайыма Шәкеңнің ошағының отын сөндірмеуді, соңында қалған әдеби мұрасын халық кәдесіне жаратуға бас-көз болуды жазған секілді», деген ойға табан тіреді. Содан бері ширек ғасыр уақыт өтті. Осы жылдар ішінде Ш.Ділдебаевты мәңгі есте қалдыру, оның шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында көптеген шаруа атқарылды.
Ең алдымен, 2000 жылғы 2 наурызда Сәтбаев қаласындағы бұрынғы «Байқоңыр» кинотеатры Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы деп өзгертілді. Қаулыға сол кездегі Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Сол жылғы Наурызда Сарайдың салтанатты ашылуы болып, республикалық айтыс өткізілді.
2001 жылы Сарайдың ішінен Ш.Ділдебаев мұражайы ашылды. Мұнда ақынның кітаптары, қолжазбалары, құжаттары, алған сый-сияпаттары, тұтынған заттары рет-ретімен орнын тапты. Сәтбаев қаласында халықпен кездесу кезінде Фариза Оңғарсынова «Жаңа ғана мен Шынболаттың мұражайында болдым. Шап-шағын болғанмен адамды шалқар сезімге бөлейді екен. Біздің әрбір ауыл, қаламызда арамыздан шыққан айтулы азаматтарға осындай құрмет көрсетілуі керек. Біз соны ескере бермейміз. Мына мұражай – Шынболаттың соңында қалған Гүлсара сынды жоқтаушысы болғанының арқасы деп ойлаймын. Сондықтан көпшіліктің алдында аруақ сыйлаған сіңіліме рахмет айтқым келеді» деп, ризашылығын білдірген еді. «Фариза апайдың сөзі мен үшін керемет марапат болды» деп еске алады Гүлсара Қоңырбайқызы сол бір сәтті.
Ол бұдан соң Шынболат Ділдебаевтың ақындық, жыршылық, термешілік мектебін ұйымдастыруды қолға алды. Мақсат – қаладағы өлеңге, өнерге, жыр-термеге ыңғайы бар жас өскіндерді тауып, олардың табиғи талантын ұштау болды. Бұл жұмысты Шәкеңнің рухани інілерінің бірі, ақын Ғалил Жәнібеков ақы-пұлсыз атқаруға кірісіп кетті.
– Қаланың сол кездегі әкімі Қанат Сұлтанұлы Балмағамбетов шақырып жатыр деген соң бардым. Ол кісі өнерге, мәдениетке жақын адам еді. Амандасқан соң, маған ренішті екенін айтты. Шынын айтқанда, «Не жазып қалдым?» деп қорқып кеттім. Сөйтсем... «Шәкеңнің мектебін ашып жатыр екенсіз, кеше естідім. Жетекшісі жалақы алмайтын көрінеді. Мектеп болғасын компьютер, домбыра, т.т. болу керек. Бұлар да жоқ секілді. Мұны басқа жақтағылар естісе, бетімізге салық етіп басатын болады. Мектеп болғасын бәрі де дұрыс болғаны жөн», деген Қанат Сұлтанұлы мектепті қаржылық жағынан қолдау жөнінде ақылдасуға шақырған екен. Марқұм жатқан жері жайлы болсын, ондай әкімдер қазір сирек қой, – деген Гүлсара Қоңырбайқызы қалада оқушылар айтысы тұрақты түрде өтіп тұрғанын, солардың арасынан кейін елге танымал болған айтыс ақындары шыққанын да айтады.
2007 жылы Шынболат Ділдебаевтың туғанына 70 жыл толуына орай қалада республикалық айтыс өткізіліп, оның тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.
Егер көзі тірісінде ақынның «Кенші сыры», (1993), «Жылжиды жылдар» (1997) өлеңдер жинағы жарық көрсе, кейін бұлардың қатарына «Тас жарған гүл» және «Шындық» жинақтары қосылды.
Кейінгі жылдары Сәтбаев қаласында жыл сайын жас айтыскерлердің Шынболат Ділдебаев атындағы республикалық айтысын өткізу дәстүрі де қалыптасты. Қалада Шәкеңнің туған және өмірден өткен күндеріне орай еске алу кештерін өткізу дәстүрге айналды. Осы шаруалардың қай-қайсысы болсын, соның бәріне де қозғау салып, бастама көтеріп жүретін, әрине, Гүлсара Қоңырбайқызы Жиенәлиева. Қаншама атақтылардың соңынан іздеушісі болмауы себепті есімдері атала бермейді, еңбектері халыққа жете қоймайды ғой. Сондықтан да Гүлсараның осы еңбегін, жарға деген адалдығын білетін жандар оны «Шынболат шайырдың шырақшысы», деп бағалайды.
Биылғы мәдениет пен өнер қызметкерлерінің мерекесі Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайының бөлім меңгерушісі Гүлсара Қоңырбайқызы Жиенәлиева үшін ерекше қуаныш сыйлады. Ол – Ұлытау облысы әкімінің сыйлығын иеленді. Бұл – еңбекті бағалау, зор құрмет. Марапат нағыз иесін тапты.
Ұлытау облысы,
Сәтбаев қаласы