Руханият • 21 Мамыр, 2023

Олжабай батыр

575 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел басына күн туып, қазақ жұрты бөлшектеліп, тарих сахнасынан мүлде ысырылып қалу қаупі туған Абылай хан заманында ұлтымыздың ұранына айналған тұлғалар аз болмаған. Әуелі Құдай, содан кейін осы арыстардың арқасында әлгі аты жаман қауіп-қатердің беті қайтты...

Олжабай батыр

Абылай ханның жанына топтасып, еліміз үшін ерлігін еселеп жасаған, көзсіз батырлығын көрсеткен ерлердің қай-қайсысы болса да ерекше құрметке лайық. Осынау алыптардың есімдерін ұлықтау ісінде аз жұмыс ат­қа­рылған жоқ. Елі үшін жа­уына найзасы тиген сондай тұлғаларды дәріптеу, даңқын асыру мақсатында іске асырылған шаруалардың нәтижесінде қазіргі кезде бүгінгі қазақтың рухы көтеріліп, тарихи санасының оянуына өзіндік ықпалын тигізіп отыр. Десек те, әттегенайлар да жоқ емес.

Рас, сандаған ғасыр бодан­дық­тың құрсауында болған, тота­литарлық жүйенің қыс­па­ғында жансебіл өмір сүрген, авторитарлық режімге жал­тақ­таған кез келген ұлт тәуел­сіздігін алған бетте жалмажан табиғи түрде өз тарихын, өз тұлғаларын түгелдеуге кіріседі. Алайда осындай игі істі атқару барысында кедергілер аз болмайды. Сондай кесір-кедергілердің ең бастысы ғасырлар бойы жат идеологияның санаға сіңірген уы. Одан бірден арыла салу мүмкін де емес. Міне, осыдан келіп біз жоғарыда сөз еткен әттегенайлар болып жатады. Ал әлгіндей кедергінің тағы бірі – шамадан тыс жайбасарлық, ортақ іске келгенде ауызбіршілік таныта алмау.

Міне, осындай келең­с­із­­­дік­терден орын алған көп әттеген-айдың бір мысалы ретінде мемлекет, қоғам тарапынан Олжабай батырдың лайықты құрметтелмей отырғанын айтуға болады...

Басқасын айтпағанда, атақты батырға туған жері – Ертіс-Баян өңірінде осы уақытқа дейін бір ескерткіш қойылмапты...

Бүкіл қазаққа ортақ ірі тұл­ға­ға туған өлкесінде лайықты құр­мет көрсетілмеуі оның бүкіл ұлтымызға, өзге де өңірлерде кең ауқымда дәріптелуіне кедергі келтірмеуге тиіс екенін ескере сөйлесек, батыр бабамызды ұлықтау ісі барша халқымыз атқарар шаруа.

Рас, Олжабай батыр атында ауыл, көшелер бар. Батырдың сүйегі жатқан жерге мемориалдық кешені тұрғызылды. Әр жылдарда батырдың есімін жаңғырту мақсатында басқосулар өтіп тұрады. Десек те, бұл жұмыстар аз, ауқым-деңгейі жағынан көңіл көншітпейді. Қалай дегенде де Олжабай батыр аруағына арнап республикалық деңгейде ас беріліп, ат шаптырылып алқалы жиын өткізу сұранып-ақ тұр. Мәселен, келер жылы батырдың туғанына 315 жыл толады... Кезінде Абылай хан «Ер Олжабай» деп атап, «Олжабай есен болса, ел аман» деп риза болған, Әбілмәмбет хан ерекше құрмет тұтқан Олжабай батырға ел болып мойын бұрар кез келді.

Біз жоғарыда Ертіс-Баян өңірінде батырға арнап лайықты бір ескерткіш тұрғызылмағанын айтып өттік. Басқасы басқа, Павлодар қаласының төрінде тұрған Малайсары, Баян батырлар, Абай, Шоқан мен Потанин, Сұлтанмахмұт, әнші Естай, Қ.Сәтбаев, Қ.Бекхожин сынды тұлғалардың еңселі ескерткіштері қатарында қазақтың қорғаны болған Олжабай батырдың да тұлғасы менмұндалап тұрса артықтық етпес еді-ау! Тіпті Олжабай батырға Астананың қақ төрінен алып ескерткіш орнатылса, халық сүйсінген іс болар еді.

Әрине, мұның барлығы Олжабай Толыбайұлына түк­­ке де қажет емес. Бұл ел бір­лі­гін нығайту, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, ұлт рухын көтеру үшін, дәлірегі бүгінгіге қажет. Ұлтымыз ерлік пен елдіктің символына айналған осынау алып батырымызды ардақтау арқылы өткенге шолу жасап, көңілі марқайса болашаққа деген сенім де күшейе түседі емес пе?

Жалпы, батырдың қай­рат­кер­лік қырына, ерлікті жолына, ел басына күн туғанда қазақтың рухын көтеріп, дұшпанға қарсы жұмылдырудағы еңбегіне тарихи тұрғыдан баға берген – ғалым Әлкей Марғұлан. Осы арада айта кетейік, жақында Ә.Марғұланның «Олжабай батыр» атты кітабы жарық көрді. Бұған бір марқайып қалдық. Өйткені Олжабай батырдың шөпшегі болып келетін Ә.Марғұлан қазақ хандары мен батырларына қатысты зерттеу еңбектерді жарыққа шығаруға тыйым салынған кеңестік кезеңде бабасы туралы тарихи деректерге айырықша мән беріп, оларды жеке архивіне жинақтай берген екен. Міне, ғалымның сол мәліметтері «Олжабай батыр» атты кітап болып шығып отыр. «Ғалымның хаты өлмейді» деген осы. Енді, осы еңбекте батыр туралы баяндалған деректер бүгінгі ұрпаққа қолжетімді болуы тиіс. Өйткені Олжабайдың өмір жолы – өнеге жолы.