Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғырту бойынша бірқатар іс-шара жүзеге асырылды. Оның басым бөлігі наурызда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда көрініс тапты.
«Былтыр желтоқсан айында мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету бойынша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Енді мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған түлектер мемлекеттік қызметке бірден тағайындалады. Заңды іске асыру мақсатында ақпан айында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бұйрығымен жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Президент жанындағы білім беру ұйымдарында және білім беру ұйымдарында оқуды аяқтаған адамдарға оқыту нәтижесінің мәндері белгіленді. «Б» корпусының жоғары лауазымдарына тікелей тағайындауды жүзеге асыру мүмкін болды. Осылайша, тиісті академиялық нәтиже 3,33 GPA, яғни дәстүрлі жүйе бойынша «жақсы» немесе 100 балдық жүйе бойынша 85-89 деңгейінде болуы керек. Осы өзгерістер арқасында уәкілетті органмен келісім бойынша «Б» корпусының жоғары лауазымдарына тікелей тағайындауды жүзеге асыру мүмкін болды. Жастар әрі қарай жалғастырамын десе, меритократия қағидатымен жұмыс істей береді. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді оңтайландырады», деді Д.Жазықбаев.
Заңнамаға енгізілген өзге де толықтыруларға сәйкес бұдан былай екі тоқсан бойы тиімсіз деп бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі. Ал төменгі бос лауазым болмаған жағдайда қызметтен шығарылады. Бұл мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді. Сондай-ақ агенттік төрағасы президенттік жастар кадрлық резерві биыл тағы да мамандармен толығатынын айтты.
«Президент резервіндегі жастардың көбі жеке сектордан келді. Нақты айтар болсақ, 90 пайызы. Қазір біз 266 адамды орналастырдық. Олардың 34-і саяси және «А» корпусында қызмет етеді. Сонымен қоса мемлекеттік органдарда басшылық қызметтерде, директордың орынбасары, директор департаментінің басшылығы, басқарма басшылары сынды қызметтер атқарып жатыр. Жалпы, жыл сайын білікті жастардың мемлекеттік қызметке араласуына мүмкіндік ұсыну қажет. Биыл біз бірінші рет өңірлерде Президенттік жастар кадрлық резервін жасақтаймыз. Оған аудан әкімінің орынбасарлары, аудандардағы бөлім басшылары немесе облыстық деңгейдегі бөлім бастықтары, басқарма басшыларының орынбасарлары қабылданады», деді ол.