Бүгінде Сингапур – Қазақстанның маңызды сауда серіктестерінің бірі. 2022 жылы өзара сауда көлемі 1,9 млрд долларды құрады. Өткен жылы Сингапурдан Қазақстанға бағытталған тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 310 млн долларға жеткен. Ал 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына құйылған қаржы – 1,4 млрд доллар. Жалпы, елімізде сингапурлық компаниялардың қатысуымен 144 кәсіпорын жұмыс істейді.
Екі ел арасындағы қарым-қатынастардың жаңа бағыты бүгін елімізге келген Сингапур Президенті Халима Якобтың мемлекеттік сапары аясында тағы айқындала түспек. Мәртебелі мейманды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайды. Қазақстанға мемлекеттік сапарына орай Сингапур Президенті Халима Якоб ханым «Egemen Qazaqstan» газетінің сұрақтарына жауап берді. Оқырман назарына осы сұхбатты ұсынамыз.
– Мәртебелі Президент ханым, биыл Қазақстан мен Сингапур арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Соңғы үш онжылдықтағы өзара әрекеттесуіміздің сипатын қалай бағалар едіңіз? Болашаққа көз жүгірте отырып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты қалай нығайта аламыз?
– 30 жыл – атаулы мерейтой. Осы маңызды екіжақты кезеңді атап өту үшін Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келген Сингапурдың Президенті болғаныма қуаныштымын. Сингапур көптеген жыл бойы сенімнің, адал қарым-қатынастың және өзара сыйластықтың берік іргетасына негізделіп келе жатқан Қазақстанмен жылы және бұрыннан келе жатқан достығымызды бағалайды. Екі ел арасында тұрақты сапарлар болды. 2017 жылы «Astana Expo» көрмесінің ашылу салтанатына қатысу үшін Парламент спикері ретінде Астанаға барып, сол кезде Сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездестім. Біз сондай-ақ бір жыл бұрын Қазақстан Президенті Сингапурда сапармен болған кезде кездестік.
Қазақстан – Сингапурдың Орталық Азиядағы жақсы серіктесі және ынтымақтастығымыз мемлекеттік басқарудан бастап, ақылды қалалық жоспарлауға дейінгі көптеген салада кеңейді. Сингапур және Қазақстан көпжақты форумдар шеңберінде де тығыз ынтымақтасады, өйткені біз бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауда, заң үстемдігін ілгерілетуде және көпжақты жүйені қорғауда ортақ мүдделермен бөлісеміз. Үкіметтеріміз, кәсіпорындарымыз және халықтар арасындағы өзара іс-қимыл жылдар бойы тұрақты түрде кеңейіп келе жатқанына қуаныштымын және COVID-19 пандемиясы кезеңінен кейін өзара іс-қимыл динамикасы белсенді болып қала береді.
Білім беру – ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі. Сингапур ұлттық университетінің Ли Куан Ю мемлекеттік саясат мектебі Назарбаев университетінің Мемлекеттік саясаттың жоғары мектебімен бұрыннан серіктестік қарым-қатынаста. Көптеген қазақстандық студенттің білім беру бағдарламасы аясында Сингапурда болғанына қуаныштымын. Мұндай алмасулар елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге және достықты нығайтуға ықпал етеді.
Сингапур-Қазақстан қарым-қатынастарының одан да жоғары деңгейге көтерілетініне сенімдімін. Көлемінің айқын айырмашылығына қарамастан, қос мемлекет – көреген саясаты, адам капиталын дамытуға және тұрақты дамуға берік міндеттемесі бар елдер. Біз, сондай-ақ, тиісті аймақтарымызда стратегиялық орналасуымыздың артықшылықтарын пайдалануға тырысамыз. Алдағы жылдары елдеріміз бен өңірлеріміз арасындағы тығыз байланысты одан әрі нығайтуды асыға күтемін.
– 2022 жылы Қазақстан мен Сингапур арасындағы өзара сауда көлемі айтарлықтай өсім көрсетіп, 1,9 миллиард долларды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артық. Мұндай серпінді өсуге қандай факторлар ықпал етті және біздің елдеріміздің сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі ұзақмерзімді мақсаттары қандай?
– Біз Сингапурдың Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі болып табылатын Қазақстанмен жақсы экономикалық байланыстамыз. Қазақстанда көлік және логистика, білім беру, тамақ өнімдері мен сусындар өндірісінен бастап цифрлық технологияларға дейін әртүрлі секторларда жұмыс істейтін бірқатар сингапурлық компания бар. Сондай-ақ осы жылдар ішінде Сингапурда қазақстандық компаниялардың саны өскеніне қуаныштымын. Еуразиялық экономикалық одақ пен Сингапур арасындағы Еркін сауда туралы келісім шеңберінде Қызметтер көрсету және инвестициялар саудасы туралы келісімге қол қою – менің Қазақстанға сапарымның басты нәтижелерінің бірі. Аталған Келісім реттеуші тетіктерді әлсірету және біздің елдеріміздің нарықтарына кіру үшін кедергілерді азайту есебінен, экономикалық өзара іс-қимылымызды кеңейту және екі елдің бизнесі үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі күш-жігерге жәрдемдесетін болады. Ол сондай-ақ келісімшарт бойынша қызмет көрсетушілерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді, жаһандық ауқымда біздің таланттарымызды тануды кеңейтеді және инвестицияларды қорғау ережелерін енгізу арқылы инвесторларымыз үшін тұрақтылық пен болжамды қамтамасыз етеді. Мұның бәрі – біздің үкіметтеріміз, кәсіпорындарымыз және халықтарымыздың арасындағы терең сенімнің көрінісі.
Сингапур мен Қазақстанның стратегиялық орналасуы, біздің жеткізу тізбегіміз бен көлік маршруттарымыздың тұрақтылығын арттыру үшін пайдалана алатын басты артықшылыққа айналады. Бірнеше сингапурлық компанияның Қазақстанда құрғақ порттар мен логистика сияқты аса маңызды инфрақұрылымды дамыту бойынша ірі жобаларды іске асыруға қатысып жатқанына немесе қызығушылық білдіргеніне қуаныштымын. Біз Сингапурда және Оңтүстік-Шығыс Азияда қазақстандық компаниялардың көбірек қатысуын қолдаймыз және сол сияқты сингапурлық компанияларды Қазақстан мен Орталық Азияда мүмкіндіктер іздеуге ынталандыратын боламыз.
– Өткен жылғы Азиядағы Өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) саммиті барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар Азия елдеріне елеулі әсер еткен климаттың өзгеруіне қарсы күреске өзінің берік бейілдігін білдірді. Осы саладағы бірлескен күш-жігерді нығайту үшін Қазақстан 2024 жылы Астанада АӨСШК елдеріндегі экология мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі конференцияны өткізуді ұсынады. Сингапурдың бұл бастамаға және климаттың өзгеруіне қарсы күрестің және оның Қазақстанмен екіжақты қатынастардағы салдарына бейімделудің маңыздылығына көзқарасы қандай?
– Сингапур климаттың өзгеруін шұғыл ұжымдық әрекеттерді қажет ететін маңызды жаһандық проблема ретінде қарастырады. Теңіз деңгейінің көтерілуі және ауа райының күрт өзгеруі климатқа әсерін тигізіп отыр. Әсіресе осал шағын аралдық мемлекет ретінде біз жаһандық және аймақтық күш-жігерді қолдауды және инновациялық шешімдерге инвестиция салуды қоса алғанда, бұл мәселені шешуге бекем бел будық. Біз сындарлы диалог арқылы экологиялық проблемаларды шешу және орнықты дамуға жәрдемдесу бойынша Қазақстанның белсенді күш-жігерін құптаймыз.
Экология мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі конференция АӨСШК-ге мүше елдердің ықтимал шешімдер мен проблемаларды талқылау үшін бірігуі үшін маңызды платформа болатынына сенімдімін. Сингапур АӨСШК үдерісіне қатысушы болмаса да, Сингапур мен Қазақстан арасында климаттың өзгеруіне қарсы күресте білім және тәжірибемен алмасу саласында неғұрлым тығыз ынтымақтастық үшін әлеует бар. Климаттың өзгеруінің жаһандық сипаты халықаралық қауымдастықтың тығыз ынтымақтастығын талап етеді және біздің елдеріміздің осы саладағы өзара іс-қимылы әлемдегі маңызды оң күшке айналатыны сөзсіз.
– Сингапур әлемдегі ең тиімді мемлекеттік басқару жүйесі бар ел ретінде әлемге кеңінен танылды. Қазіргі уақытта Қазақстанда мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, сыбайлас жемқорлықты жоюға және нарық пен мемлекет арасындағы тепе-теңдікті орнатуға бағытталған жаңғырту бойынша ауқымды күш-жігер жұмсалып келеді. Осы тұрғыда Қазақстан Сингапурдың тәжірибесінен қалай пайда көре алады?
– Сингапур бүкіл әлемдегі достарымызға қатысты болуы мүмкін салаларда өз тәжірибесімен бөлісуге әрқашан қуанышты. Сингапурдың мемлекеттік қызметі парасаттылық, қызмет көрсету және жетілдіру сияқты басты құндылықтарға негізделген. Табиғи ресурстары жоқ шағын ел болғандықтан, Сингапур бәсекеге қабілетті және шетелдік инвесторлар үшін тартымды болу үшін өзекті болуға және ерекшеленуге ұмтылуы керек. Тиімді басқару – біздің стратегиямыздың негізгі компоненттерінің бірі. Сәуір айында жарияланған 2023 жылғы Чандлердің жақсы мемлекеттік басқару индексінде (Chandler Good Governance Index, CGI) Сингапур 2022 жылғы үшінші орыннан көтеріліп, бірінші орынды иеленді. Әрине, мұндай халықаралық рейтингтердің болғаны жақсы. Бұл ретте, менің ойымша, Үкіметтің өз халқының сенімін сақтау қабілеті әлдеқайда маңызды критерий болып табылады. Сингапурда халық сенімі COVID-19 пандемиясы кезінде айқын көрінді. Бұл Сингапур бәрін дұрыс жасады дегенді білдірмейді, бірақ Сингапур үкіметінің әрекеттеріне халықтың сенімі жоғары болды және біз бұл қиындықты халқымызбен бірге жеңе алдық. Дегенмен Қазақстан мен Сингапурдың алдында тұрған мән-жайлардың белгілі бір айырмашылықтары бар екенін де есте ұстауымыз керек. Қазақстан – әлемдегі ең ірі тоғызыншы ел, ал Сингапур – Астанамен бірдей көлемдегі шағын қала-мемлекет. Осылайша, біздің елдеріміздегі мемлекеттік басқарудың қажеттіліктері мен күрделілігі әртүрлі.
Сингапурлық ынтымақтастық бағдарлама (Singapore Cooperation Programme, SCP) өткен жылы өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтті. SCP – басқа елдермен мемлекеттік басқару, азаматтық авиация және тұрақты дамуды қоса алғанда, әртүрлі саладағы тәжірибемізбен бөлісу үшін Сингапурдың негізгі техникалық көмек бағдарламасы. Біз қазақстандық шенеуніктерді тәжірибемізді қабылдау үшін, соның ішінде мемлекеттік басқару үдерісінде сақтануға қажет сын-қатерлермен танысу үшін сингапурлық ынтымақтастық бағдарламасына қатысуға шақырамыз.
– Сингапур бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша жетекші елдердің қатарына кіреді. Біз мұны елдің табысты дамуының маңызды рецепті ретінде қарастыра аламыз ба және біздің экономикаларымыз қандай жағынан ұқсас болуы мүмкін?
– Табысты дамудың бірыңғай мәзірі жоқ және көп нәрсе әр елдің ерекше жағдайына байланысты. Сингапурға келетін болсақ, біздің шағын көлеміміз және табиғи ресурстардың жетіспеушілігі бізге шетелдік бизнес пен инвестицияларды тарту арқылы экономикамызды әртараптандыруға үлкен серпін берді. Сондықтан Сингапур үшін жергілікті және шетелдік бизнестің өркендеуі үшін ашық, тұрақты және қонақжай орта құру өте маңызды. Сингапурдың Үкіметі ұзақмерзімді жоспарлауға және өз саясатындағы кез келген өзгерістерді мұқият қарастыруға баса назар аударады. Сонымен қатар біз сингапурлықтарды болашақта жұмысқа даярлау үшін адам капиталын дамытуға қомақты қаражат саламыз. Технологияның тез өзгеруіне байланысты қазіргі міндет – халықтың өмір бойы білім алуына және кадрлардың біліктілігін арттыруға ықпал ету. Уақыт өте келе жұмыс орындарының ерекшелігі өзгереді және біздің қызметкерлер жаңа білім алуға және жаңа дағдыларды игеруге дайын болулары қажет.
Әңгімелескен
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»