Әрине, оған еш таңдануға болмайды. Биылдың өзінде ғана Елена Индиан-Уэллс, Римдегі турнирлерде бас жүлдені олжаласа, Аустралияның ашық біріншілігі мен Майамидегі додада финалға дейін жетті. Оның сыртында, былтыр Уимблдонда жеңімпаз атанып, WTA мен ITF жарыстарын қоса алғанда тоғыз мәрте топ жарғаны тағы бар. Осылайша, келесі айда 24 жасқа толғалы отырған Елена Рыбакина 10 155 965 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алды.
Екінші орында – Михаил Кукушкин. 35 жастағы жерлесіміздің ең жақсы көрсеткіші – Аустралияның ашық біріншілігі (2012 жылы) мен Уимблдонның (2019) төртінші кезеңіне дейін жетуі. 2010 жылы ол Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен АТР турнирінде алдына жан салмады. Кукушкиннің табысы – 6 815 090 доллар.
Үздік үштікті Ярослава Шведова түйіндеп тұр. 35 жастағы бұрынғы ойыншы қазір спорттық карьерасын аяқтап, жаттықтырушылық қызмет атқарып жүр. Кезінде ол Ролан Гаррос (2010, 2012) пен Уимблдонның (2016) ширек финалында өнер көрсетті. АҚШ-тың ашық біріншілігінің (2016) төртінші айналымына жолдама алды. Әсіресе Шведова жұптық сайыстарда өзін жақсы қырынан көрсете білді. Жарыстың дәл осы түрінде отандасымыз АҚШ-тың ашық біріншілігі (2010) мен Уимблдонда (2010) қарсылас шақ келтірмеді. Ролан Гарростың (2015) ақтық сынына дейін алқынбай жетті. Жұптасып ойнауда WTA турнирлерінде 13 рет дара шықса, тағы бір рет жекелеген сайыста бағы жанды. Осы табыстарының арқасында Ярославаның есепшотына 6 717 223 доллар аударылды.
Сондай-ақ ТОП-10-тың қатарында Юлия Путинцева (6 442 126 АҚШ доллары), Александр Бублик (4 618 096), Зарина Диас (3 682 468), Андрей Голубев (229 737), Галина Воскобоева (2 525 167), Александр Недовесов (1 253 165), Анна Данилина (660 132) бар.