Егемен Қазақстан • 22 Мамыр, 2023

«Хат қоржын»

325 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Ерлігі ұрпағымызға әр кез үлгі

«Халық қаһарманы», қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш әйел Хиуаз Доспанованың ерлігі мен батырлығы, ұлтжандылығы мен қайсарлығы бүгінде баршаға мәлім. Қаһарман қыздың жарқын бейнесін оқушыларға кеңінен таныстырып, оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында жыл сайын Атырау қалалық білім беру бөліміне қарасты Х.Доспанова атындағы жалпы білім беретін орта мектепте тағылымды іс-шара ұйымдастырылып келеді. Биылғы іс-шара Хиуаз Қайырқызының 101 жылдығына арналып, «Қанатты қыз  Хиуаз» тақырыбында өтті.

Мәдени-танымдық жиынға жиналғандар әскери ұшқыш қыздың аруағына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды. Биыл мектептің 7 «А» сыныбы жанынан «Хиуаз» мамандандырылған жас сарбаздар клубы ашылған болатын. «Жас сарбаз» клубы – білім беру ұйымдарының құрылымдық бөлімшесі. Бұл сыныпта кәсіби бағытталған үздіксіз білім беру бағдарламасы жүргізіледі.

Мерекелік іс-шараға көптеген қонақ қатысты. Онда Атырау қаласы әкімінің орынбасары Н.Ермұханов, Атырау қаласы Ар­дагерлер кеңесінің төрағасы К.Қосыбаев, ПО-2 «Хиуаз» ұшағы мо­делінің конструкторы Е.Қыдыров, хиуазтанушы журналист Т.Қалимова, т.б. сөз сөйлеп, жеткіншектердің ұлтжандылық бағы­тын­да тәлім-тәрбие алуларына тілектестіктерін білдірді. Ал іс-шараға Ақтөбе қаласынан арнайы келген «Әлия гүлі» қазақ би ансамблі­нің (көркемдік жетекшісі әрі балетмейстері Ш.Айнабекова) өнері көп­шіліктің көңілінен шықты.

Мектеп төрінен орын алған Хиуаз апамыздың ескерткіші оның өмірі мен ерлігін келер ұрпаққа мәңгілік өнеге етіп тұрғандай әсер қалдырды.

 

Руслан ХАМЗА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

АТЫРАУ

 

 

Рухани құндылықтармен танысты

Мұражайлардың кейінгі ұрпақты елжандылыққа, отаншылыққа тәрбиелеуде, жұртшылыққа тарихи-танымдық, ағартушылық қызмет көрсетуде алатын орны ерекше екені белгілі. Осы ретте Байзақ аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған, қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жаза түрі тағайындалған азаматтардың бойына рухани байлықтың ұрығын сеуіп, мәдени көзқарасын қалыптастыру мақсатында аудандық тарихи-өлкетану музейінде Халықаралық ескерткіштерді қорғау күніне орай іс-шара ұйымдастырылды. Оған Жамбыл облысы Қылмыстық атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) Байзақ аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы, әділет капитаны Тимур Молдатаев бастаған аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған, қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жаза түрі тағайындалғандар қатысты.

Іс-шара барысында тарихы ғасырлар тереңінен сыр шертетін, ауданның кешегісі мен бүгінгісін айшықтайтын «Археология», «Даңқ», «Аудан тарихы», «Этнография», «Мәдениет және спорт» залдары таныстырылды. Музейге келгендер сонымен қатар аудан орталығы Сарыкемер ауылының басты көшесіндегі «Батырлар аллея­сында» ауданнан шыққан 27 Социалистік Еңбек Ерінің және Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың, бейбіт күнде ерлік жасаған «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтің өмір жолдарынан ақпарат алды.

Пробациялық бақылау белгіленген азаматтар іс-шарадан жақсы әсер алғандарын, рухани тұрғыдан байып, құнды ақпараттармен танысқандарын айта келіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.

 

Айнагүл МАМЫТБЕКОВА,

аудандық тарихи-өлкетану

музейінің ғылыми қызметкері

 

Жамбыл облысы,

Байзақ ауданы

 

 

Ардагер спортшы атындағы турнир

Спорт – денсаулық кепілі. Еліміз тәуелсіздігін алған уақыттан бері шалғайда жатқан теріскей өңірінде де бұқаралық спорт кешені мен алаңдар салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Көптеген жас спортшы республикалық, облыстық біріншіліктерде жүлделі орындардан көрініп жүр.

Кезінде осы Созақ ауданынан шыққан оқушылардың «Шалқар» футбол командасы Армения астанасы Ереван қаласында өткен бүкілодақтық жарыста республика намысын қорғаған болатын. Бір қызығы, белгілі футбол комментаторы созақтық жас футболшылардың ойынынан арнайы репортаж жүргізген көрінеді.

Созақ спортына еңбек сіңірген жандардың бірі – Тобақабыл Өмірзақов. Жыл сайын көктем айында қазақ күресінен оның атындағы облыстық жарыс өтіп тұрады. Таяуда аудан орталығы  Шолаққорған ауылында дәстүрлі турнир жалғасын тапты. Түркістан облысының 10 ауданынан келген балуандардың өнерін жұртшылық қызыға тамашалады. Жеңімпаздарға арнайы тағайындалған жүлделер мен сыйлықтар тапсырылды.

Біз әңгіме етіп отырған Тобағаң – осы теріскей өңірінің төл тумасы. Кезінде қазақ күресінен Орта Азия чемпионы болған, КСРО мен Қазақ КСР-інің спорт шебері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

Теріскей спортының ардагері Т.Өмірзақов Созақ ауданының құрметті азаматы. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі. Спорт саласындағы елеулі еңбегі ескеріліп, Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің төсбелгісімен мара­патталған.

Сексеннің сеңгіріне қадам басқан Т.Өмірзақов әлі де тың. Спорт пен қаламды ұштастыра білген ол – Журналистер одағының мүшесі, әртүрлі жанрдағы онға тарта кітаптың авторы. Тобағаңа қарап, спорттың әр кез жастық сыйлайтынына көз жеткізе түсесің.

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

зейнеткер

 

Түркістан облысы