Музей • 22 Мамыр, 2023

Өнерпаздар бас қосқан күн

395 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл жолы да Өнер музейінде өтіп жатқан «Музей түні» халықаралық акциясына жиналған жұрттың қарасы аз болмады. Күмбірлете күй төккен дәулескер күйші де, жезтаңдай әнші де музейлердің маңынан табылды. Қылқалам шеберлерінің де бастары қосылып, мәре-сәре болысты.

Өнерпаздар бас қосқан күн

Өнер музейінің «Музейдегі экс­понат» атты бөлімін тама­шалауға келген көрерменді домбырашылар күймен қарсы алды. Балдырғандар да би билеп, ән салды. Жауһар дүниелер қойылған сөрелерді қызықтаған ел Надежда Хаба­ро­ваның қыш ыдыстарын өңдеудегі шеберлігін көріп, таңдай қағысты. Төргі залда компьютерлік графика әуесқойлары «Digital art» байқауында жаңа технологияның ғажап мүмкіндіктеріне тән­ті болды. Үлкен залда му­зей жо­ба­­ларының ең белсенді қатысу­шы­­­лары марапатталды. Олардың ішін­­де суретшілер, музыканттар, шы­ғар­­машылық ұжымдардың же­тек­шілері бар.

– Біздің бабадан қалған мұ­ра­­­мызды сақтап келе жат­қан­ музейдің орны ерекше. Ба­йыр­­ғы өнердің өрнегін сақтап отыр­­ған музейдің жұмысы же­міс­ті болсын. Бүгінгі болып жат­­қан «Музей түні» шарасы көрер­мендерге рухани ләззат сыйласын, – деді Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы облыстық филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков.

Мәдени шара барысында­ су­рет­­шілер көрермендердің порт­рет­­терін салып, қонақтарға тарту жа­­сады. Музей қонақтары модель ретінде «Сен – басқасың», «Сен­ – осындайсың» және «Үз­дік­ қолтаңба» байқауларына қаты­сып, түрлі сыйлықтарға ие болды.

– Музей – біздің қара шаңы­ра­­ғы­мыз. Қай уақытта болсын өнер­ туындымызды арқалап осы мәдениет ошағына келеміз. Бұл рухани шаңырақ суретшілердің көр­мелерін өткізіп, қылқалам шеберлеріне қолдау көрсетіп оты­рады, – деді суретші Құдаш Нұрсадықов.

Бұл күні өңірдегі өзге де му­зейлерде қызыққа толы таным­дық­ іс-шаралар өтіп жатты.

 

Өскемен