Алматы • 23 Мамыр, 2023

Үлкен Алматы автожолы пайдалануға беріледі

437 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Салынуы жайлы 15 жыл бұрын айтылып, биыл ғана аяқталғалы отырған Алматыдағы Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (БАКАД) 2023 жылдың маусым айында пайдалануға берілмек. Бұл туралы «БАКАД инвестиция және операциялар» мекемесінің басшысы Айман Жанұзақова хабарлады. Айтуынша, жобаның жалпы құны – 743 млн доллар. Оның 78 пайызы – займ қаржысы болса, 22 пайызы – жеке қаражат. Жобаны үш қаржы мекемесі – Еуропа қайта құру және даму банкі, Еуразия даму банкі және Ислам даму банкі қаржыландырған. Ал құрылысты түркиялық Alarko Holding және Makyol, кореялық SK ecoplant және Korea Expressway Corporation компания­ларынан құралған консорциум жүзеге асырып жатыр. Автожол мемлекет меншігіндегі мүлік болып саналады.

Үлкен Алматы автожолы  пайдалануға беріледі

БАКАД жолы ақылы болады және түскен қаржы мемлекет шотына аударылады. Ал компания өзінің бекітілген төлемін 15 жыл, 10 ай бойы жарты жылда бір мәрте алып отырады. 

«Бұл сома – инвестициялық және эксплуатациялық шығындардың өтем­ақысы. Сондай-ақ Үкіметтен өтелетін бөлікке әкімшілік шығындары да кіреді. Төлем Free flow жүйесі енгізілген аркалардан (БАКАД бойында ондай 12 арка бар – ред.) өткен кезде алынады. Онда автокөлікті динамикалық өлшеу жүйесі орнатылған. Бастапқыда еліміздің қазіргі тасжолдарындағыдай шлагбаумдар ұйымдастыру көзделген еді. Бірақ соңында басқару аркалары жұмыс істейтін, жылдамдық шегі де өлшенетін еркін қозғалысы бар жүйені орнату туралы шешім қабылданды. Деректердің барлығы тиісті органға бағытталады», деді Айман Жанұзақова.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, төлемді үш отандық банк арқылы жасауға болады – «Банк ЦентрКредит», Kaspi және Halyk Bank. Айналма жолдағы тариф бойынша заң жобасы жарияланды және қол қою кезеңінде тұр. Қазіргі уақытта белгілі болып отырғандай жеңіл көліктер үшін алдын ала төлем – 241,5 теңге шамасында. 

Тест режімі өтіп, интеграция толық аяқталған. Сондай-ақ БАКАД бойында тұратын азаматтардың ай сайынғы есептік төлемі қалыптастырылды. Шетелдік көліктен ақша жинау мәселесі әлі де пысықталып жатыр.

Автожол аумағында 2 метрологиялық станса және 221 камера орнатылған. Алынған деректердің барлығы Ынтымақ ауылы (Алматы облысы) маңында орналасқан операциялық орталыққа жолданады. Ақпарат трасса маңында орнатылған таблода көрініс табады.

Жалпы, төлем сомасы бекітілген айлық есептік көрсеткішке және транспорт түріне байланысты қалыптасады. Сонымен бірге, БАКАД-қа іргелес жатқан аудандардың тұрғындары, атап айтқанда, Іле, Қарасай және Талғар аудандарының тұрғындары белгілі бір артықшылықтарға ие болады. Олар айлық абоненттік төлемді пайдалана алады.

Автожол бойындағы рұқсат етіл­ген жылдамдық – сағатына 120-140 шақырым. Адамдар мен жан-жа­нуар­лардың тасжол бойына шығып кетуін болдырмау үшін айналма жол түгелге жуық қоршалған. Автожол­дың ұзындығы – 66 шақырым және Ұзынағаш, Бішкек, Шамалған, Комсо­мол, Талдықорған, Қорғас, Шелек жә­не Талғар бағыттары бойынша 7 транс­порттық жолайрығы орналасқан. Авто­жолдың біраз бөлігінде 6 жолақтық қозғалыс қарастырылған. 43 көпір құрылысы, оның ішінде темір жол көпірі мен жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдері салынған. Жол бойында 125 бейне бақылау камерасы және мемлекеттік нөмірлерді тануға дағдыланған 96 камера жұмыс істейді. Ақпарат БАКАД операциялық орталығына бері­леді. Мысалы, осы сыныптағы жол­да кө­ліктердің тоқтауы мен жаяу жүргіншілер қозғалысына тыйым салынады. Ондай ақпарат тіркелген жағдайда дереу құзырлы органдарға беріледі.

Мамандардың есептеуі бойынша, Үлкен Алматы айналма автожолы мегаполис көшелеріндегі көлік кептелісін 60 пайызға дейін жеңілдетеді. Одан бөлек: 

  • Қазақстан арқылы өтетін транзиттік бағыттардың бәсекеге қабілеттілігі артып, өткізу қабілеті жақсарады.
  • Жоба Батыс Еуропа – Батыс Қытай трансконтиненталдық магистралінің бөлігі болғандықтан өңірлік және халық­аралық сауда аясы кеңейеді.
  • БАКАД транзиттік ағынды Алматы аумағынан шығаруға мүмкіндік береді, нәтижесінде ауаның ластану деңгейі азаяды.
  • Бұдан әрі қарай мемлекеттік-же­кешелік әріптестік (МЖӘ) бойынша жұмыстарды өрістетуге ынталандырады. БАКАД – мемлекеттік кепілдендіру аясында жүзеге асып отырған алғашқы инфрақұрылымдық МЖӘ жобасы.

Жалпы, БАКАД-тың Орталық Азия­дағы бірінші халықаралық мемле­кеттік-жекеменшік жоба, сондай-ақ мұнай-газ секторынан тыс еліміздегі ең ірі инвес­тициялық жобаның бірі.