Исатай мен Махамбет туралы да қалам тартып еді
Орал шаһарының қақ ортасындағы өзінің атындағы көшеде орналасқан гүлзарда (бұл да өзінің атымен аталады) Никита Савичевке ескерткіш қойылды. Бұл өнер туындысының авторы жергілікті мүсінші Дмитрий Баймұқашев. Оған арналған кеудемүсін халықтар достығының дәнекері, дәстүр сабақтастығының белгісі ретінде ашылды десек, артық болмайды.
Оралдықтар төбесіне көтеріп, қаланың қақ ортасына ескерткішін орнатқан Никита Савичев кім еді? Ол осы Оралда 1820 жылы казак офицерінің отбасында дүниеге келіпті. 19 жасында Оралдың әскери училищесін тәмамдап, содан 50 жасқа толып, доғарысқа шыққанға дейінгі өмірін әскерге арнаған азамат.
Никита Федорович әскери қызметтегі жылдарында талай жердің дәмін татып, суын ішкен. Украина, Мәскеу қалаларының әскери казармаларында да талай жылдары өтсе керек. Әскерде жүрсе де сөз сиқырына ерте шалдығып, журналист ретінде талай жауһар тәмсілдер қалдырған. Никита Савичев журналистік қабілеті өз алдына, проза мен поэзияда да Орал өңірінде жеке жортып, 100-ден астам көркем дүние қалдырған. Қылқаламның құдіретін де қоса ұғып игерген ол талай суреттер салса, бүгінде туындылары құнды дүниелер қатарында.
Екі ғасырға жуық уақыт бұрын өзінің түп атасы казактар жөнінде жаза бермей, арасында қырды жайлаған қазақтар жайлы да талай жылы лебіздер, әңгімелер қалдырыпты, қысқасы, қазаққа деген арғы жағы ақ айдын азамат екені айқын аңғарылады. Әсіресе, Никита Федоровичтің бір күні қызмет бабында осы күнгі Жаңақаланың Фокейіне бара қалғанын тарихи оқиға демеске амалың жоқ. Сонда өнерде қазақтың асып туған асылы Құрманғазыны көріп, танысып, дидарласып, сағаттап отырып күйін тыңдайды. Құр тыңдап кетпейді: «Әттең, Құрманғазының еуропалық білімі болғанда, оған музыка әлемінде тең келетін ешкім болмас еді-ау», деген әрі таңданысқа, әрі өкінішке толы кейін қазақ баласы біткен мақтанып, айтып жүретін ескірмейтін естелік жазып қалдырған да осы Савичев. Махамбет пен Исатай туралы төгілдіріп жазған зерттеу очеркі де халқымыздың көңіл төрінде әмәнда қала беретін баға жетпес дүние.
Ендеше, қазаққа түзу көңілмен қарап, ол жайлы талай тарихи дүниелер жазып қалдырған Никита Савичевтің ескерткішінің қаланың қақ ортасынан еңселеніп тұрғаны орынды болды деп тарқасты салтанатқа жиналғандар.
Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ, журналист.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.