Арқалық қаласының полицейлері милиция даңқы мұражайын ашты. Тәртіп сақшыларының ерлік ісін паш ететін бұл облыстағы алғашқы мұражай емес. Облыстық ішкі істер департаменті және Жітіқара қалалық-аудандық ішкі істер бөліміндегі осындай мұражайлардан да сақшылардың ауыр да жауапты қызметімен, қылмыскерлерді ұстау кезіндегі ерлік істерімен танысуға болады.
Мұражайды жабдықтауға, экспонат жинауға Арқалық қаласындағы полиция ардагерлері атсалысты. Оған жүзден аса құнды жәдігерлер қойылды. Торғай облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, осы өңірден шыққан алғашқы генералдың бірі Амангелді Жармағанбетовтің оқалы киімі мен мемлекеттік наградаларын, Ұлы Отан соғысына қатысқан милиция қызметкерлерінің өмірбаяндарын, жеке заттарын көруге болады.
Сондай милиция ардагерінің бірі Федор Романенко әлі күнге дейін жас полиция қызметкерлеріне ұстаздық етіп келеді. Жергілікті мемлекеттік автоинспекцияда қызмет еткен, Торғай облысындағы алғашқы полковник Алдаберген Ибрагимовтің милиция таяғын келушілер, оның замандастары қызықтады. Сонымен қатар, Арқалық қаласындағы полицейлердің үздік қызметі үшін алған медальдары, грамоталары, кубоктары жәдігерге айналыпты. Арқалық қалалық ішкі істер басқармасы осы саланың 2014 жыл басынан бергі жұмыстар қорытындысында облыс бойынша үздік атанып отыр. Қалалық полицейлер тек тыныштықты қорғап қана қоймайды, олар спортқа, кәсіби біліктілігін көтеруге де уақыт табады.
Милиция даңқы мұражайының ашылуы салтанатына тек Арқалық қана емес, Торғай өңірінен – Жангелдин және Амангелді ауданының полицейлері де қатысып, арқалықтық әріптестерін құттықтады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
АРҚАЛЫҚ.