17 Шілде, 2014

Шабақтан – алып балыққа, жобадан – алып қуатқа

263 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
В Мангистау открылась осетровая ферма (1)Бекіре балығын өсі­ру­мен айналысатын ферма – еліміздің үдемелі индус­триялық-инновациялық бағдарламасының жемісі. Мемлекеттің қолдауына се­ніп-сүйенген жеке кәсіпкер Тұрсынгүл Жақыпова жеңіл­детілген несие алып, түбекте тұңғыш бекіре өсіретін кәсіпорын ашуға бел буыпты. Жоба біраз пысықталып, құрылыс жұмыстары 4 жыл бойы жүрген, алдын ала мамандары оқып, тәжірибеден өткен кәсіпорында Ресейдегі және Атыраудағы бекіре зауыттарынан әкелінген 3,5 мыңдай шабақтар арнайы жа­салған аквариумдарға жіберілді. Шабақтардың ең кішісінің салмағы 5 грамды құрайды. Күніне таңғы сағат 6-дан бастап түнгі 12-ге дейін балықтардың көлеміне қарай лайықты шамада 10 рет тамақтандырылатын кәсіпорындағы күтім мен бап келіссе шабақтар енді екі жылдан кейін салмағы 3 кило болатын ірі балыққа айналады. Баптың келісіп, бүгінгі шабақтардың ертең-ақ ірі балыққа айналатындығына кәсіпорынның озық үлгідегі құралдармен жабдықталуы сендірсе, лайықты күтімнің болуына балықтарды жемдеп, баптап-өсіру жай-жапсарын іргелі кәсіпорындарға барып арнайы оқып келген мамандар жауапкершілігі үміттендіреді. Жаңа фермада 25 ауыл тұрғыны жұмысқа тар­тылған. Өңірдегі балық шаруа­шы­лығын да­мытуға жасалған алғашқы қадамға арнайы келісім-шарт негізінде ресейлік және отандық ғалымдар көмек пен кеңес беруде. «Жол картасы» бағдарламасы аясында инженерлік инфрақұрылымын жүргізіп, газ бен ток тартуға, сондай-ақ жол мәселесін шешуге мемлекет тарапынан көмектер берілген. Құны 582 миллион теңге тұратын жоба қуатына енген соң, жылына 60 тоннадай балық еті мен 8 тонна қара уылдырық береді деп көзделуде. Мамандардың айтуынша, бір килолық балықтар бір жылдан соң, ал уақ шабақтар екі жылдан кейін өнім бере бастайды. Ал, қара уылдырық 4 жылдан кейін алынады. Су жануарын қолда өсіру оңай емес, алайда іс аяқтан тұрып жатса, бекіре тұқымдас балықтың бірнеше түрін өсіру, сол арқылы өнім көлемін арттырып, отандық өнімді ішкі нарыққа шығарып қана қоймай, Еуразиялық экономикалық одақ аясында өзге елдерге сату жоспарланған. – Елбасының бастамасымен қолға алынған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы үлкен шаруаларға қозғау салып, тың жобалардың тұсауын кесті. Елімізде қаншама жаңа кәсіпорындар іске қосылып, отандық өнім өндіруге өз үлестерін қосуда. Қазір еңбек етемін, өз кәсібімді жүргіземін деген талап иелеріне жол ашық. Мемлекет тарапынан жүйелі жұмыс бағдарламалары жиі ұсынылып, көмектер берілуде. Мен осы мүмкіндікті пайдаланушылардың бірімін, – дейді кәсіпорын басшысы Т.Жақыпова. Толық қуатында жұмыс істеуге сақадай сай тұрған кәсіпорынның өнім­деріне дүкендер мен мейрамханалардан сұраныс қазірден бастап түсуде. Демек, шабақтар алып балыққа айналып, жоба алып қуатқа енетін күн алыс емес. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.