Тәрбие • 23 Мамыр, 2023

Ұрпақты ұлттық тәрбиеге қалай баулимыз?

2777 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін

Бұрын тәрбие мен білім егіз деуші едік. Қазір сол егіздің сыңарының бірі дәріптеліп, екіншісі көп айтыла бермейді. Шын мәнінде, тәрбие – ізгі дүниенің бастауы. Соның ізімен білім мен ғылым жүрсе, қоғамда әділдік орнап, адамгершілік байрағы желбірейді.
Халқымыз «Тәрбие табалдырықтан басталады» деп бекер айтпаған. Тәрбиенің негізі отбасында қалыптасады. Отбасында ұлттық тәрбиенің қайнарына қанып өскен баланың болашағы да зор. Оған көптеген мысал келтіруге болады. Одан кейін мектептегі тәрбиенің орны бөлек. Қазір біз осы екі тараптағы тәрбиені босаңсытып алдық. Сан ғасыр бойы қалыптасқан ұлттық тәрбиеден де ажырап барамыз. Соның кесірінен қоғамда жеткіншектер арасында түрлі келеңсіз жағдай болып жүр. Әрине, бала тәрбиесінің жауапкершілігі өте жоғары. Осы тақырыпқа арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Оған «Қарашаңырақ» ұлттық тәрбие мектебінің жетекшісі Тұрар Шәкен, Оқу-ағарту ми­нистрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру депар­таментінің бас сарапшысы Ақтоты Кемалова, С.Сейфул­лин атындағы Қазақ агротехникалық ғылыми зерттеу уни­верситетінің кафедра меңгерушісі, педагогика ғылым­дарының кандидаты, доцент Марал Есекешова, Қызылор­да облысы Сырдария ауданындағы №126 орта мектеп дирек­торы­ның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Самат Жұма­діл және «Онлайн отбасы» академиясының негізін қалау­шы, кәсіби отбасылық психолог Ержан Мырзабаев қатысып, ой бөлісті.

Ұрпақты ұлттық тәрбиеге  қалай баулимыз?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

– Кейінгі уақытта мектеп оқу­шы­ларына қатысты жан түрші­гер­лік оқиғалар көбейіп кетті. Бұл мектеп­тегі және отбасындағы ұлттық тәр­биенің осалдығы ма? Біз қай жерден кемшілік жібердік?

 

ам

Тұрар ШӘКЕН:

– Бүгінгі қоғамды «Кешегіміз қандай еді, бүгінгіміз қандай, ертеңіміз қандай болмақ?» деген сауал ойландыруы керек. Ана ретінде осы үш сауал маған маза бермейді. «Ел боламын де­сең, бе­сі­гің­ді түзе» дейтін едік, қа­зір­­гі күні бесі­гіміз қайда қалды? Бе­сі­гі­міздің киесін кетіріп, ұрпағымыз адасып жүр.

Бала кезімде үлкендер мейірімсіздік танытқандарға қатысты «Тасқа желін­деп, мұзға бұзауладым ба?» деген ауыр сөзді айтушы еді. Бүгінде осындай тасба­уыр, қатыгез балалар туралы жиі еститін болдық. Қоғамды қатыгездік жайлап барады. Біреулер бұл тақырыпты хайп етіп жатса, енді басқалары «Маған қатысы жоқ, менің отбасымда мұндай жоқ» деп отыра береді.

«Балалардың қатыгездігі» та­қырыбы «күйіп» тұр. Бұл бір күнде пайда болған мәселе емес. Бұл – қоғамдағы жара­ның әбден ушыққан дерті, іріңдеп жатқан кесел. Ұрпақ тәрбиесіне қатысты мәселедегі немқұрайлылықтың салдары. Мәселенің осындай ахуалға дейін жетуіне билік те, қоғам да, ата-ана да, мектеп те, мұғалім де кінәлі. Енді жылдар бойы «қисайып өскен» талды қалай түзейміз деп есіміз шығып жатыр.

Мектептерге дәріс оқып, қоғамдық жұмысқа араласқалы ұрпақ тәрбиесінде кетіп жатқан кемшілікті осыдан он шақ­ты жыл бұрын байқағанмын. Сол кез­де-ақ дабыл қаға бастадық. Бірақ білім саласына бір министр келіп, бір өзгеріс енгізіп, екіншісі, үшіншісі, әйтеуір білім саласы «эксперимент алаңына», ал балалар «тәжірибе қояндарына» айналып, тәрбие мәселесі ысырылып қалды. Тек білім, білім деп жүрдік. Енді келіп «Қатыгез, мейірімсіз, үлкенге құрметі жоқ, тәрбиеден жұрдай ұрпақ қайдан келді?» деп дабыл қағып жатырмыз.

Қазақ қоғамындағы отбасылық құн­дылықтардың өлшемі «ұят болады», «жаман болады», «обал болады» деген адамгершілік кодекс болған. Осы ұс­т­а­нымнан ауытқымай, арлы, намысты, рухы биік ұрпақ тәрбиелеген. Ата­лы сөзге тоқтап, үлкенге құрмет, кіші­ге ізет көрсеткен. Бүгінде сол да­ныш­­пан бабалар аманатына қиянат жаса­дық. Ұрпағымыздың тамырына өз қолы­мызбен балта шаптық.

Отыз жыл бойы түрлі «күресетін» орта­лықтар аштық. Жемқорлықпен күрестік, зорлық-зомбылықпен күрестік, суицидпен күрестік. Нәтижесі қандай? Статис­тика азайды ма? Жоқ, жылдан-жылға көбейіп барады. Ал әр санның артында ұр­пақ тағдыры тұрғанын ұмыт­тық. Жақында бір шәкіртім: «Өз елімізде жүріп ұлттық құндылықтар мен ана тілі мәсе­лесін көтеруден асқан сорлылық бар ма, ол онсыз да солай болуға тиіс нәрсе ғой?», деп айтады. Шынында да, жас буын өкілінің айтып тұрғаны жүрекке ауыр тиетін сөз. Қарап отырсам, «тәуелсіздік алдық, егемен ел бол­дық» деп қуанып жүрсек, сол жылдар ішінде қазақты тамырынан айыру, тілі мен ділінен ажырату, ұлтсыздану сая­саты жүргізілген сияқты. Қазақтың ұлттық құндылығынан, ұлттық тәрбиесінен артық не керек? Ұрпақ тәрбиесі бүкіл қоғамды, мемлекетті ойлантуы тиіс.

 

вап

Ақтоты КЕМАЛОВА:

– Тәрбие оқытумен тығыз бай­ла­нысты. Білім алу танымдық, шығар­­машылық мүмкіндіктерді арттырады, адалдық, табандылық және өзіне қойыла­тын талапшылдық қасиеттерінің қалыпта­суына себеп болу арқылы тәрбие деңгейінің артуына ықпал етеді. Қазақ ағартушылары Абай Құнанбайұлы, Ах­мет Байтұрсынұлы, Міржақып Дула­т­­ұлы, Мағжан Жұмабаев балаға сөз емес, ата-анасының және оның айналасындағы адамдардың іс-әрекеттері әсер етеді деп тұжырымдаған. Осыған орай бала тәрбиесінде отбасындағы ахуал, отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасы, ата-ана бойындағы адами қасиеттер мен өмірлік ұстанымдардың маңызы зор.

Білім алушылардың физикалық, психологиялық, әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз етуде отбасы тәрбие институты ретінде маңызды рөл ат­қарады. Еліміздің білім беру ұйым­дарында тәрбие жұмысы мынадай негізгі бағыт­тар бойынша жүзеге асырылады: рухани-танымдық тәрбие, ұлттық тәрбие, от­басылық тәрбие, елдік патриотизм мен азаматтыққа тәрбиелеу, құқықтық тәрбие, еңбек, экономикалық және экологиялық тәрбие, көпмәдениетті және көркем-эстетикалық тәрбие, зият­керлік тәрбие, ақпараттық мәдениетті тәрбиелеу, дене тәрбиесі, салауатты өмір салтын қалыптастыру, т.б.

Отбасылық құндылықтар мен ұлттық тәрбие мәселелері орта білім беру ұйым­да­рының тәрбие жұмысы жоспарына және пәндердің оқу бағдарламасы мазмұнына енгізілген.

Өскелең ұрпақты тәрбиелеу – қо­ғам­ның, педагогтер мен ата-аналар қауымдастығының басты мақсаты. Отанға деген сүйіспеншілікті дарытуға, ата-баба дәстүрлері мен әдет-ғұрып­тарын құрметтеуге тәрбиелеу – мем­лекеттің басты міндеті. Өскелең ұрпақ­ты тәрбиелеу отбасынан баста­лады. От­басы жалпыадамзаттық құнды­лық­тарды, ба­ла­ның бойында қорша­ған қоғам туралы тұрақты әсерді қалып­тас­тырады. Сондықтан отбасы білім бе­ру ұйымының әлеуметтік әріптесіне айна­лады.

Жаңа ұрпақты тәрбиелеуге қатысты мәселелерді жүйелеу үшін үздіксіз білім беру жүйесінде тәрбиелеудің тұ­жы­­рымдамалық негіздері әзірленеді. «Іс-шара өткізу» тәсілінен «тәрбие мақ­саты мен жобалық тәсіл арқылы әр­бір деңгейдегі тәрбие жұмысы» тәсі­ліне көшу жүзеге асады. Оқыту мен тәр­биелеуге қатысты құндылыққа ба­ғыт­­­талған тәсіл мектеп климатында, мәде­ниетте, мінез-құлықта және барлық қыз­мет­кердің көзқарасында көрінетін орта білім жүйесінің ажырамас бөлігі болады.

Құндылыққа бағдарланған тәсілді енгізу сынып менеджменті, әлеуметтік-эмоционалдық оқыту бойынша заманауи педагогикалық технологияларды білім беру ұйымдарында тәрбие үдерісін сапалы оқу-әдістемелік сүйемелдеуді, педагогтерді даярлау және қайта даяр­лау бағдарламаларының мазмұнына құндылықтарды сіңіруді талап етеді.

Балалардағы ұлттық құндылықтар­дың қалыптасуы ерекше маңызға ие. Сондықтан оларды тәрбиелеу ұлттық құндылықтар негізінде жүзеге асырылуы керек. Негізгі ұлттық құнды­лықтар – адамның рухани-адамгершілік дамуы мен тәрбиесінің іргетасы.

 

чвпр

Самат ЖҰМАДІЛ:

– Балалар мен жасөспірімдер ара­сындағы құқық бұзушылық пен келең­сіз жағдайдың кейінгі кезде көбейіп кеткені өкінішті. Тәрбиедегі жіберілген кемшілікті нақты мына мәселеден деп айту қиын. Сол жердегі жағдайды, әлеуметтік қатынасты сараптап қарап, бәлкім мынадай кем­шілік кеткен деп көрсетуге болар. Та­ғы бір ескеретін нәрсе: тәрбиедегі кем­шілікті ұзақ жыл­дың «жемісі» деп қа­рау әділетті деп ойлаймын. Ал жалпы тәр­бие – мектептегі, отбасындағы, сол бала өмір сүретін әлеуметтік ортаның тезі­нен өтіп, сомдалып шығатыны анық. Абай атамыз: «Адам баласын заман өсі­реді, кімде-кім жаман болса, оның за­ман­дасының бәрі виноват», деп 37-қа­ра сөзінде айтқанындай, барлығымыз да жауаптымыз. Кемшілікті біржақты не мектепке, не отбасына ысырып қой­ғанға келіспеймін. Ал мектептерде, отбасында ұлттық тәрбиеге басымдық беру жағдайды жақсартады деп ойлаймын. Осы бағытта «Әкелер мектебі», «Әжелер мектебі», ұлттық спорт, қол­өнер үйірмелерінің жұмыстарды әкім­діктердің «Қоғамдық даму» бөлім­дері арқылы қаржыландырылуы керек деген ұсынысымды айта кеткім келеді. «Біз қай жерден кемшілік жібер­дік?» деген сұраққа менің жауабым: біріншіден, отбасындағы тәрбиеден деп айта аламын. Өзімнің жұмыс тәжі­рибемде осыған нақты көзім жетті. Отбасындағы кикілжің, ұрыс-керістің болуы, шынайы сүйіспеншілік пен ынтымақтың жоқтығы, ата-ананың жа­ман әдеттерге үйір болуы, бала тәрбие­леудегі білімсіздігі секілді мәселелер ба­ланың тәрбиесіне тікелей ықпал етеді. Екінші кезекте, мектептегі оқу мен тәрбие жұмыстарының дұрыс ұйым­дас­тырылмауы деуге болады. Мұн­да мек­теп ұжымының тәртіпті, білімді және бәсекеге қабілетті тұлға тәр­бие­леу мақсатына бар ынта-жігері­мен бір кі­сі­дей жұмылуы маңызды. Үшін­ші­ден, ортаның әлеуметтік жағдайы мен мә­де­ниетінің төмендігі деп ойлаймын. Тұр­мыс жағдайының төмендігі немесе аса дүниеқорлық, сыбайлас жемқорлық, ересектердің зиянды әдеттерге әуестігі сияқты факторлардың кері әсері болатыны анық.

 

ыуен

Марал ЕСЕКЕШОВА:

– Кейінгі кездері мектеп оқушыла­рына қатысты жан түршігерлік оқиғалар «буллинг», «кибербуллинг» деп аталып жүр. Буллинг (қорқыту) – бұл қорлау, бір адамның екінші бір адамды не топ­ты агрессивті түрде қудалауы. Бул­линг ұятсыз әзілдер мен қорлаудан бас­­­тап ұрып-соғуға дейін барады. Оның негізгі мақсаты – жәбірленушіні қорқы­ту, өзіне бағындыру. Қорқыту – әр­дайым физикалық шабуыл ғана емес, психологиялық зорлық-зомбылық түрін­де де жиі кездеседі. Мысалы, қауе­сет пен өсек тарату, ауызша қорлау, бойкот жариялау. Осы келеңсіз жағдайлар ақпа­раттық технологияларда көрініс тапса, кибербуллигке айналады.

Оқушылар неге агрессивті жан түр­­шігерлік буллинг, кибербуллинг сияқ­­ты әрекеттерге барады, агрессия, қаты­гездік қайдан шығады? Бұл ересектер дүниетанымының дұрыс бағытты ұстан­бауынан туындап отыр. Бір жағы­нан, отбасындағы және мектептегі ұлт­тық тәрбиенің осалдығы. Өйткені әр халықтың ұлттық тәрбиесі ғасырлар сынынан өтіп қалыптасады.

 

ре

Ержан МЫРЗАБАЕВ:

– Бұл отбасы мен мектептегі ұлт­тық тәрбиенің осалдығы деп ойлаймын. Өйткені мектеп пен ата-ана ба­ла тәрбиесі мәселесіне толыққанды көңіл бөліп отырған жоқ. Қазір ата-ана балаларын ешкімнен кем қылмай өсі­ремін деп жүгіріп жүрсе, мектеп тек оқушыға білім берумен ғана әлек. Ал балаға ең керегі – мейірім, көңіл, сүйіспеншілік қана емес, оның бос уақытын дұрыс ұйымдастырып, мүм­кіндік болса, уақытты баламен бірге өткізіп, тәрбиелеу. Осыны екі жақ та аңғармайды. Бір қарағанда бәрі тамаша көрінеді. Балалар әдемі киініп, ұялы телефон ұстайды. Білімді, сабақтары да жақсы. Түрлі олимпиадалардан жүлделі орын алып жатыр. Бірақ мектептегі буллинг, зорлық-зомбылық еш тоқтар емес. Шындығында, тәрбиеге жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмей отырмыз.

– Мектепте тәрбие ісі қалай жүргі­зіледі? Министрлік деңгейінде бекі­тілген ереже, стандарттар бар ма? Бұл ретте нені ескеруіміз керек?

Ақтоты КЕМАЛОВА:

 – Орта білім деңгейінде білім алу­шыларды тәрбиелеу ісі пәндік маз­мұн және тәрбие жұмысы арқылы жү­зеге асырылады. Тәрбие ісінің нәтижелілігі ұйымның миссиясына және мұғалімнің педагогикалық ше­берлігіне, білім алу­шылардың жеке ерек­шеліктерін білуіне, ұжымның тәр­биелік міндетіне байланысты. Бұл ретте баланың толыққан­ды дамуына  мектептегі тәрбие үдерісіне ата-аналардың қатысуы, оқуға қолайлы жағдай мен орта құру қажет.

Білім беру ұйымдарындағы тәр­бие жұмысы қайта қарастырылып, тәр­бие жұмысының тұжырымдамасы әзір­ленді. Тұжырымдамада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ата-аналардың жауапкершілігін арттыру қажеттілігі көрсетілген. Мектеп пен ата-аналардың өзара іс-қимылының жаңа форматы қарастырылды. Тұжырымдама барлық мектептер мен колледждерде ұлттық, отбасылық құндылықтарды дамытуға, балаларды тәрбиелеуде отба­сының рөлін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар білім беру ұйым­да­рында өскелең ұрпаққа идеоло­гиялық тәрбие беру бойынша жұмыс­ жүргізіледі. Өскелең ұрпаққа идео­логиялық тәрбие беру шеңберінде «Білім-инновация» лицей-интернат­тары мен Назарбаев зияткерлік мек­тептеріндегі білім алушыларды тәр­биелеу және оқыту жүйесінің тәжірибесін енгізу жалғасады.

Самат ЖҰМАДІЛ:

– Мектептегі тәрбие жұмыстары негізінен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлт­тық білім академиясының орта бі­лім беру ұйымдарындағы оқу-тәр­бие үдерісін ұйымдастыру туралы әдіс­те­мелік нұсқау хатына сәйкес жүр­гізі­леді. Нұсқау хат бойынша «Оқуға құш­­тар мектеп», «Мектеп парламенті», «Дебат қозғалысы», «Балалар және театр» сияқты жобаларға басымдық бе­ріл­ген. Сынып сағаттары, тәрбиелік шара­лар құндылықтарға бағдарланған. Мұн­дай шараларды өткізудің мақсаты – баланың сыни ойлауын дамыту. Сыни ойлай білетін тұлға интернетке, құмар ойындарына тәуелді болмайды, зиянды әдеттерден аулақ болады. Ал Оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылғы 25 тамыздағы «Орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы» №377 бұйрығы бойын­ша, мектептерде психологиялық қыз­мет жұмыс істейді. Психологиялық қызметтің негізгі міндеті білім берудегі қиындықтарды анықтауға және диагнос­тикалауға, кеңес беруге, білім беру ор­та­сы жағдайында психо­логия­лық-пе­да­гогикалық сүйемел­деу мен қолдау көрсетуге бағыт­талған. Мұнда психо­лог мамандар, директордың тәрбие жөнін­дегі орынбасары, сынып жетек­шісі, ата-ана, әлеуметтік педагог, пән мұға­лімдері бірлесе жұмыс жүргізеді. Қиын жағдайдағы әр білім алушы үшін кейс­тер ашып, жоспарлы қолдау жұмыс­тарын өткізеді.

Кейінгі уақытта тәрбиені білімнен бөліп қарап жүрміз. Бұл дұрыс емес. Лев Толстойдың «Білім берудің қай түрі болсын – тәрбие» деген сөзінде шындық жатыр. Білім мен тәрбие – егіз. Олар құстың қос қанатындай, ажыратуға келмейді. Әр педагог өз сабағын өткізіп тұрғанда оқушыға біліммен қатар жақсы тәрбиелік дағдыларды қалыптастыруы керек. Сондықтан да мектепте баланың тәрбиесін тек директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарынан, сынып жетекшісінен, педагог-психологтен, тәлімгер немесе әлеуметтік педагог сияқты бес-алты адамнан талап ету дұрыс па? Бұл ретте осы мәселе ескерілсе деп ойлаймын.

Тұрар ШӘКЕН:

– Бұрынғы Білім және ғылым ми­нистрлігінің №472 бұйрығына сәйкес, «Рухани жаңғыру» тұжырымдамалық негіздері деген тәрбие бойынша 7 ба­­ғыт бар. Оның ішіне патриоттық, де­не тәрбиесі, рухани, отбасылық құн­ды­лықтар, зияткерлік бағыт кіреді. «Құн­дылыққа бағытталған білім» деген жоба аясында жұмыс істеп жатқан мектептер де бар. Бірақ білім ордаларында ұрпақ тәрбиесі өз деңгейінде жүргізілмей отыр. Өйткені балалар 45 минут оқиды. Тәрбиеге жауапты екі-үш адамның уақыты жетпейді. Сынып жетекшілері пән бойынша сабақтарын ғана береді. Олардың баламен айналы­суға бос уақыты бола бермейді. Егер ел ертеңіне алаң­дасақ, білім саласы­на ұлттық тәрбие­ге негізделген ұлт­тық жоба болуы керек деп ойлаймын. «Әрбір ұлттың баласы өз ұлты үшін қыз­мет қылатын болғандықтан, тәр­бие­ші баланы сол ұлттың тәр­биесі­мен тәрбие қылуға міндетті» деп Мағ­жан айтқандай, балаларымызға ұлт тәрбиесін бере алсақ, қоғамда болып жатқан жантүршігерлік оқиғалар орын алмас еді.

Марал ЕСЕКЕШОВА:

– Еліміз егемендік алғаннан кейін білім беру саласында тәрбие мен ұлттық тәрбиеге қатысты сансыз нормативтік құжат қабылданды. Мәселен, 1993 жылы «Тәлім-тәрбие тұжырымдамасы», 1996 жылы «Қазақстан Республикасының этномәдени білім беру тұжырым­да­ма­­сы», сондай-ақ кейінгі жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық бі­лім академиясы ұсынған «Білім алушы­ларды тәрбиелеуде құндылыққа бағыт­талған тәсілді жүзеге асыру бағдар­ламасын» айтуға болады. 2012 жылдан бері «Отбасы хрестоматиясы» жобасы ұсынып жатқан кітаптар мен дәрістер, кездесулердің өзі бір төбе.

Мектептегі тәрбие ісінде бірыңғай интеллектіні дамытуға бағытталған жұмыстарға назар аударылады. Ал тәр­­бие мәселесі көбінесе екінші орын­дағы қосалқы жағдайда жүргізіледі. Сон­дық­тан да ғұлама Әбу Насыр әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Ол деп тәрбиеге ерекше көңіл бөлу керектігін түсіндірді.

Бұл ретте мынаны ескеруіміз қа­жет. Біріншіден, ата-ана, мұғалімдер қауымы қазіргі күннің балаларының пси­хологиялық ерекшеліктерін жа­лықпай зерттеп оқып, тануы керек. Осы мақсатта курстардан өту, өз беті­мен және ұжыммен педагогика клас­сиктерінің еңбектерін қайталап оқу, дәрістер тыңдау қажет. Екіншіден, бала­ның жантүршігерлік оқиғаларға баруы құндылықтан бос қалған іш­кі қарама-қайшылықтардың орнын толтыру екендігін мойындаған абзал. Сондықтан отбасында, мектепте баланың бос уақытын дұрыс ұйым­дастырып, құн­дылықтарға толы шығар­маларды балалармен бірлесіп көп оқу, талдау, кинофильмдер көріп, ор­тақ әңгіме айту тағы басқа игі дүние­лерді қолдану керек.

– «Мұғалім – бала – ата-ана» үштігі арасындағы байланыс қаншалықты жолға қойылған? Оны қалай жақсар­та аламыз?

Ержан МЫРЗАБАЕВ:

– Жалпы мектептерде осы үштік арасындағы байланыс өте төмен. Алай­да кейбір білім ордалары осы мәсе­леге ерекше назар аударып, жақсы нәти­жеге қол жеткізіп отыр. Соның ішінде «Білім-инновация» лицейлерін айтуға болады. Мұны солардың бірқатар семинар, тренниг тағы басқа іс-шараларына қатысқанда анық байқап жүрмін. Әлеу­меттік желіден де көремін. Бұл лицейде ата-анамен тығыз байланыс бірінші орынға қойылған. Соның нәтижесінде балалардың білімі мен тәрбиесінде айтарлықтай жетістікке қол жеткізген. Осы модельді жалпы мек­тептерге тара­туға болады. Қазір мұны бірен-саран ғана білім ұялары іске асырып жатыр. Бірақ жүйелі қолға алғандар аз. Біріншіден, көбі оны қалай және қашан істеу керек екенін білмейді. Мәселен, сынып жетекшісінің 18-20 сағат сабағы бар дейік. Одан кейін мектепте қағазбастылық әлі тыйылған жоқ. Мұғалімнің содан да қолы босамайды. Сондай-ақ әр оқушының күн сайын сабаққа қатысуын қадағалайды. Осындай қауырт жұмыс арасында сынып жетекшісі ата-анамен қалай қарым-қатынас орнатады. Оның күніне 2-3 ата-ананы шақырып сөйлесуге, олармен аптасына немесе айына бір іс-шара ұйымдастыруға уақыты мен мүмкіндігі де жоқ. Сондықтан ата-анамен жүйелі жұмыс жүргізу үшін бюджеттен қаржы қарастырылса деп ойлаймын. Өйткені ата-аналарды жинап, іс-шара өткізуге де қаржы керек. Мысалы, мектептің асханасында немесе буфетінде ата-ана мен мұғалім шай ішіп отырып, емен-жарқын әңгімелессе, қандай жарасымды. Бірақ ол тегін болса деймін.

Марал ЕСЕКЕШОВА:

– «Мұғалім – бала – ата-ана» үштігі арасындағы байланыс науқандық сипатта деуге болады. Мағжан Жұма­баевтың: «Тәрбиедегі мақсат – баланы тәрбиешінің дәл өзіндей етіп шығару емес, келешек өз заманына лайық қылып шығару» деп айтуы бала тәрбиесіндегі ата-ана, мектеп, қоғам алдында үлкен жауапкершіліктің тұрғандығын дәлел­дейді. Мектептердегі ата-аналар жина­лы­сының, апталықтардың формасы моральдық тұрғыдан көнерген. Жаңа форматтағы шынайы қатынас керек. «Мұғалім – бала – ата-ана» үштігі ара­сын­дағы байланысты жақсарту үшін баланы шынайы жақсы көріп, бола­шағына алаңдап, оны тыңдап, сөйлесіп, зерттеуден жалықпау керек.

Тұрар ШӘКЕН:

– Бүгінгі ата-ана «өз баламды қалай тәрбиелеймін?» деп дабыл қағып жүр. Тіпті «ұлды ұл, қызды қыз» етіп өсіру деген тақырып та өзекті. Шеттен келіп жатқан жымысқы дүниелер ұрпақ санасын улап, ұлтымыздың тамырына балта шабу үстінде. Көзі ашық, санасы ояу жандар «не істейміз?» деп жүрсек, «жаһандану келді, болар дүние болады» деп немқұрайдылық танытатындар да бар.

Рас, мектептерге жиі баратын адам ретінде осындай тенденция барын жасыру қиын. Мектеп әкімшілігі, ұстаз­дар «Ата-аналар жұмысбасты, бала тәрбиелеуге уақыты жоқ» деп жатады. Тіпті айында-жылында болатын ата-аналар жиналысына «уақытымыз жоқ» деп бармайтындар бар. Мен қашанда мұндай ата-аналарға «Сіз балаңыздың жиналысына баруға 1 сағат уақыт тап­пасаңыз, ертең қартайғанда балаңыз сізбен сөйлесуге 1 сағат уақы­тын қи­майтын болады» деймін. Той той­лау­ға уақыт тауып, ал өз баласының тәр­биесіне немқұрайды қараса, жиналысына бармаса, бала тәрбиесі кері кетпей қайтпек? Тәрбие отбасынан бастау алады. Ата-ананың міндеті – жақсы, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу. Өкі­ніштісі, бүгінде «баласының қарнын тойғызып, киімін бүтіндесем» болды деген ұстаныммен өмір сүретін ата-аналар да баршылық. Бала өз беті­мен өсетін арамшөп емес, ол – елдің бола­шақ азаматы, мемлекеттің адами капиталы.

«Бала бер, бала берсең, сана бер, сана бермесең, ала бер» деп ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген ұлт едік. Бүгінде ұрпағымыздың көкірек көзіне рухани байлық құя алмай, бойына адами құндылықты сіңіре алмай отырған, өзіміз – ата-аналар, ересектер. Қандай жағдайда ата-ана бала тәрбиесіне жауап­кершілікпен қарап, балаға отбасылық құндылықтарды сіңіруі керек. Бала тәрбиесінде «мұғалім – бала – ата-ана» ынтымақтастығы өте маңызды.

Самат ЖҰМАДІЛ:

– «Мұғалім – бала – ата-ана» үштігі – тәрбиенің тірегі. Бұл ретте тоқсан сайын ата-аналар жиналысы, «ашық есік» күндері, ата-аналар­мен кездесулер өткізіледі. Ата-аналар арасындағы байланыстың бір қиыншылығы – осын­­дай шараларға олардың кейбірі мүлдем келмейді. Қазіргі ата-аналар жина­лысының форматы өзгерген, тренинг түрінде немесе мәдени іс-шара сипа­тында өтеді. Жоғарыда айтқан­дай, психологиялық қызмет жұмысы жүр­гі­зіледі. Мектепке ата-аналардың келмеу себебі бала туралы сын-пікір айтылады деген қор­қы­ныш деп ойлаймын. Бірақ қазір бала туралы көпшіліктің көзінше сын-ескертпе айтылмайды, педагогикалық әдеп сақталады. Үштіктің үйлесімін жақ­сарту үшін ата-ананың мектеп жиналысына келуін заңмен міндеттеу керек.

Ақтоты КЕМАЛОВА:

– «Мұғалім – бала – ата-ана» үштігі қағидасы бойынша мектеп пен ата-ана­ның тығыз қарым-қатынасын жалпы, адамзаттық құнды­лық­тарға негізделген білім алушыларды тәрбиелеу мен оқыту жүйесін енгізу жалғасады. Осы ша­ралардың нәтиже­сінде әрбір оқу­шы­ның физика­лық, психикалық, эмоцио­налдық,  адам­гершілік дамуы­на бағытталған тәр­бие жұмысының үйле­сімді жүйесі қалыптасады.

Тәрбие жұмысын тиімді ұйымдас­тыру мақсатында сынып жетекшілігі туралы ережені қайта қарау және сынып жетекшісінің біліктілік сипаттамасын әзірлеу жоспарланып отыр. Еліміздің қазіргі даму кезеңінде өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеудің құндылық тәсілі маңызды. Еліміздің аумақтық тұтастығы, мемлекеттік тіл және бірлік қоғамның сөзсіз құндылығы болып қала береді. Өскелең ұрпақтың тәрбие үдерісі өз біліміне, салауатты өмір салты мен кәсіби табысына, туған жеріне, ауылына, қаласына, өңіріне, мәдениеті мен тіліне деген сүйіспеншілікке бас­ты назар аударып, өмірге деген дұрыс көзқарас элементтерін қалыптастыруға бағытталады. Жастарда адалдық, мейі­рім­ділік, әділдік, өзін-өзі дамыту сияқ­ты дәстүрлі жалпыадамзаттық құн­ды­лықтар басым болуға тиіс.

– Алдағы уақытта мұндай келең­сіздіктер қайталанбас үшін не істеуіміз керек? Қандай қадамдар жасаған
абзал?

Марал ЕСЕКЕШОВА:

– Алдағы уақытта келеңсіз­діктер қайталанбас үшін отбасында, білім беру ортасында психологиялық жайлы орта құру керек. Баланың үлгерімін емес, ал­дымен тәрбиесін ойлау қажет. Әр ата-­ана, әр педагог бұйрық, нормативтік құ­жаттарды күтпей, осыдан бастап ба­ланың бос сөй­леу, бос отыру, бос жү­ру уақытын құнды­лықтармен толтыруды жоспарлау керек.

Тұрар ШӘКЕН:

– Қоғамда болып жатқан рухани дағдарыстың, адам айтуға ауыз бармайтын түрлі азғындықтың ауыр салдары өскелең ұрпақтың адамгершілік-өнегелік тәрбиесіне жіті назар аудару­ды қажет етіп отыр. Біз бүгінгі бала – ер­теңгі ел азаматы, адам капиталы екенін бір сәтте естен шығармауымыз керек.

Отбасы институтының мәртебесін көтеруге және ұрпақ тәрбиесі мәселесі­не басты назар аударып, отбасы құнды­лықтарын сақтайтын шаралар жасайтын кез жетті. Бала ешкімнен «мені дү­ние­ге әкеліңдер» деп сұраған жоқ. Әйел мен еркек қосылғаннан кейін, ұл-қызы­ның өміріне жауапкершілікпен қа­рауға тиіс. Тіпті бүгінде Үкіметтен атау­лы әлеуметтік көмек аламын деп ажырасатындар көбейген. Халқымыз баяғыда бір жаманшылықты байқаса, «ырымға жаман» деп жатушы еді. Бұл жағдайлардың барлығы ұлттық тамырымыздан ажырап, бауыр еті баласын жеке мүддесіне пайдалануға дейін жеткен. Ең сорақысы да осы. Отбасынан осындай өтірікті көріп өскен ұрпақтың ертеңі қандай болмақ? Әр ата-ана балаға ұшқан ұясында берілген тәлім-тәрбие мен көрсеткен үлгі-өнеге оның өмір бойғы бағыт-бағдар беретін шамшырағы болатынын ұмытпауы керек.

Сондықтан «Неке және отбасы» заңын реформалап, бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігін арттыру керек. Білім саласына ұрпақтың рухани-өнеге­лік тәрбиесін мақсат тұтқан, ұлт­тық тәрбиеге негізделген жоба болуға тиіс. Осы тұрғыда мемлекетімізге ұлт­­­тық идео­логия қажет. Өйткені мем­ле­кет ұлтты қалыптастырмайды, ұлт мем­лекетті қалыптастырады. Жоғалт­қаны­мызды түгендеп, жаншылған ұлт­тық рухымызды тірілтіп, өткеніміз бен өшкенімізді қайта жағып, қазақ­тың өзіне тән ұлттық болмысын қайта­руымыз керек. Мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақ ұлтының заманауи бейнесін қалыптастырып, қазақ отбасының озық моделін жасап, отбасы институтының мәртебесін көтер­сек, бүгінгі қоғамның дертіне айналған өзект­і мәселелердің түйіні шешіліп, өске­­лең ұрпаққа, жастарға рухани-өне­ге­­лік тәрбие берілері сөзсіз. Тіпті ел ер­теңіне алаңдасақ, Отбасы және тәр­бие министрлігін немесе осы секілді басқа бір құзырлы орган құру керек деп ойлаймын. Оған қарынның қамын емес, ұлттың болашағын ойлайтын, нағыз жанашыр, жауапты мамандар тартылса дейміз.

Сонымен қатар ұрпақ тәрбиесін жал­ғыз мемлекеттің мойнына артып қоймай, қоғам болып тәрбиелеуді қол­ға алуымыз керек. Осы бағыттағы үкі­меттік емес ұйым­дар билік пен қо­ғам арасындағы «алтын көпірге» айна­луға тиіс. Ұрпақ тәрбиесінде ұран­шылдықты қойып, сөзден іске кірісетін кез жетті.

Тағы айтпағым, бүгінде Ақпарат жә­не қоғамдық даму министрлігі арқы­лы үкіметтік емес ұйымдарға түрлі бағыт­тағы гранттар бөлінеді. Солардың ішінде «ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу, салт-дәстүрімізді дәріп­теу» бағытында жобалар жасалуға тиіс.

Егер ұлттық құндылықтарға негіз­дел­ген отбасылық институттың мәр­те­бесін көтерсек, іргетасы мықты шаңы­­рақтардың құрылуына ықпал етер едік. Ал отбасылар берік болса, ұрпа­ғы­мыздың тәрбиесі түзеліп, мемле­кеті­міз де өркендеп, дамитыны анық.

Самат ЖҰМАДІЛ:

– Мұндай келеңсіздік қайталанбас үшін алдымен, ата-ана жауапкершілігін арттыру керек. Ата-аналар балаларымен сырласуы керек, бала басындағы қиыншылықты, ең алдымен, анасына не әкесіне айтса, мәселенің алдын алуға болады. Сонымен қатар қиын балалармен жұмыс істеудің ғылыми әдістемелері, жұмыс алгоритмдерін жасау, баланың бос уақытын дұрыс жоспарлау маңызды. Тәрбие саласында жоғарыдан келген шаралардың легінен гөрі, мектептердегі оқушылардың қажеттілігіне қарай тәрбиелік шаралар ұйымдастырылуға тиіс. Өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмысын жандандырып, оқушылардың өмірге сенімділігін, белсенділігін арттыру маңызды.

Ақтоты КЕМАЛОВА:

– Жоғарыда көрсетілген іс-шара­ларды жан-жақты, мүдделі органдармен бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет. Сонда бірлескен істен нәтиже шығады.

Ержан МЫРЗАБАЕВ:

– Білім ордасында қандай да бір келең­сіз оқиға болғаннан кейін, соған қатыс­қандарды қатаң жазалау қажет. Бұл өте маңызды. Сонда оқушы біреу­ге әлімжеттік жасап, зорлық-зомбы­лық көрсетудің соңы қылмыстық жауап­кершілікке апаратынын, әке-шешенің жұмысына кері әсері тие­тінін, қоғам тарапынан қысым болатынын көруі керек. Сол кезде жеткіншек одан аяқ тартады. Әрбір мұ­ға­лімнің сабағында тәрбиелік элемент­тердің болуына назар аудару қажет. Мәселен, физика мұғалімі сабағында өз пәнін ғана емес, сол арқылы бес минут уақыт бөліп, тәрбиелік мәні бар немесе ұлттық құндылықтарымызға сай дүниелерді түсіндірді ме, оның тәрбие жоспары қандай, ол қағазда емес, іс жүзінде қаншалықты іске асты, осының бәрін сараптап, бағалау қажет. Сонымен бірге ата-аналар мәселесін қолға алған жөн. Өкінішке қарай, бізде бұл қараусыз қалды. Қай жағынан деп ойлайсыз? Біз ата-анадан балаңызға көңіл бөліп, оның тәрбиесімен айналысыңыз, сөйлесіңіз, үйретіңіз деп талап етеміз. Бірақ кейбір ата-ананың оған білімі мен біліктілігі жете ме? Олар мұғалімдер секілді педагогикалық жоғары оқу орындарында педагогика мен психологияны оқыған жоқ. Бала психо­логиясын толық білмейді. Осы тұрғы­дан келгенде мектеп деңгейінде арнайы отбасы академиялары жұмыс істеп, жалпы қоғамға ата-ана болудың жауапкершілігін үйретуіміз керек.

 

Дөңгелек үстелді жүргізген

Азамат ЕСЕНЖОЛ,

«Egemen Qazaqstan»