Инфрақұрылым • 24 Мамыр, 2023

Бәрі де тұрғындар игілігі үшін

379 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық әл-ауқатын жақсарту­дың басты тетігі – инфрақұрылымды жаңғырту. Мәселен, биыл Атырау қаласында жол, тұрғын үй орамдарында аулаларды жаңарту, жазғы су құбырын жүргізу секілді жұмыстар қарқын алды.

Бәрі де тұрғындар игілігі үшін

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автокөлік жолдары бөлі­мінің басшысы Әлібек Мұхан­беталиевтің мәліметінше, шаһар­дағы жолдың жақсы және қана­ғат­танарлық жағдайын 90%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Осы­ған байланысты жолды қай­та жаңғырту мен салу үшін рес­публикалық, жергілікті бюджеттен 9,7 млрд теңге бөлінген.

«Мұнайлы шаһардағы С.Датов, Азаттық көшелерінің, Атырау-Индер, Атырау-Дамбы, Атырау-Астрахань бағытына шы­ғатын күре жолдардың ша­һар аумағындағы бөлігі қайта жаң­ғыр­тылады. Бұл үшін 4,2 млрд теңге қаражат қарастырылған. Ал Еркінқала, Еркінқала-2, Ракуш, Алмалы, Томарлы ауыл­дары мен «Балауса» шағын ауда­нын­да, сондай-ақ Бейбарыс даң­ғы­лынан Атырау-Астрахань ба­ғы­тындағы автокөлік жолына де­йінгі аралығына жол салынады. Оған 4,6 млрд теңге бөлі­ніп отыр. Жаяу жүргіншілерге арнал­ған жолды салу үшін 892 млн теңге жұмсалады. Ша­һар маңындағы Атырау, Дам­бы, Ақсай, Қайыршақты, Еркін­қала ауылдарында, Атырау қала­сында, Геолог, Жұмыскер елді мекен­дерінде жаяу жүргінші жолын салу көзделді», дейді Ә.Мұханбеталиев.

Оның айтуынша, М.Әуезов көшесі мен Зарослый елді ме­ке­ніндегі жобаларға түзетулер енгі­зіліп жатыр. Ал Атырау-Еркін­қала автокөлік жолы, Әбіл­ха­йыр хан даңғылынан Жастар көшесіне дейінгі жол аралығы қайта жаңғыртудан өтеді. Әбіл­хайыр хан мен Бей­ба­рыс даң­ғылын бір-бірімен қоса­тын авто­көлік жолының жо­ба­сы ашық электронды кон­курс­қа берілген.

пар

Қалалық тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлім басшысының орынбасары Бақтияр Хамидул­лаевтың айтуынша, былтыр пәтер иелері кооперативтері мен тұрғындардың ұсынысына сәй­кес «100 ауланы абаттандыру» жобасы әзірленген. Бұл жобаны іске асыру мақсатын­да жергілікті бюджеттен 1 млрд 37 млн теңге бөлініпті. Аталған жобаны «Атырау көлік» ЖШС, «Риголит» ЖСШ, «Sheberbuid» ЖШС іске асырады. Қазір ша­һар­дың орталық көшелерінде, «Ба­лықшы», «Авангард», «Лес­хоз» және «Алмагүл» шағын аудан­­дарындағы аулаларды жаң­ғыр­ту жұмысы атқарылып жатыр.

«Биыл ауылішілік және жаяу жүргіншілер жолы, балалар ойын алаңдары мен спорттық жат­тығу, доп ойнау алаңдары жа­ңартылады. Бұл жұмыстар алдағы қазан айына дейін аяқ­талып, қолданысқа беріледі. Ат­қа­рылып жатқан жұмыстар қа­таң бақылауға алынды. Жыл со­ңына дейін тағы да 150 ауланы абат­тандыру жөнінде жаңа жоба әзірленеді. Келер жылы қаладағы аулалар мен ауылішілік жолдар 100% жаңартылады», деп мәлім етті Б.Хамидуллаев.

Әкімдіктің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа қарағанда, инфрақұрылымды жаңғыртатын осындай жобалардың қатарында жазғы су құбырын жүргізу де бар. Мұндай жұмыс осы кезге дейін атқарылған. Мәселен, былтыр Дамбы елді мекеніндегі 3 көшеге, Тасқала-1 ауылында орта мектеп, балабақша мен орталық көшеге 1 шақырым су құбыры жүргізілген. Сондай-ақ Алмалы ауылында 3,5 шақырымдық орталық көше мен мекемелердегі темір құбырлар пластик түріне ауыстырылып, су соратын сорғы орнатылған. Еркінқала ауылына 2 600 метр жазғы су жүйесі жүргізіліп, Жайық жағасына су сорғы станса іске қосылған.

Енді биыл Дамбы ауылын­дағы 10 көшеге, Амангелді елді мекенінде 4 көше мен 7 әлеумет­тік нысанға ұзындығы 9 950 метрді құрайтын құбырлар тарту үшін қаражат бөлінді. Дәл осындай жұмыс Алмалы ауылында қайта жалғасады. Ауылды толық қамту үшін 19,4 шақырымға, Береке елді мекеніндегі 3,5 шақырымды құрайтын орталық көшелерге жазғы су құбырын жүргізу үшін қаражат бөлінді.

«Қызылбалық ауылында 4 мың метр жазғы су құбыры жүр­гізілді. Соның нәтижесінде жаңа саябақ, мектеп пен қосымша 4 кө­ше су құбырымен қамтылды. Жал­пы, ауылға 11 мың метр плас­тикалық құбыр салынды. Со­ны­мен қатар Құрманғазы ауылын­да 1 100 метр магистралдық және 700 метр пластикалық құ­быр жүргізіліп, су сорғы станса орна­тылды. Қазір бұл ауылда транс­форматор орнату жұмысы жүргізіліп жатыр», деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ Ракуша елді мекені мен «Балауса» шағын ауданына 9 090 метр жазғы су құбыры желісін тарту басталған. Осы кезге дейін 5 шақырымға жуық құ­быр тартылған. Томарлы ауылын­дағы мектеп, мәдениет үйі мен орталық көшелерге 5 шақырым, Талғайраң ауылында 2 шақы­рым, Бесікті ауылындағы мектеп пен балабақшаға 2 шақырым, «Көк­тем» шағын ауданындағы білім ордасы мен бөбекжайға 2 ша­қырым су құбыры жүргізі­ліп жатыр. Наурыз айынан бері «Өрлеу» шағын ауданындағы 21 шақырымды құрайтын 10, «Қай­нар шағын ауданының 7 кө­ше­сіне жазғы су желісі тарты­лып жатыр. Ақсай, Ақжар ауылдарына 5 шақырымдық жазғы су жүйесін жүргізу үшін тендерлік конкурс жарияланды. «Жұлдыз» және «Көктем» шағын ауданда­рына жазғы су құбырын тарту мақсатында арнайы жоба жа­сақтау қолға алынып отыр.

 

Атырау облысы