Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Келісімге сәйкес ел азаматтары жеке істер, туризм, ем қабылдау, халықаралық тасымалдар, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды (келісім шарттар жасасу, келіссөздер жүргізу, консультациялық қызметтер көрсету, басқа да іскерлік мақсаттар) жүзеге асыру мақсатында Қытай аумағына 30 күннен аспайтын мерзімге визасыз бара алады. Сондай-ақ 180 күн ішінде Қытайда болған күндерінің жалпы саны 90 күннен аспауға тиіс. Сәйкесінше, Қытай азаматтарының Қазақстанға келуіне де дәл осындай шарттар қолданылады. Ал құжатта көрсетілген мерзімнен арттығырақ қалғысы келетін адамдар виза рәсімдеуі керек.
Стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әділ Кәукеновтің айтуынша, Қытаймен визасыз режім енгізу Қазақстан төлқұжатының күшін арттырады. Осылайша, Шығыс Азияның есігі кеңірек ашыла түсті. Сарапшы келешекте Жапония, Үндістан, Еуропалық одақ, АҚШ секілді басқа ірі мемлекеттер де осы тізімге қосылуы мүмкін екенін алға тартады.
«Бұған қоса, Қытай Қазақстанның ең маңызды экономикалық серіктес екенін түсіну керек. Сонымен қатар шағын және орта бизнес әлемдегі ең ірі экономикаға жақын орналасуымызды пайдалануы қажет. Бұрын Қазақстан мен Қытай шекаралас орналасқанымен, визалық шектеулерге байланысты еліміздің азаматтары аталған елге еркін кіре алмайтын. Бұл, әрине, отандық бизнестің бәсекеге қабілетіне кері әсерін тигізіп келді», деді Ә.Кәукенов.
Осы орайда айта кеткен жөн, былтыр Қазақстан тарапы Қытай бастаған бірқатар мемлекеттің азаматтарына 14 күнге визасыз ел аумағына кіруге рұқсат еткен еді. Алайда бұл біржақты келісім болғандықтан, отандастарымыз көршілес мемлекетке баруы үшін визаға құжат тапсырып, әуре-сарсаңға түсетін. Енді мұның бәріне нүкте қойылып отыр.
Шығыстанушы Олжас Бейсенбай медиаға берген сұхбатында бұл келісім ешқандай ережесіз, заңсыз жүре беру керек дегенді білдірмейтінін алға тартады. «Бүкіл регламент нақты бекітілген», дейді ол. Оның пайымдауынша, Ішкі істер министрлігі кімнің кіріп-шыққанын нақты қадағалап отыруы қажет.
«Бұл құжатқа қарасақ, бәрі анық жазылып тұр. Яғни екі ел азаматтары бір-біріне жұмыс істеу мақсатында, не ақылы қызмет көрсету үшін бара алмайды. Осы келісімнің 6 және 8-пункттерінде қандай да бір қауіпсіздік жағдайы, пандемия және ерекше ситуация болғанда бұл шешімді уақытша немесе ішінара тоқтата тұруға болады. Бұл екіжақты келісім арқылы жүзеге асады. Екіншіден, азаматтар шекарадан өтер кезде екінші тарап себебін түсіндірместен бас тартуға да құқылы. Сондықтан бұл жерде қауіпсіздік мәселесіне нақты ден қойылған», дейді О.Бейсенбай.
Өткен жылы қытайлықтарға берілген екі апталық визасыз режім өз нәтижесін берген екен. Мәселен, «Kazakh Tourism» деректеріне сүйенсек, 2022 жылы елімізге келген қытайлық туристерден түскен табыс 16 млн долларға жеткен. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Сондай-ақ елге келген әрбір қытайлық турист шамамен 1 мың доллардан жұмсаған. Ал Қытайдың «People's Daily Online» газеті өткен жылы қабылданған визасыз режім туристерді қызықтыратынын алға тартады. Басылымның жазуынша, Қазақстанды туристік және транзиттік аймақ ретінде қарайтын қытайлықтар қатары көбейген.
Бірнеше жыл Қытайда білім алған блогер Ертай Нүсіпжановтың айтуынша, «Қытай қаптайды» деп үрейленуге негіз жоқ. Өйткені елге кімнің кіріп-шыққаны, уақыты базада көрініп тұр. Бақылау толықтай жасалған.
«Олардың да Қазақстанда қалуға құлқы жоқ. Ал заң бұзатындары бұрыннан визалық шектеуге қарамастан бұзып жатыр. Қытайлар үлкен базарларда, қоймаларда отыр. Қалаған уақытында кіріп-шығуды ақшамен шешеді. Ал турист ретінде келетіндерден экономикаға пайдасы болмаса, зияны жоқ. Әлемде Қытаймен визасыз режім енгізген елдер аз емес. Біздің билік те солардың тәжірибесін пайдалануды көздейтіні анық. Өйткені Қытай туристерінің тұтыну потенциалы өте жоғары. Қытай нарқы әлемдік мықты брендтерге жабық болған соң халқы оларды шетелден алуға тырысады. Бұл тұрғыдан қарағанда, әрине, бізге тиімді. Сондай-ақ Қытаймен қандай да бір жоба жасағысы келген, саудамен айналысып жүрген біздің азаматтар үшін де бұл өте тиімді», дейді Е.Нүсіпжанов.
Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Қытаймен визасыз режім орнатудан еш қауіп көрмейді. Оның айтуынша, Қазақстан азаматтарына, іскерлік қауымына қосымша пайда әкеледі.
«Қытай – әлемнің жетекші экономикасының бірі. Қазіргі таңда технология, өндіріс тұрғысынан да, жалпы нарықтық экономика бағыты бойынша қарыштап дамып келеді. Ендеше, мұндай келісім бизнес жобалар, идеялар, екіжақты іскерлік қатынасты өркендетуге үлес қосады. Осы орайда, визасыз режім 30 күнге ғана берілетінін ескерген жөн. Яғни туристік, іскерлік бағытта ғана. Алайда ақылы жұмыс істеуге тыйым салынады. Алда-жалда Қытай азаматы Қазақстанда жұмыс істегісі келсе, еңбек визасына тапсыруға тиіс», дейді Қ.Майгелдинов.
Сарапшы сөзінің жаны бар. Мәселен, Қазақстанда 15 мыңға жуық шетел азаматы жұмыс істейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келтірген мәліметке сүйенсек, олардың 3 500-ге жуығы ғана Қытай азаматы. Сондай-ақ былтыр өткен жылы елімізге 17 425 адам көшіп келген, оның 416-сы ғана Қытайдан келген.
Стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Ә.Кәукенов визасыз режім халықаралық түрлі іс-шара, көрме, кездесу, конференция және басқа да форматтағы кездесулерді елде өткізуге жол ашады. Яғни шетелдік кәсіпкерлер еш қиындықсыз Қазақстанға келе алады.
«Негізі, Қытай азаматтарына визасыз режім 2017 жылдан бері енгізілген. Бірақ визаны алып тастау қытайлық туристерді әлі толыққанды қызықтыра алмады. 2017 жылдан бері туристер ағыны көбейген жоқ. Қазақстанға келген іссапарлар саны ғана артты. Сондықтан Қазақстанның туризм саласы көрші елден келетін қонақтарды қабыл алуға дайын болуға тиіс», дейді Ә.Кәукенов.
Мәжіліс депутаты Айгүл Құспанның айтуынша, келісімге қол қойылғанымен құжат бірден қолданысқа енбейді. Ол үшін әуелі «Миграциялық ақпараттың алмасуы туралы» заң жобасы даярланып, оны Парламент ратификациялау қажет.
«Геосаяси тұрғыдан алғанда, біздің бұл құжат үшін еш алаңдайтын ретіміз жоқ. Осы ретте ең қасиетті әрі қастерлі құндылығымыз, ең басты байлығымыз – тәуелсіздікті, егемендігімізді және аумақтық тұтастығымызды сақтауда Қытай басшылығынан кепілдік алдық. Си Цзиньпин мырза Астанаға ресми сапары кезінде «халықаралық конъюнктура қаншалықты өзгерсе де, біз Қазақстанды өз тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастытығын қорғауда берік қолдайтын боламыз» деп бүкіл әлем алдында жауапты түрде мәлімдеді. Бұл қазіргі кезеңде біз үшін үлкен қолдау мен саяси демеу екені сөзсіз.
Үлкен мәселе – туризм. Бұл аса маңызды сала. Бізде туризм енді ғана дамып келеді. Сондықтан туризмге де мүмкіндігінше жол ашуымыз керек. Оны түсінетін уақыт келді. Туризмнің ел экономикасына қандай пайдалы екенін бауырлас Түркия көрсетіп отыр. Аталған елдің экономикасына түсіп жатқан миллиардтаған қаржы туризмнен келеді. Ендеше, Қазақстанда да инфрақұрылымды біртіндеп дамыта береміз. Елімізде көрсетуге тұрарлық жерлер бар. Сондықтан туризмге де жағдай жасауымыз керек», дейді А.Құспан.
Расында, Қытай көрінген елмен визасыз режім енгізе бермейді. Әсіресе бір айлық мерзімге елде қалуға санаулы мемлекеттің азаматтарына ғана рұқсат еткен. Мәселен, шығыстағы көршіміз 30 күн бойы еркін жүріп-тұруына Біріккен Араб Әмірліктері, Армения, Босния және Герцоговина, Сербия секілді елдерге, сонымен қатар бірқатар арал мемлекет азаматтарына рұқсат еткен.
Ал Жапония, Бруней және Сингапур тұрғындары тек 15 күн ғана визасыз ел аумағына кіре алады. Сонымен қатар 144 сағаттық визасыз транзиттік режім бар. Бұл тізімге әлемнің 51 мемлекеті енген. Негізінен Хайнань секілді туристік мекендерге келіп, үшінші елге өтетін жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Жалпы, «Henley Passport Index» деп аталатын төлқұжат рейтингін сараптайтын орталық бар. Соның мәліметіне сүйенсек, жер-жаһанда паспорты ең мықты мемлекет – Сингапур саналады. Аталған елдің азаматтары 194 мемлекетке емін-еркін кіре алады. Бұдан кейін Жапония (193 мемлекет), Германия (192), Италия (192), Оңтүстік Корея (192) және Испания (192) тұр. Қазақстан аталған тізімнің 66-сатысына жайғасқан. Ел азаматтары 76 мемлекетке визасыз не жеңілдетілген виза тәртібімен бара алады.