Жобаның жалпы құны – 737 млн доллар. Оның 40 млн долларын ЕАДБ құйған. Кредиторлар синдикатына ЕАДБ-дан бөлек Еуропалық қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы және DEG германиялық инвестициялық корпорациясы кіреді. Қазір 59,16 пайызға аяқталып тұрған жоба 2024 жылдың тамызында пайдалануға берілмек. TAV Construction Co атқару комитетінің мүшесі Джимхур Каурдың айтуынша, егер қыс айларында тосын климаттық ахуал туындамаса айтылған мерзімнен бұрын бітуі де мүмкін.
Алматы әуежайының аға вице-президенті Фатих Өмірдің сөзінше, ескі терминалдың өткізу қабілеті 2,7 млн адам болған. Алайда ол қазір 7,2 млн адамды тасымалдап жатыр. Сондықтан шұғыл түрде жаңа терминал салу қажеттілігі туындаған. «Терминал пайдалануға берілгеннен кейін ол тек халықаралық рейстерге ғана қызмет көрсететін болады. Қазіргі терминал тек ішкі рейстерге арналған», деді Фатих Өмір.
Әуежай басшылығының хабарлауынша, жаңа терминалда жер асты көлік тұрағы болмайды. «Оның есесіне біз қазір көлік тұрағы аймағын кеңейту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жаңа терминал пайдалануға берілгеннен кейін 800 және 1 мың шаршы метрлік аумақтағы лаунж-аймақ болады. Транзиттік жолаушылар сол жерге орналасады. Сондай-ақ жолаушы өзін әуежай ішінде мейлінше жайлы сезінуі үшін түрлі ойын-сауықтық және коммерциялық аймақтар қызмет көрсетеді. Транзиттік жолаушыларға қолайлы болуы үшін капсулды отелдерді орнату қарастырылуда», дейді ол.
Джимхур Каур жаңа терминалдың сейсмоорнықтылығына қатысты да пікірін білдірді. «Ол бойынша барлық заң талаптары сақталды. Жобаны жүзеге асыру кезеңінде Ыстанбұл және Дубай әуежайлары құрылысының тәжірибесі ескеріледі. Ғимарат жер сілкінісіне қатысты максималды орнықты жағдайда», деп түсіндірді.
Фатих Өмірдің айтуынша, қазір алдағы 30 жылға мастер-жоспар құрылуда. Мастер-жоспардың нәтижесінде пайда болатын түрлі жаңа инновацияларды сәл кейінірек жария етпек.
Инвесторлардың пікірінше, рейстердің өткізу қабілеті мен санын арттыру, маршруттар желісін кеңейту және тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қолданыстағы нысандарды жаңғырту және жаңа терминал салу Алматы әуежайын Орталық Азиядағы ең ірі әуе хабтарының біріне айналдырады.
Жобаны TAV Airports басқаратын инвесторлар консорциумы жүзеге асырып жатыр. Жаңа терминал Орталық Азиядағы Excellence in Design for Greater Efficiency (EDGE) бағдарламасы бойынша сертификатталған алғашқы әуежай болмақ.
Халықаралық азаматтық авиация ұйымының ұсыныстарына сәйкес құрлыста жоғары сапалы оқшаулағыш материалдар, суды үнемдейтін жабдықтар арқылы ресурс тиімділігі тұрғысынан EDGE стандарттарын қолданудың озық халықаралық тәжірибесі және парниктік газдар шығарындыларын, шуды, жарықты, қалдықтарды және ауаның ластануын азайту бойынша озық тәжірибелер қолданылып жатыр.
Инвесторлардың айтуынша, әуежай модернизациясы елдің орнықты экономикалық өсіміне және халықаралық транспорттық-логистикалық инфрақұрылымның дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар 1000-нан астам жаңа жұмыс орындарын ашады.
Жалпы, ЕАДБ Еуразиялық кеңістікте Қазақстанға ерекше назар салып отыр және 2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізге 1,2 млрд доллар инвестиция салды. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 5 есе көп. Банк өнеркәсіп, азық-түлік, транспорт, ЖЭК және қаржы секторында жобаларды жүзеге асырды. Биыл 1,1 млрд доллардан кем емес қаржы бөлуге ниетті. Алматы ЖЭС-3 модернизациясы, Түркістан облысында бу-газ қондырғысы базасында электр стансасын салу, Жамбыл және Қостанай облыстарында жел электр стансаларын салу қарастырылуда. Жалпы, даму институты 2022-2026 жылдар аралығында елімізге 3,8 млрд доллар құюды жоспарлаған және соның үштен бірі қазірдің өзінде атқарылды.
«ЕАДБ жұмысын бастағалы бері Қазақстанда 5 млрд доллардан астам сомаға 97 жобаны қаржыландырды. Инвестиция энергетика, агроөнеркәсіп кешені, өнеркәсіп, әлеуметтік сала және инфрақұрылым сияқты салаларға бағытталды. Біз өзіміз қатысқан жобалармен мақтанамыз, олар – БАКАД, «Сарыарқа» магистралды газ құбыры, Ақтөбе ЖЭС-і, Түркістан әуежайы, Алматы әуежайы, күн электр стансаларының құрылысы және Атырау көшелерін жарықтандыру желісі», деп атап өтеді ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузов.
Пресс-тур аясында 3 жыл бұрын пайдалануға берілген Түркістан халықаралық әуежайы да таныстырылды. Техникалық директордың орынбасары Бақтияр Атажановтың айтуынша, әуежай биыл 400 мың жолаушыны қабылдауды жоспарлап отыр. Былтыр көрсеткіш 371 мың адам болған. Жобаны ЕАДБ және түркиялық YDA Group қаржыландырған. Барлық ғимараты мен инфрақұрылымын қоса алғанда жоба құрылысы 11 ай бойы жүрген. Қазіргі уақытта әуежайда жүк тасымалын жаңғырту мәселесі қарастырылып жатыр.