Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Мемлекет басшысы осы мақсатпен өз жанынан құрған консультативтік-кеңесші орган – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде және оның қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастыру міндеті жүктелген, әрі құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтайда халықты толғандырып жүрген талай көкейкесті мәселе оң шешімін тапты.
Ең бастысы – көп жыл бойы алыпқашпа сөздерге арқау болып, халықтың алаңдаушылығын туғызып келген кең-байтақ жерімізге қатысты түпкілікті шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, 2021 жылы 13 мамырда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң арқылы Жер кодексі 24-бабының 1-тармағы «Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары, халықаралық ұйымдар, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар, сондай-ақ қандастар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік немесе жер пайдалану құқығымен иелене алмайды» деген үшінші бөлікпен толықтырылды. Осылайша ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен заңды тұлғаларға сатуға және жалға беруге біржола тыйым салынды.
Бұған қоса, өткен жылғы 5 маусымда болған республикалық референдумда қабылданған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес Ата заңның 6-бабының 3-тармағы «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деген жаңа редакцияда жазылды. Бұл осыған дейін мемлекет меншігінде болған барлық табиғи байлық халық меншігіне берілді, енді оны қалай пайдалануды мемлекет халықпен ақылдасып, әрі халықтың игілігіне шешеді деген сөз. Президент осы бағыттағы алғашқы маңызды қадам туралы былтырғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында жариялады.
«Біз Ата заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы шотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын шоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан жүзеге асыра бастауды тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қаржы министрлігінің мәліметіне қарағанда, Ұлттық қордан балаларға жыл сайын бөлінетін қаражат әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда біршама тәжірибе жинақтаған «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамында сақталмақшы. Онда әрбір балаға ашылатын шотқа келесі жылдың басында 150 АҚШ доллары мөлшеріндегі алғашқы төлемді аудару жоспарланып отыр. Оның сомасы бала 18 жасқа толғанда шамамен 3500 АҚШ долларына жетуге тиіс. Осы игі бастама отандастарымыздың еліміз тәуелсіздік алған жылдары туындап, кейін жаппай жемқорлық құрбанына айналған «Қазақстандай табиғи ресурстарға бай елде Қатар мемлекетіндегіден төмен өмір сүрмейтін жағдайға жету» туралы арманының жүзеге асуының басы болғай деп тілейміз.
Мемлекет басшысы ондаған мың гектар құнарлы жерді «ебін тауып» иемденіп алса да, оны толық игермей, «шөп қорыған иттің» кебін киіп отырған латифундистер мен жемқор шенеуніктермен жең ұшынан жалғасып, ауылдық елді мекендердің маңындағы жерлерді де өздерінің пайдалануына алған озбыр кәсіпкерлердің кесірінен егістік жер және жайылым мен шабындық таба алмай тығырыққа тірелген қарапайым шаруалар мен қосалқы шаруашылық ұстайтын ауыл тұрғындарының жанайқайларына құлақ асып, осы көкейкесті мәселені шешуге тікелей ұйытқы болды. Нәтижесінде, өткен жылы мемлекетке 5,2 миллион гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Бұған Президент 2022 жылы 9 тамызда жер қатынастары саласындағы тексерулерге мораторийді алып тастағаны қолайлы мүмкіндік туғызды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы жылдың соңына дейін қосымша 5 миллион гектар игерілмеген жерді қайтару жұмысына кірісті. Өйткені жайылымдық жерлер, әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында әлі де жетіспейді.
Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген сөзінің маңызы зор. Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдары білім беру саласына жете мән берілмей, мұғалім беделі түсіп кеткені белгілі. Осыған орай, Президент 2019 жылғы 27 желтоқсанда алғаш рет қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойып, ұлы ақын өсиетіне сай түбегейлі өзгерістерге жол ашылды. Мектеп мұғалімдерінің жалақысы еселеп арттырылып, ұстаздық қалада да, ауылда да ең беделді мамандықтың біріне айналып отыр. Дегенмен ұзақ жылдар бойы мектептегі оқу үлгерімі орташа болған түлектердің көбі мұғалім мамандығы бойынша оқуға түскенін, бұл үрдіс енді ғана өзгеріп, ұстаздық білімді жастардың таңдауына айнала бастағанын ескерсек, білім беру сапасын арттыру үдерісі біраз уақытқа созылатыны анық. Әйтеуір, сең орнынан қозғалғаны сөзсіз.
Бұған қоса, жоғары оқу орындарында сабақ беретін оқытушылардың жалақысы өсірілді. Студенттер мен докторанттардың стипендиясы көбейтілді. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға білім беру үшін бөлінетін қаржы екі есе ұлғайтылды. Былтыр алғаш рет көпбалалы, мүгедектігі бар бала өсіріп отырған және толық емес отбасылардың балаларына 5 мыңнан астам білім гранты берілді. Осы ретте Президент «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінде Қызылорда облысының Сексеуіл кентінде мектепке пойыздар ерсілі-қарсылы ағылған теміржолдың үстімен барып, бастарын бәйгеге тігіп жүрген оқушылар туралы жазылған сыни мақалаға бірден ден қойып, өңір басшылығына аталған елді мекенде жаңа мектеп салуды тапсырғаны да ойға оралады.
Президент қоғамда жиі көтеріліп жүрген стратегиялық маңызы бар көші-қон саясатына да ерекше көңіл бөліп отыр. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған азаматтарға берілетін субсидия мөлшері екі есе ұлғайтылғандығы – соның айғағы. Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысында қоныс аударушылардың мұқтаждықтарына жергілікті билік тарапынан жете көңіл бөлінбеуіне қатысты «Казахстанская правда» республикалық газетінде жарияланған сыни мақалаға орай кешенді тексеріс жүргізіп, нәтижесінде өрескел кемшіліктерге жол берілген екі ауданның әкімдері қызметтерінен босатылғаны да жадымызда.
Жұртшылықтың ел өмірін демократияландыру хақындағы сындарлы ұсыныс-пікірлері де ескеріліп, тиісті шешімдер қабылданды. Соның ішінде ауыл әкімдерін сайлау жүйесі енгізілгендігінің, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына мажоритарлық жүйе, яғни бір мандатты округтер бойынша сайлау жүйесі қайтарылғандығының, сондай-ақ биыл аудан және облыстық маңыздағы қалалар әкімдерін сайлау басталатындығының маңызы айрықша. VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Президенттің: «Сайлау науқаны кезінде көптеген орынды сын, байыпты ұсыныс айтылды. Біз айтылған салмақты ұсыныстарды міндетті түрде зерделейміз... Бірақ өзгерістер мұнымен бітпейді. Бұл ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет», деп қадай айтқан сөзі елімізді демократияландыру дәйекті жалғасын табатындығын білдіреді. Пайымдап қарасақ, Қазақстан қазіргі алмағайып заманда түбегейлі саяси реформалар жүргізіп отырған Орталық Азиядағы бірден-бір мемлекет екендігі көңілге үлкен үміт ұялатады.
Мемлекет басшысы биылғы 19 сәуірде болған еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату айрықша маңызды. Әрбір аймақтың өз ерекшелігі және «әлсіз тұстары» бар. Өкінішке қарай, әкімдер соны біле тұра, алдағы қиындықтарды уақтылы бағамдай алмайды. Жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қашады. Жаңа жылдан бері Президент Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауында 811 адам болды. Соның 730-ын кестеден тыс, яғни табан астында жедел түрде қабылдауға тура келді. Олардың арасында барлық аймақтың тұрғындары бар. Президенттің атына жазылған арыз-шағымдардың саны үш жылда екі есе өсті», деді. Қасым-Жомарт Тоқаев келтірген деректер, бір жағынан, еліміздегі саяси және экономикалық реформалар өңірлерде әртүрлі кедергілерге тап болып отырғанын көрсетсе, екінші жағынан, халықтың өзі сайлаған Президентіне деген сенімі арта түскендігін айғақтайды.
Түйіндей айтсақ, Әділетті мемлекет орнату – халық үніне құлақ асатын мемлекет орнату. Өйткені «халық айтса, қалт айтпайды».
Кәрібай МҰСЫРМАН,
«Egemen Qazaqstan»