Халық • 24 Мамыр, 2023

Халық қалауы – әділдік

273 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 2 қыркүйекте жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады» деп мемлекеттің ішкі саясатындағы өзінің басты ұстанымын мәлімдеді.

Халық қалауы –  әділдік

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Мемлекет басшысы осы мақсатпен өз жанынан құрған консультативтік-кеңесші орган – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде және оның қызметін жал­пы­халықтық деңгейде жалғастыру мін­де­ті жүктелген, әрі құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтайда халықты тол­ғандырып жүрген талай көкейкесті мәсе­ле оң шешімін тапты.

Ең бастысы – көп жыл бойы алып­қаш­па сөздерге арқау болып, халықтың алаңдаушылығын туғызып келген кең-байтақ жерімізге қатысты түпкілікті шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, 2021 жылы 13 мамырда қабылданған «Қазақстан Республикасының кей­бір заң­н­амалық актілеріне жер қаты­нас­тары мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң арқылы Жер кодексі 24-бабы­ның 1-тармағы «Шетелдіктер, аза­мат­ты­ғы жоқ адамдар, шетелдік заң­ды тұлғалар, шетелдік қатысуы бар Қа­зақстан Республикасының заңды тұл­ға­лары, халықаралық ұйымдар, халық­аралық қатысуы бар ғылыми орта­лықтар, сондай-ақ қандастар ауыл шар­уа­шылығы мақсатындағы жер учас­ке­­лерін жеке меншік немесе жер пайдалану құқығымен иелене алмайды» деген үшінші бөлікпен толықтырылды. Осы­лай­ша ауыл шаруашылығы жерлерін ше­телдік азаматтар мен заңды тұлғаларға са­туға және жалға беруге біржола ты­йым салынды.

Бұған қоса, өткен жылғы 5 маусымда болған республикалық референ­думда қа­былданған «Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Конституциясына өзгерістер мен т­о­лықтырулар енгізу туралы» Заңға сәй­кес Ата заңның 6-бабының 3-тармағы «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деген жаңа редакцияда жазылды. Бұл осыған дейін мемлекет меншігінде болған барлық табиғи байлық халық меншігіне берілді, енді оны қалай пайдалануды мемлекет халықпен ақылдасып, әрі халықтың игілігіне шешеді деген сөз. Президент осы бағыттағы алғашқы маңызды қа­дам тура­лы былтырғы 1 қыркүйектегі «Әділет­ті мемлекет. Біртұтас ұлт. Бере­ке­лі қоғам» Жолдауында жариялады.

«Біз Ата заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген бас­ты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқа­уы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жат­қан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жария­лаған Бала­лар жылының аясында «Ұлт­­тық қор – балаларға» атты мүл­де жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте ма­ңызды деп санаймын. Ұлттық қор­дың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы шотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын шоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуы­на жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан жүзеге асыра бастауды тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қаржы министрлігінің мәліметіне қарағанда, Ұлттық қордан балаларға жыл сайын бөлінетін қаражат әлеуметтік жо­баларды жүзеге асыруда біршама тә­жірибе жинақтаған «Бірыңғай жи­нақ­таушы зейнетақы қоры» акцио­нерлік қоғамында сақталмақшы. Онда әрбір балаға ашылатын шотқа келесі жылдың басында 150 АҚШ доллары мөлшеріндегі алғашқы төлемді аудару жоспарланып отыр. Оның сомасы бала 18 жасқа толғанда шамамен 3500 АҚШ дол­ларына жетуге тиіс. Осы игі бастама  отандастарымыздың еліміз тәуелсіздік алған жылдары туындап, кейін жаппай жемқорлық құрбанына айналған «Қазақстандай табиғи ресурстарға бай елде Қатар мемлекетіндегіден төмен өмір сүрмейтін жағдайға жету» туралы арманының жүзеге асуының басы болғай деп тілейміз.

Мемлекет басшысы ондаған мың гектар құнарлы жерді «ебін тауып» иемденіп алса да, оны толық игермей, «шөп қорыған иттің» кебін киіп отырған латифундистер мен жемқор шенеуніктермен жең ұшынан жалғасып, ауылдық елді мекендердің маңындағы жерлерді де өздерінің пайдалануына алған озбыр кәсіпкерлердің кесірінен егістік жер және жайылым мен ша­бын­­дық таба алмай тығырыққа тірел­ген қарапайым шаруалар мен қосалқы шаруа­шылық ұстайтын ауыл тұрғын­да­рының жанайқайларына құлақ асып, осы көкейкесті мәселені шешуге тікелей ұйытқы болды. Нәтижесінде, өткен жылы мемлекетке 5,2 миллион гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Бұған Президент 2022 жылы 9 тамызда жер қатынастары саласындағы тексерулерге мораторийді алып тастағаны қолайлы мүмкіндік туғызды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы жылдың соңына дейін қосымша 5 миллион гектар иге­ріл­ме­ген жерді қайтару жұмысына кірісті. Өйткені жайылымдық жерлер, әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында әлі де жетіспейді.

Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаш­тың баласы бас қосса, төр – мұ­ға­лім­­дікі» деген сөзінің маңызы зор. Өкі­ніш­ке қарай, тәуелсіздік жылдары бі­лім беру саласына жете мән берілмей, мұғалім беделі түсіп кеткені белгілі. Осыған орай, Президент 2019 жылғы 27 желтоқсанда алғаш рет қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойып, ұлы ақын өсиетіне сай түбегейлі өзгерістерге жол ашылды. Мектеп мұға­лім­дерінің жалақысы еселеп арттырылып, ұстаздық қалада да, ауылда да ең беделді мамандықтың біріне айналып отыр. Дегенмен ұзақ жылдар бойы мектептегі оқу үлгерімі орташа болған түлектердің көбі мұғалім мамандығы бойынша оқуға түскенін, бұл үрдіс енді ғана өзгеріп, ұстаздық бі­лімді жастардың таңдауына айнала бас­тағанын ескерсек, білім беру сапасын арттыру үдерісі біраз уақытқа созылатыны анық. Әйтеуір, сең орнынан қозғалғаны сөзсіз.

Бұған қоса, жоғары оқу орындарында сабақ беретін оқытушылардың жа­ла­қысы өсірілді. Студенттер мен док­торант­тардың стипендиясы көбей­тіл­ді. Ерекше күтімді қажет ететін бала­лар­ға білім беру үшін бөлінетін қаржы екі есе ұлғайтылды. Былтыр алғаш рет көпбалалы, мүгедектігі бар бала өсіріп отырған және толық емес отбасылардың балаларына 5 мыңнан астам білім гранты берілді. Осы ретте Президент «Egemen Qazaqstan» республикалық газе­тінде Қызылорда облысының Сексеуіл кентінде мектепке пойыздар ерсілі-қарсылы ағылған теміржолдың үс­тімен барып, бастарын бәйгеге тігіп жүр­ген оқушылар туралы жазылған сыни ма­қалаға бірден ден қойып, өңір бас­шы­лы­ғына аталған елді мекенде жаңа мектеп салуды тап­сыр­ға­ны да ойға оралады.

Президент қоғамда жиі көтеріліп жүрген стратегиялық маңызы бар көші-қон саясатына да ерекше көңіл бөліп отыр. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған азаматтарға берілетін субсидия мөлшері екі есе ұлғайтылғандығы – соның айғағы. Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысында қоныс аударушылардың мұқтаждықтарына жергілікті билік тарапынан жете көңіл бөлінбеуіне қатысты «Казахстанская правда» республикалық газетінде жа­рия­­лан­ған сыни мақалаға орай ке­шенді тексеріс жүргізіп, нәтижесінде өрескел кем­ші­ліктерге жол берілген екі ауданның әкімдері қызметтерінен босатылғаны да жадымызда.

Жұртшылықтың ел өмірін демо­кратия­ландыру хақындағы сындарлы ұсыныс-пікірлері де ескеріліп, тиісті шешім­дер қабылданды. Соның ішінде ауыл әкімдерін сайлау жүйесі енгі­зіл­гендігінің, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына мажоритарлық жүйе, яғни бір мандатты округтер бойынша сайлау жүйесі қайтарылғандығының, сондай-ақ биыл аудан және облыстық маңыз­­да­ғы қалалар әкімдерін сайлау бас­талатындығының маңызы айрық­ша. VIII шақырылымдағы Парла­мент­­тің бірінші сессиясының ашылуын­да Президенттің: «Сайлау науқаны кезінде көптеген орынды сын, байып­ты ұсыныс айтылды. Біз айтылған сал­мақ­ты ұсыныстарды міндетті түрде зер­де­лейміз... Бірақ өзгерістер мұнымен бітпейді. Бұл ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құры­лымды жетілдіру қажет», деп қадай айт­қан сөзі елімізді демократияландыру дәйекті жалғасын табатындығын біл­ді­реді. Пайымдап қарасақ, Қазақстан  қазіргі алмағайып заманда түбегейлі саяси реформалар жүргізіп отырған Ор­та­лық Азиядағы бірден-бір мемлекет екендігі көңілге үлкен үміт ұялатады.

Мемлекет басшысы биылғы 19 сәуір­де болған еліміздің әлеуметтік-эко­но­микалық даму мәселелері жөнін­дегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сө­зінде: «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» болу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату айрықша маңызды. Әрбір аймақтың өз ерекшелігі және «әлсіз тұстары» бар. Өкінішке қарай, әкімдер соны біле тұра, алдағы қиындықтарды уақтылы бағамдай алмайды. Жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қа­ша­ды. Жаңа жылдан бері Президент Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауында 811 адам болды. Соның 730-ын кестеден тыс, яғни табан астында жедел түрде қабылдауға тура келді. Олардың арасын­да барлық аймақтың тұрғындары бар. Президенттің атына жазылған арыз-шағымдардың саны үш жылда екі есе өсті», деді. Қасым-Жомарт Тоқаев кел­тір­ген деректер, бір жағынан, еліміз­дегі саяси және экономикалық рефор­малар өңірлерде әртүрлі кедер­гілерге тап болып отырғанын көрсетсе, екінші жағынан, халықтың өзі сайлаған Пре­зи­дентіне деген сенімі арта түскен­дігін айғақтайды.

Түйіндей айтсақ, Әділетті мемлекет орнату – халық үніне құлақ асатын мемлекет орнату. Өйткені «халық айтса, қалт айтпайды».

 

Кәрібай МҰСЫРМАН,

«Egemen Qazaqstan»