Заң • 24 Мамыр, 2023

Заң көмегі кімдерге арналған?

406 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әділет министрлігінде Парламент Мәжілісі Заң­нама және сот-құқық­тық реформа коми­тетінің «Адвокаттар мен заң кеңесшілерінің білікті заң көмегін көрсетуі» тақырыбында көшпелі отырысы өтті.

Заң көмегі кімдерге арналған?

Дөңгелек үстелге Мәжіліс депутаттары, Әділет, Ішкі істер, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің, Бас прокуратура және ҰҚК өкілдері, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы, заң консультанттары палаталары қауымдастықтарының, Республикалық нотариаттық палатаның, республикалық жеке сот орындаушылары палатасының, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысты.

Іс-шара басында мамандар заң көмегін көрсету саласын жетілдіру және оны автоматтандыру бойынша жұмысты жалғастыру мәсе­лелерін талқылады. Жиын­ды Заңнама және сот-құқық­тық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева ашып, Әділет министрі Азамат Есқараев кіріспе сөз сөйледі. Мемлекет басшысы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында заң қызметтерін көрсетуге ерекше назар аударуды тапсырғанын атап өткен министр: «Заң көмегін көрсету саласындағы өзекті мәселелерді талқылау бо­йынша көшпелі кеңес өткізу  уақтылы және өзекті. Бүгінгі отырыс барысында айтыл­ған ұсыныстарды іске асыру жөніндегі нақты шаралар комитеттің ұсынымдарын­да көрсетілетін болады. Келешекте біз оларды осы саладағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыс шеңберінде ескереміз», деді.

Бүгінгі таңда республика бо­йынша 5 891 адвокат және 13 010 заң кеңесшісі заң көме­гін көрсетуде. «2022 жыл­ғы 20 маусымнан бастап «Адво­каттық қызмет және заң кө­мегі туралы» заңға тегін заң кө­мегіне кепілдік берілген адам­дар тобын кеңейтетін өзгеріс­тер енгізілді. Енді аз қам­тылған және көпбалалы отбасылар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары, азаптау құрбандары, 1 және 2-санаттағы мүгедектер, зейнеткерлер тегін көмек ала алады», деді Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков.

Әділет вице-министрінің айтуынша, осы өзгерістерден кейін мемлекет кепілдігі арқа­сында заң көмегін алған азаматтар саны артқан. Мысалы, 2021 жылы заң тұрғысындағы көмек 122 337 азаматқа берілсе, 2022 жылы 169 495 азаматқа көрсетілді.

Дегенмен, вице-министр еліміздің кейбір өңірлерінде мемлекет тарапынан берілген кепілдік туралы көп адам есті­мегенін, яғни халыққа тү­сіндіру жұмыстары кемшін болып жатқанын атап өтті. «Бұл ретте жекелеген субъектілерден құқықтық ақпарат алу және заң көмегін алу құқығы бойынша сұрақтар туындайды. Атап айтқанда, Ақмола облысында бар болғаны 846 азаматқа заңгерлік кеңес берілсе, салыстырмалы түрде осындай халық саны бар Батыс Қазақстан облысында 3 мыңнан астам азаматқа заңгерлік кеңес берілген. Әкімшілік істер бойынша да жағдай осындай, Шымкентте бар болғаны 120 азаматқа көмек көрсетілсе, (2023 жылы – 3), Алматыда 1 800-ге жуық азамат (2023 жылы – 519) көмек алған. Осыған байланыс­ты құқық қорғау жән­е мемлекеттік органдар, адво­каттар алқалары мен сот орган­дарына халық арасында заң кө­мегін алу мүмкіндігі туралы тү­сіндіру жұмыстарын күшей­ту қажет деп санаймыз», деді ол.

Отырыста қатысушылар заң көмегін көрсету жүйесін одан әрі жетілдіру, «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйесін дамыту, сондай-ақ депутаттардың ұсынымдарында көрсетілетін адво­каттар мен заң консуль­тант­тарына сағаттық мөл­шер­леме бойынша уақытты ық­шамдау жолымен заң көмегін көр­сеткені үшін төлемді ұлғайту мәселесі бойынша түзетулер енгізу жөнінде ұсыныстар айтты.