Шарайна
АҚШ президенті Барак Обама неміс канцлері Ангела Меркельмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл екіжақты қарым-қатынасқа сызат түсірген шпиондық жанжал басталғаннан бергі екі саясаткердің арасындағы алғашқы байланыс болып отыр.
Обама Меркельге америкалық және неміс барлауындағы ынтымақтастықты тереңдету бойынша жаңа жол іздеу ниеті бар екенін білдірді. Бұдан бөлек, екі мемлекет көшбасшылары Украинадағы жанжал мен Иранның ядролық бағдарламасына қатысты әңгіме өрбітті. Айта кететін болсақ, соңғы кездері Германияда АҚШ-тың арнайы қызметімен ынтымақтастық орнатқан деген екі жансыздың әрекеті әшкерленген еді.
Юнкердің кандидатурасын қолдады
Еуропарламент Люксембургтің бұрынғы премьер-министрі Жан-Клод Юнкердің кандидатурасын Еурокомиссия басшысы лауазымына қолдау білдірді. Еуродепутаттардың 422-сі оны қолдап дауыс берсе, 250-і қарсылық танытқан, ал 47-сі қалыс қалған.
59 жастағы Юнкер Еуропарламентте дауыс беруден кейін осындай лауазым алған Еурокомиссияның алғашқы басшысы болып табылады. Оның алдындағы кандидатуралардың барлығы ЕО-ға мүше елдер басшыларының саммитінде келісіліп келген еді. Алайда, Юнкерге қатысты консенсусқа қол жеткізу мүмкін болмады: оның тағайындалуына Ұлыбритания мен Венгрия қарсы шықты. Бірақ көпшілік дауыспен ол аталған лауазымға тағайындалатын болды.
Газада тыныштық орнар емес
Мысырдың бастамашылығымен Израиль үкіметі екіжақты атысты тоқтату ниеті бар екенін білдіргенімен, бұл бастаманы ХАМАС тобының қолдамағаны бұған дейін хабарланған болатын. Сөйтіп, бұрнағы түнде Израиль әскерилері Газадағы жер үсті операцияларын қайта жалғастырды.
Осының алдында, яғни 15 шілде күні Газа секторынан жіберілген зымыран жарылуы салдарынан бір израильдік бейбіт тұрғын қаза тапқан-тын. Ол бір аптадан астам уақытқа созылған екіжақты текетірес кезінде Израиль тарапынан көз жұмған алғашқы құрбандық болып табылады. Жалпы, Палестинаның шекарасы 1967 жылғы көлемде қалпына келтірілмей, Палестина жағы күресін тоқтатпайтыны айтпаса да түсінікті. Бірақ әлемдік қоғамдастықтың бұл ұсынысын Израиль әзірше жүре тыңдап келеді.
Барлау орталығын өзіне қайтарады
Ресей мен Куба Лурдестегі радиоэлектрлік барлау орталығын Ресейдің қолдануына қайтаруға қатысты нақты уағдаластыққа қол жеткізді. Ресей басшылығы одан 2001 жылы бас тартқан болатын. Себеп орталықты ұстап тұруға қаржының жоқтығы және АҚШ-пен арадағы қарым-қатынасты жақсартуға деген ұмтылыс болатын.
Аталған орталық АҚШ жағалауларынан бар-жоғы 250 шақырым қашықтықта орналасқан және бұл елдің үлкен аумағындағы радио және телефон байланысын бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Лурдесті Ресейге қайтару туралы келіссөздер бірнеше жылға созылды және Ресей үшін табысты аяқталды. 1990-жылдары, яғни Кеңес Одағы кезінде онда 3 мыңға дейін маман орналасқан екен. Ресей оны қысқартып, орталықта 1,5 мың маман ұстамақ.
МҚК қызметінің салдары қандай?
Латвияның үкіметтік комиссиясы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі салдарынан келген залалды есептеп шығармақ. Комиссияның алғашқы отырысы бұрнағы күні өтсе, оған Ұлттық тарихи мұрағаттың, Латвия университеті тарих және философия факультетінің, Тарих және отарлау мұражайы институтының мамандары қатысқан.
Комиссия құрамында барлығы 20 адам жұмыс істейтін болады. 2014 жылдың мамырында Латвия парламенті тарихшылар МҚК-нің қызметіне ғылыми бағам беруі тиіс қаулы қабылдаған екен. Сөйтіп, КСРО-ның арнайы қызметтері Латвияға қаншалықты зардап әкелгені есептеп шығарылмақ. Осы көктемде МҚК мұрағаттарының құпиялық мерзімі аяқталыпты. Енді барлық құжаттар ашық түрде жариялана алады. Комиссия жұмысын 2018 жылдың 17 маусымында аяқтауы тиіс.
Қайта қарау керек дейді
Мемлекеттік думаға Ресей либерал-демократиялық партиясынан депутат Михаил Дегтярев жаңа заң жобасын дайындапты. Ол бойынша Ресейдің ресми туы қайтадан империялық ту, яғни қара-сары-ақ түсті штандарт болуы шарт.
Аталған саясаткер-сымақтың пікірінше, Қырымның Ресейге қосылуы, Кеден одағының құрылуы және елде патриотизмнің өсуі Ресей империясының даңқты өткенін қаперге салатын мемлекеттік нышандарда көрініс табуы тиіс. Бүйректен сирақ шығармаса жүре алмайтын РЛД партиясының өкілі Ресейдің империялық туының құрамына Қырым түбегі
Қысқа қайырып айтқанда:
Бұрнағы күні ертеңгісін болған Мәскеу метросындағы апат салдарынан қаза тапқандар саны 22 адамға жетті. Жараланып, ауруханаға түскендердің 40-ы жансақтау бөлімдерінде жатыр екен. Оқиғаға кінәлі деп табылған екі күдікті ұсталыпты. Осы оқиғаға байланысты Ресей үкіметінің шешімімен 16 шілде қаралы күн деп жарияланды.
Филиппинде жылдамдығы сағатына 185 шақырымға жеткен қатты дауыл соқты. Ол ағаштарды түп-тамырымен құлатып, электр желілерін істен шығарды. Табиғат апатының салдары да айтарлықтай ауыр – алдын ала дерек бойынша 10 адам қаза тапты делініп отыр. Ауыл шаруашылығы саласына келген залал есептеліп жатыр.
Ресей әскерилері ұшқышсыз ұшатын аппараттарды (ҰҰА) сынақтан өткізуді бастады. Бұл үрдіс Армения аумағындағы Оңтүстік әскери округінің (ОӘО) базасындағы кең ауқымды тактикалық жаттығулар кезінде жүзеге асырылуда. Ресей әскерилері ҰҰА-ны Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы шеңберінде қолдануда.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.