Абай • 24 Мамыр, 2023

Аниматорлар көзімен

395 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай – дана, Абай – ұлт руханиятының ұстыны. Хакім есімі Еуропа құрлығында тағы бір жаңғыра түсті.

Аниматорлар көзімен

Парижде халқымыздың ұлы ақыны Абай шығар­масына арналған анима­циялық бейнебаян жарыққа шықты. Қазақстандық До­миника Қыдырбаева бас­та­ған 12 аниматор 8 ай бойы Абайдың «Желсіз түн­де жа­рық ай» әніне ани­ма­ция­лық бейнебаян түсірді.

Әннің мультипли­ка­циялық нұсқасымен жұмыс істеген Еуропадағы бас анимация орталығының тү­лек­тері үшін, бұл – ал­ғашқы ауқымды жоба.

Анимация жобасының мүшесі Ноеми Бонт аталған фильм туралы ойын жет­кізді.

– Дайындық кезеңі ұзақ болды, бірақ өндірістің өзі, фильм түсіру үдерісі, декор, ани­мациялар салу кезінде уа­қыт зыр етіп өте шықты. Се­­бе­бі, өте қар­қынды, қы­зық­ты үдеріс болды, – де­ді ол.

– Бұрын мен Абай туралы мардымды ешнәрсе біл­ген жоқпын. Алайда осы жобаның арқасында қазақ мәдениетімен жа­қын таныс­тым. Бұл идеяны меценат Лариса Инд­жуд­жян қолдап, жобаға Қазақстаннан кәсіби музы­канттарды шақырды. 1,5 ғасырға жуық тарихы бар ән бейнебаянда қазақ тілінде шырқалды. Алайда жоба мамандары үшін фран­цуз тіліне авторлық аудар­ма да жасалды, – деді анимация жобасының мүшесі Клоэ Бенами.

Жоба арқылы ұлы ақын­­ға деген махаббат ұл­­ғайып, шетел тұрғын­дары ұлтымыздың мәде­ние­тін жа­­қыннан тануға ықы­лас­тары оянған.

Отандық музыкант Ға­зиза Ғабдрахимова жоба туралы: «Мен өзім қазақ­тың ұлттық өнерін насихаттайтын музыкант болғандықтан, жобаға қатысқаныма өте қуаныштымын. Бұл қызықты жұмыс. Өйткені Абайдың шығармашылығы, оның әндері, мәдениетіміз басқа елдерде, шетелде насихатталуда. Қазақстан елшілігінде өткен тұсаукесерде туынды жиылған жұрттың көңілінен шықты», – деді.

Сонымен қатар бейне­баянның рухани қыр-сырын ашуға шетелдік ақындар да өз үлесін қосқан.

– Мәдениет – бұл ұлт­тарды біріктіруші көпір. Ал поэзия – халықтың жаны, және оның құндылықтарын өзге тілде жеткізу ерекше құ­­былыс. Қазақ-фран­цуз командасы сәтті шық­қан туы­ндыдан кейін, бірік­кен жо­­балар жасауды алдағы уа­қытта тағы да жалғас­тыр­мақ ниетте, – деді ақын Таура Табатабай – Верне.