«Жығылғанға жұдырық» дегендей, тілсіз жаудың тізгін бермей кетуіне желдің қатты екпін алуы да себепкер болуда. Нақты айтқанда, алапат өрт Бородулиха ауданының Ауыл стансасынан 7 шақырым қашықтықта орналасқан «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватының аумағына да ауыз салғанынан жағдайдың күрделеніп бара жатқаны байқалады.
«Өрт жалмаған аумақ 1 500 гектарға дейін жеткені анықталып отыр. Қазіргі уақытта екі учаскеде өртті сөндіру бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Орман өрті екі ошаққа – Ресей Федерациясымен шекараның бойымен шығыс бағытта және шекарадан Бородулиха ауданы Ивановка ауылына қарай бағыт алған.
Қазіргі уақытта өртті сөндіруге Абай облысы ТЖД және Семей қаласының құрылымдық күштерінің, «Семей орман» мемлекеттік табиғи орман резерватының барлық қызметкерлері жұмыла кірісіп жатыр. Дабыл бойынша Бородулиха ауданының полиция бөлімінің жеке құрамы көтерілді. Бірінші минуттардан бастап полицейлер өртті сөндіру кезінде құтқарушыларға көмек көрсетуде. Сондай-ақ жергілікті тұрғындарды құлақтандыру және қарауылдау мақсатында полиция қызметкерлері әкімдік өкілдерімен бірлесіп, өрт аймақтарына жақын орналасқан 3 елді мекенді (Ивановка ауылы, Березовка подхозы, Березовка санаторийі) тынбай аралау үстінде» деп хабарлайды Абай облыстық полиция департаменті.
Жалын шарпыған аймақта құрылған жедел штаб жиыны өткізіліп, оған Абай облысы ТЖД бастығы М.Шапағатов, Абай облысы әкімінің орынбасары Д.Гариков, аудан прокуроры Е.Баденбаев, Абай облысы полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Б.Сұлтан, Бородулиха ауданының полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Р.Үйсенов, тағы да басқа ресми лауазымды басшылар қатысып, нақты шешімдер қабылдады.
Орман өртін сөндіруге 90 бірлік техника және 400-ден астам адам жұмылдырылған. 50 бірлік техника және «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының 150-ден аса маманы, бір тікұшақ және ТЖМ-ның 100-ден аса қызметкері, бір өрт пойызы және ҚТЖ-ның 10 қызметкері, жергілікті атқарушы орган 4 бірлік техника мен 4 маман аттандырса, «Қазавиақорғау» экипажының 6 адамы және 1 тікұшақ көмекке келді. Бородулиха ауданының полиция бөлімінің 45 қызметкері және 12 қызметтік автомашина алапат жалынмен айқасуда. 2 тікұшақ жалпы көлемі 150 мың тоннадан асатын су қорын жұмсаған.
Сонымен бірге ТЖМ-ға қарасты «Қазавиақорғау» су төгетін құрылғысы бар Ми-873 және Ми-8 тікұшақтарын да іске қосқанын мәлімдеді.
Қазір Бородулиха ауданының аудан орталығында 3 эвакуациялық пункт жедел ашылып, өрттен зардап шеккен азаматтарды жеткізу үшін ПАЗ маркалы 4 автобус берілді.
Соның нәтижесінде «Бере- зовка» шипажайынан және «Березовка» подхозынан 277 адам эвакуацияланды. «Березовка» шипажайының және «Березовка» подхозының иелері тастап кеткен баспаналарды тоналуына жол бермес үшін Бородулиха ауданының 15 полицейі кезекшілік атқарып жатыр.
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев пен Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков те оқиға орнында жүр. Облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтің айтуынша, үшінші ошақтың жағдайы әлі де күрделі, өрт қатты желдің жоғарғы бөлігіне таралады. Кеше өртті сөндіруге 2 тікұшақ, жеке құрамның 348 адамы және 96 бірлік өртке қарсы техника жұмылдырылды.
«Бүгін бізге Астана, Павлодар, Қарағанды облыстарынан ТЖМ күштері қосымша келіп жатыр, яғни жеке құрамның 130-ға жуық адамы және өртке қарсы 26 техника жіберілді. Енді Қарағанды облысы мен Қорғаныс министрлігінен тағы 2 тікұшақ күтеміз. Бұдан басқа Қорғаныс министрлігінің әлеуеті қосымша тартылатын болады», дейді Д.Гариков.